Қарт Қаратаудың баурайында, бүгінгі Талас ауданы, Үшарал ауылының орталығында Абдолла ишан мешіті бар. Бұл көне мешіт әлі күнге дейін жергілікті тұрғындардың ғибадат орны болып келеді. Құлшылық үйінің жалпы құрылысы төртбұрышты, ал қабырғасы күйдірілген кесектен өріліп, төбесі көп күмбезді болып жабылған.
Сонымен қатар ғибадат үйінің орталық залы үлкен күмбезді, қалған бөлмелер мен жанындағы үш айван шағындау он бес күмбезді болып келген. Бір кереметі, айванның сыртқы қапталдарының аркалы күмбездер түрінде асқан шеберлікпен өрілгенін көруге болады. Ал негізгі орталық бөлменің оңтүстік-батыс қабырғасында михраб қуысы мен эпиграфиялық мәнерде жазылған жазудың іздері болған. Өкінішке қарай ол жазудың қандай жазу екені бізге белгісіз.
Көне тарихи орындардың өзіндік тылсымы бар. Абдолла ишан мешіті туралы деректер көп болмағанымен, жазба деректерде ғибадат үйін 1945 жылы археолог Г.Пациевичтің зерттегені айтылады. Бүгінде мешіттің үлкен күмбездері шетінен мүжіліп, айванның солтүстік және батыс жақтары қираған. Ескерткіште 1947-2004 жылдар аралығында бірнеше рет мешітті қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілгені жазылған. Ал кейінгі жылдары мешіт қабырғасының жекелеген бөліктері қайта тұрғызылыпты.
Ал Абдолла ишан кім десек, жергілікті көзі ашық, көкірегі ояу тұрғындар Абдолла ишан Саиди 1836 және 1914 жылдар аралығында өмір сүрген тақуа болғанын айтады. Ол жергілікті өңірде діндар Сайтбаттала хазірет отбасында дүниеге келген екен. Алайда 9 жасқа келген Абдолла ишан тағдыр тауқыметіне ұшырап, жетім қалады. Нағашы атасының тәрбиесінде болып, медреседе білім алады. Тіпті ол 1853 жылы генерал В.Перовскийдің әскерінде борышын өтеп, Сырдария жорығына қатысқан делінеді. Кейіннен діни білімін жетілдіру мақсатында Бұхара, Хорезм, Ыстанбұл қалаларында болады. Сонымен қатар ол Бұхарада жүрген кезінде шәкірттерді оқыту мақсатында медресе ашып, жібек өңдеумен айналысқан дейді. Міне, көненің көзі саналған бұл мешіт осы Абдолла ишанның құрметіне салынған екен. Арада талай жыл өтсе де, жұрттың Жаратқанға жалбарынатын қасиетті орыны ретінде өз міндетін атқарып келеді.
Жақсы дүние жас ұрпақтың жақсылыққа насихатшысы болады. Абдолла ишан мешіті бүгінде Жамбыл облысының республикалық дәрежедегі мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енді. Енді болашақта тарихи мешіттің әрбір құндылығын көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманаттау міндеті тұр.
Жамбыл облысы