Сенбі, 6 сәуір 2013 2:21
Доған ЙЫЛДЫЗ, «Жихан» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілі (Түркия).
Бүгін Қазақ елінің төрінде өтіп жатқан әлемдік деңгейдегі үлкен араағайындық алқалы жиынның, ізгілікті іс-шараның куәсі болып отырмыз. Қазақстан Президентінің, қадірменді Елбасының халықаралық деңгейде көрініс тапқан дәйекті бейбітшіл саясатының арқасында Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің Алматыдағы кезекті кездесуінің келелі тұрғыдан өтуі қамтамасыз етіліп, барлық жағдай жасалды деуіміз керек.
Сенбі, 6 сәуір 2013 2:21
Доған ЙЫЛДЫЗ, «Жихан» ақпарат агенттігінің Қазақстандағы өкілі (Түркия).
Бүгін Қазақ елінің төрінде өтіп жатқан әлемдік деңгейдегі үлкен араағайындық алқалы жиынның, ізгілікті іс-шараның куәсі болып отырмыз. Қазақстан Президентінің, қадірменді Елбасының халықаралық деңгейде көрініс тапқан дәйекті бейбітшіл саясатының арқасында Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің Алматыдағы кезекті кездесуінің келелі тұрғыдан өтуі қамтамасыз етіліп, барлық жағдай жасалды деуіміз керек.
Өкінішке қарай, біз осынша күш-жігер жұмсалғанына қарамастан, осы жиыннан да бір нақты шешім, келісілген ортақ түйін шығады деп күте алмаймыз. Неге десеңіз, жақын арада Иранда көптен күткен президент сайлауы болғалы жатыр. Ел билігінде өзгерістер болуы әбден мүмкін. Нақ осы себептен де Иран тарабы бүгінгі келіссөзде де қатаңдау, қатқыл рай танытып, бұрынғы ұстанымдарынан қайтпай, қандай да бір мәмілеге келуге асықпайтын сыңайлы. Ал Еуропалық Одақтың қойған талаптарына келер болсақ, олар нақты. ЕО спикері осы нақты талаптарға орай Иран тарабынан еш мәймөңкесіз, бүкпесіз ашық жауаптар күтіп отырғанын мәлімдегені белгілі. Бүгінгі келіссөздер ыңғайын байқасақ, Иран өкілдері тұжырымды да нақты жауап айтуға дайын емес сияқты. Сөзбен ырғасуды жалғастырып, созбаққа салуды, сөйтіп, уақыттан ұтуды қалайтындай әсер қалдырды. Мұның өзі Иранның өз ішіндегі саяси мәселелерге, елдің ішкі ахуалына байланып тұрғандай. Жаңа айтқанымдай, бұл елде президент сайлауына дайындық қызу жүріп жатыр. Соның әсері, салқыны осы келіссөздерге де тиіп отыр ғой деп ойлаймын.Бірақ болашақта осы мәселеде дұрыс таңдау жасалып, оңтайлы шешім қабылдануына нақ Алматыдағы келіссөздердің үлкен әсері болады деп білемін. Өйткені, осы ретте Қазақстанның басынан өткен жағдай, шеккен тауқыметі бүкіл әлемге үлгі болуы керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылдан бастап Семей полигонын жабуы, қаншама ажал себетін алапат қару-жарақтан бас тартуы әлемдік бейбітшілік саясатының жаңа белесі болатын. Біз осындай ізгілікті саясаттың әлем мемлекеттеріне үлгі болуын қалаймыз. Иран бұл арада мәселеге бейбітшіліксүйгіш көзбен қарап отыр ма, әлде қандай саясатпен қарап отыр, біздің оған дүдәмалымыз бар. Бұл арада ізгілік пен адамгершілік тұрғысынан гөрі Еуропалық Одақ пен Америкаға қатысты саяси мүдде басымдау ма деймін.Менің айтайын дегенім, жаһандану жағдайында Америкаға да, Еуропаға да мұқтаждық болмай тұрмайды. Тіршілік болғасын бәрімен де, көршілеріңмен де қарым-қатынасың дұрыс болуы керек. Қазақстанды алып қарасаңыз, бір жағында Иран, бір жағында Хазар – Каспий теңізі. Бір жағында Қытай, бір жағында Ресей. Бұл жердегі ең парасаттысы, ең тиімдісі бейбітшілік саясатын ұстану болмақ. Басқа ешнәрсе қолдан келмейді. Қазақстан 20 жылдан бері салиқалы да сарабдал саясат ұстанғандықтан оның халқы да алаңсыз. Бір қарасаңыз, бүгінгі келіссөздерден Қазақстанға келіп-кетер ештеңе жоқ. Соған қарамастан, өзіне еш пайда күтпестен, келіссөздердің нәтижелі өтуіне бар жағдайды жасап, қонақжай төрін ұсынғанына тәнтіміз. Осы тұрғыдан келгенде, Қазақстанның Иран мен дүйім дүние арасында дәнекер болуы әлемдегі бейбітшілік үшін аса маңызды фактор. Демек, Алматыдағы халықтар арасындағы алтын көпірдей келіссөздерді үлкен жетістік, болашаққа жасалған тағы бір бейбітшілік қадамы деп санауға болады.