• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 09 Тамыз, 2019

Сағыныш сазы немесе ұстаз туралы сөз

981 рет
көрсетілді

Қара сөздің хас шебері, сөз зергері, академик Зейнолла Қабдолов айтпақшы: «Мен бұл тақырыпқа кітап жазбақ болып толғанғалы қашан!» Жарықтық, Зекең ұлы Мұхтар Әуезов туралы өзінің роман-эссесін осындай жүрекжарды сөзбен бастап еді-ау...

Ал менікі роман да емес, кітап та емес, өзімді журналистика әлеміне қолымнан жетектеп әкеліп кіргізіп жі­бер­ген ұстазыма деген жүрек лүпілінен туын­даған ілтипат, сағыныш сазы еді. Әйтеуір соның сәті түс­пей, толғағы піс­пей-ақ қойды. Неше сан рет ақ қағазды алдыма жайып, үстел басына отырамын. Неге екенін білмеймін, жүрегім дауаламайды, тұрып кетемін. Былай қарасам бәрі көкірегімде сайрап тұрғандай «Құдай-ау, сонау бозбала шағымнан бастап, есейіп егде тартқанға дейінгі өмірді бір салада бірге өткіздік. Неге мен бұл тақырыпқа бара алмаймын, неге жаза алмаймын, не кедергі?!», – деп өзімді өзім қамшылаған боламын. Бәрібір батылым жетпейді.

Себебін кейін білдім. Ол тура­лы айтар сөздің жауапкершілігі екен қол­ды байлаған. Әсіресе жазу­дағы жауап­кер­ші­ліктің жүгі ауыр. Оны қаламдастар жақсы біледі. Ол да бір ұшып кеткен құс, қайтарып ала алмайсың. Сә­кең, бүкіл қазақ еліне танымал журналист-жа­зушы Сабыржан Шүкірұлы өмірдегі кез келген мәсе­леге осындай өлшеммен, асқан жауапкершілікпен қарай­тын. Амал қанша, ұстаздың сол талабынан шы­ға аламын ба, жоқ па, тәуекел деп бас­тадым.

Бала күнгі көрген көрініс, есті­ген сөз қашан да шынайы, шын­дық болады. Баяғы бір заманда әуелі Пионер, кейін Нұрхан атымен аталатын көне Торғайдың бір көшесінде «Универмаг» деген бір дүкен болды. Бұл сөздің толық ма­ғынасын түсінбесек те, кісі көп жүретін жер бол­ған­дық­тан, мен сияқты бота тірсек боз бала­лар сол маңайды жиі торауылдай­тынбыз. Бір күні аудандық «Жаңа өмір» газетінде осы дүкенді сын тезіне алған «Жалаң аяқ универмаг» деген фельетон жарқ ете қалды. Авторы – Сабыржан Шүкірұлы. Балалық қой «Жалаң аяқ дүкен бола ма екен?» деп күлістік. Ол кезде біз үшін бүкіл әлеуметтік тір­­ші­ліктің тілін тарқататын әдеби-мәдени өмірдің жаршысы тәрізді «Жаңа өмір» газетін «қи­қымын» қал­дыр­май оқитын кезі­міз. Бір топ бала фельетонды талқылап жат­қанбыз. Арамызда біреу: «Әне Шүкіровтің өзі келе жатыр», деме­сі бар ма. Торғайдың күншығыс жақ бетіндегі редак­ция жаққа жалтақ-жалтақ қарастық.

Иә, келе жатыр Шүкіров. Ұзын бойлы, бір жағына қиыс­таң­қырап қозға­ла­тын нарқос­пақтай, аяғын алшаң басқан ақ-сарғыш жүзді, шашының алдың­ғы жағы бұйралана біткен, тана көзі шоқ­тай жайнаған жас жігіт жанымыздан өте берді. Мен ауызымды ашып, аңқиып тұрып қалсам керек. (Өйткені Шүкіровті бірінші көріп тұрғаным ғой). Көз қиығын шүйіріп, біртүрлі жылы жымиыспен қарайтын жанары жалын атып, маған сәл көз тастағандай болды. Бітті. Осы көзқарас мені байлап, матап тастады. Мен бүкіл болмысыммен оған еліктеп кеттім.

Менің 8-10 сыныпта оқып жүр­ген кез­де­гі алғашқы хабар-ошарларымнан бас­тап, «Сақ­ман­шының күнделігі» атты жолжазбам, «Жыртылған жең», «Жыл­қы­шылар», «Армандар же­текшісі» деген очерк, сурет­те­мелерімнің бәрі Сәкеңнің қо­лы­нан өтті. Жалғыз мен емес-ау, осы күнгі көрнекті ақындар Серік Тұрғынбеков, Серікбай Оспанов, марқұм Кеңшілік Мырзабеков, журналист-жа­зушы Қайсар Әлім, ақын Әб­жан Әбілтай, сатира сар­дары Жұматай Сабыржанұлы, журналшы Жақсылық Жүнісов, Әмірхан Әбдулин, Таңатқан Сәтпаев, Ереке Ахатов, тағы басқа менің замандас-қа­лам­­дастарымның дені «Шүкіровтің шекпенінен шықты». Сәкеңнің ақыл-кеңе­сін алды, қолдауын сезінді, жаңа өмір соқпақтарында ол жел жа­ғы­мызда пана, ық жағымызда сая болды.

Баяғыда Бекболат ағам Әдетов екеуі бір бөлмеде отыратын. Оныншы сыныпта оқып жүрген кезім. Бір күні барсам «Жұлдыз» журналында жарияланған Қал­мұ­хан Исабаевтың «Эрика», Қа­лихан Ысқақовтың «Менің қа­рындасым», әлде «Райгүл» ме толық есімде жоқ, бір әңгі­ме­сін талқылап, әжептәуір пікір сайыс­тырып екеуі сөзбен «сем­сер­ле­сіп» отыр. Сәкеңнің бір ғажап болмысы осындайда дәйекті, тиянақты сөздерімен, пайымды терең ой-орамдарымен алды-артыңды орап, тұмшалап тастайтыны бар-ды. Өзі сонысына риза болып сақылдап күл­ген­де көз асты күлгінденіп, жана­ры жайнаң қағып, бір рақат се­зімге бөленгендей болатын. Соны Бекболат ағам Сәкең ту­ралы «Енді оны маған кім айтар...» дейтін естелігінде қ­а­те­сіз түсіріпті. Оқып көрелік: «Қазақта «көшелі адам» дейтін ұғым бар ғой. Жақсы адам дей­тін мағынада айтылады. Жөн білетін, жақсы мен жаманның пар­қын айыра білетін біреуді көрсек «көшелі азамат екен» деп жата­мыз. Міне Сабыржан дәл сондай азаматтардың сойынан болатын» дей келіп Сәкеңнің әлде­біреумен дауласа қалған жағ­дайда қарсыласына тарпа бас салып, оның пікірін қас пен көздің арасында тас-талқан ететін, оны сөзбен буып тырп еткізбей тастайтынын тілге тиек етеді. Біз мұның тала­йына куә болғанбыз.

1970 жылдардың соңғы ши­ре­гі. Біздің бақ талайымыз да, қайғы-қасіретіміз де болған Тор­ғай облысының дәуірлеп тұрған шағы. Облыстық «Торғай таңы» газетінде ылғи бір жас шағынан деңгейлес алды жиырма бес, арты жиырмадағы Жұматай Сабыржанов, Айдос Шөкішев, Серік Жолдыбаев, Сырымбек Кәрімов, Жұмабек Жанділдин, Әбжан Әбілтай, Мақсұтбек Сүлейменов сияқты қала­мы жүйрік жігіттер жұмыс істе­дік. Жарыса жазамыз, жұмысты жа­пы­рып істейміз. Арасында... тәртіп бұзып, талқыға да түсеміз.

Ол кезде Сабыржан Шүкіров «Еге­мен Қазақстанның» Торғай облы­сын­дағы меншікті тілшісі, біздің партия ұйы­мында есепте тұрады. Жаңағыдай мәсе­ле­лерді талқылаған кішігірім жи­на­лыстардың бәріне қатысады. Жұма­тай жаны қысылғанда ашық провокацияға барып Әбжан­ды куәге тартады. Әбжан «күші­гі­нен соңынан ерген» Жұматай ағасының сөзін қимай, өтірік те айта алмай ыңыранып тұрады. Сондайда Сәкең саңқ етіп сөй­леп: «Ақын өтірік айтпайды, шындықтан қайтпайды», – деп Әбжанды тұйықтан алып шығып, Жұматайдың кінәсін жуып-шайып, Серіктің серілігін күлкіге айналдырып, бізді тура келген «ажалдан» құт­қарып алар еді. Сәкең Әбжанның ақын­дығын, Жұматайдың сатирасын жоғары баға­лайтын, ол сөйлегенде, тіп­ті шешімі жоқ нәрсенің өзі түйіні тарқатылып, қатаң жаза жұмсарып қоя беретін. «Ондай беттілік адамның өз ұстанымына деген сенімділігіне ғана емес, ішкі қуатына да, ой қисынымен соны айта білуіне де байланысты» болуынан шығар.

Тағы бір еске алар жайт Са­быр­жан Шүкірұлы мен бел­гі­лі сатирик-этнограф Сейіт Кенжеахметовпен түйдей құрдас болатын. Арқалықта екеуі қаладағы ең сәулетті үйде бірге тұрды. Екі Сәкең де бір-бірімен қатты ойнайды. Бас қосқан жерде сөзбен қағытып айтысады да отырады. Бір күні Сейіт Сабыржанның үйіне телефон соғады. Сәкең телефон тұтқасын көтергенде: «Тың­дап тұрған Шүкіров» деп жауап беретін дағдысы бар-тын. Сонда Сейіт «Жібе­рейін бе құлағыңа түкіріп» дейтін көрінеді. Тағы бірде ағайын­дардың бірі «Қарағым Сейіт, сен осы Сабыржан тұ­ратын үйде тұрасың ғой» дейтін көрінеді. Сонда Кенжеахметов: «Жоқ, ақ­сақал қателесесіз, Сабыржан Сейіт тұ­ратын үйде тұрады» депті. Сейіт ақын, әрі сатирик, сөзге ұшқыр, тез ойлап, тез жауап береді. Бірақ жеме-жемге келгенде Сабыржанның әзілдері салмақтырақ, мазмұндырақ болып келеді екен. Әсіресе Сейіттің «шоферлығы» тура­лы Сабыржан таратқан анекдоттар екеуінің де көзін көрген, қатты сый­ласқан жерлестері Алматов пен Са­уы­тов ақсақалдар арқылы әлі де ел ара­сында айтылып жүр. Құдай ісіне не шара қазір Сабыржан да, Сейіт те өмірден өткен. Арқалықта олар тұрған үйде екеуіне қойылған ескерткіш тақта қатар тұр. Жалпы Сәкең туабітті дегдар­лы­ғы, қисынды сөзбен қиып түсер шешендігімен қатар, ой иірімі терең фило­соф та еді.

Мен саналы түрде Сәкеңнің атқар­ған қызметтерін айтпай отырмын. Оның «Егемен Қазақстанда» қатардағы тілшіден, бас редактордың орынбасары, «Сұхбат» апталығында бас редактор, «Ана тілінде» редактордың орынбасары болғанын, сөйтіп танымдық-тағылымдық тақырыпта тіл мен ділді қорғап қыруар мақала жазғанын көзі­қа­­рақ­ты оқырман жақсы біледі. Қыз­ме­тте тұрған ештеңе жоқ. Мәселе арт­­та қалған рухани мұрада емес пе? Бұл жағынан Сәкеңнің ауыз толтырып айтарлық еңбегі бар. «Тамаша өмір», «Шақшақ Жәнібек», «Нақпа-нақ», «Рухани өріс кернеуі», «О заманда бұ заман» деген кітаптарын жұрт іздеп жүріп оқи­ды. Озық ойдан нәр алып, астарлы сөзден тәлім түзеді.

Мұз-ағаң, Мұзафар Әлімбаев Сәкеңе берген бір қолтаңбасында: «Ел іздейді сөзіңді, осал деме өзіңді», деп жазыпты. Шын да, шынайы баға. Елі іздеген қаламгер қашан да бақытты, қашан да оның еңбегі өміршең, ұрпақ аралап кете береді.

Ақселеу марқұм (Сейдімбеков): «Өз басым Әбіштей біртуар тұлғамен бір кез­де ғұмыр кешіп, қатар жер басып жүргенімді тағдырдың сыйы деп біле­мін», дейді екен. Сол айтқан­дай мен де Сәкеңмен, қазақтың қа­быр­ғалы қаламгері, саясаттың да, эконо­ми­каның да жілігін шағып, өзек майын мәйек ете білетін сұңғыла аналитик, әр сөздің астарына мән беріп, шұрайын шығара қолдана алатын сөз зергері Сабыржан Шүкірұлымен бір топырақта туып, бір ауамен тыныстап, оның қамқорлығында өмір сүргенімді мақтаныш етемін.

Ол тірі болғанда биыл 80-ге келер еді. Амал қанша, тағдыр жібі кемеліне келген дер шағында кенеттен үзілді. Содан бері де бес жылдай уақыт өтіпті. Бәрібір оны сары даласы сағынышпен іздейді. Қанаттас, қабырғалас болған қаламдастары, қалың оқырманы зор ілтипатпен еске алады.

Серік ШАЙМАН,

журналист