Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері мен оқушылары тамақтану орындарына арналған жаңа төлем жүйесін жасап шықты. «Pie Pay» бойынша тұтынушы мекеме ұсынған арнайы pау карта арқылы төлем жасай алады.
Жоба жетекшісі – АҚШ-тағы Вирджиния унисерситетінің студенті, Оралдағы зияткерлік мектептің 2018 жылғы түлегі Шымболат Тінәлиев. Талапты өрен оқушы кезінен-ақ көзге түсіп, мектеп бітірген кезде бірден жеті университеттің білім грантын жеңіп алған еді. Оның бесеуі Американың атынан ат үркетін іргелі жоғары оқу орындары болса, алтыншысы – Финляндияның атақты Альта университеті, жетіншісі – Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік университеті. Вирджиния унисерситетін таңдаған Шымболат Америкада оқып жүріп Финляндия, Түркияда білім алып жатқан мектеп түлектері мен оқушылардың басын қосыпты.
– Шет елде Зияткерлік мектеп түлектері, жалпы қазақстандық жастар маған көп көмектесті. Біздің шетелде жинақтаған тәжірибеміз бен елдегі оқушылардың білімі қосылып, жаңа жобаны жасап шықтық, – дейді Шымболат Тінәлиев.
Команда мүшелері ортақ идея жолында ұйымшылдықпен іс атқарыпты. Бірі бағдарлама жасаса, екіншісі – дизайнын, енді бірі – қаржылық мәселелерді реттеген. Маркетинг, ұйымдастыру жұмыстарына жауапты адам да бар.
Жоба авторларының айтуынша, жаңа төлем жүйесі уақыт үнемдейді, тапсырысты жеделдетеді. Сонымен қатар жеке мәліметтер қажет болмағандықтан, тұтынушы қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Қазір инвесторлармен келіссөз жүріп жатыр екен. Көп ұзамай Алматы қоғамдық тамақтану орындарында сынақтан өтпек.
– Біз бұл жобадан өзімізге көп тәжірибе жинадық. Себебі стартапты бастау, өнімді ұсыну жолдары, компаниялармен қарым-қатынас сияқты тәжірибе жинақтап жатырмыз, дейді Оралдағы зияткерлік мектептің 11-сынып оқушысы Данияр Жарқынұлы.
Мектеп түлектерінің осындай бастамалары оқушыларға да қанат бітірген сыңайлы. Қазір олар да мектеп игілігі үшін бірқатар жобаны қолға алған. Даниярдың сөзінше, қазір оқушыларға арналған дербес сайт жасалуда. Сонымен қатар облыс мектептері оқушыларының қатысуымен түрлі жарыс ұйымдастыру жоспарланып жатыр екен.
Батыс Қазақстан