Ниет болса, екі қолға бір күрек қашанда табылады. Істің жөнін білетіндердің «Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды» дегені тегін емес. Осылай тынымсыз еңбек етіп, төрт түлік мал өсіріп, берекеге бет бұрғандардың бірі оңтүстіктен сұлу Көкшенің баурайына көшіп келген Тастамбековтер отбасы.
Ел ішінде адал еңбегімен табысқа жетуге талпынғандар туралы сұрастырғанымызда, алдымен шаруасына тастай берік Тастамбековтер отбасы туралы жан жадыратар жылы лебіз естіген болатынбыз. Әдейілеп іздеп бардық. Отағасы Әбдірахым екі жыл бұрын Сарыағаштан көшіп келіпті. Қазір жаңа жерге орнығып, оң-солын аңдап, отбасымен осы өңірге тастай батып, судай сіңіп кеткен.
Сөз ләміне қарағанда, бұрын мал шаруашылығымен білек сыбанып айналысып көрмепті. Жаңа жерге табаны тиген соң өңірдегі түгін тартса майы шығатын жасыл жон, жайқалған алқапты көріп, нағыз мыңғыртып мал бағатын-ақ жер екен деп көңіліне бір түйіп қойған. Алдымен Степняк қаласынан өз қаражатына, екі миллион теңгеге үй сатып алған. Орталықтағы қора-қопсылы, еңселі үй екен. Осы үйді кепілдікке қойып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы бес жылға 5 миллион теңге несие алған.
– Қор мамандары малдың қандай бағытта екенін де есептейді. Мәселен, менің етті тұқымға аңсарым ауып отыр, – дейді ол. – Бірақ бәрін бірден асыл тұқымды қылу қиын шаруа. Асыл тұқымды малдың әр басы қымбат қой. Мен өз төлі есебінен мал басын көбейтсем деймін. Осы оймен жергілікті тұқымнан 19 сиыр сатып алдым. Асыл тұқымды ақбас бұқам бар. Қазақтың ақбас сиыры баға жетпейтін түлік қой. Ғалымдардың есептеуіне қарағанда, сіңіре будандастыру арқылы төл тұқымын жақсартқанда төртінші айналымда таза асыл тұқымды болып шығады екен. Сәтін салса оған да жетерміз.
Жұмыс дегенде жанып тұрған жас жігіттің қолына қуат берсін. Алдағы уақытта жалғыз мал шаруашылығы ғана емес, жылыжай салып, бау-бақшамен айналыссам деген де ниетін айтты. Несиеге алған 20 бас қара малды бір қыстатып шығарған екен. Тек жем-шөп жағы қымбаттау. Оның үстіне шабындық, жайылымдық жері жоқ.
– Бұл мәселені біз өте жақсы білеміз, – дейді аудан әкімі Ермек Нұғыманов. – Жалғыз Тастамбековтер ғана емес, аудандағы бірқатар ұсақ шаруа қожалықтарының басында бар жайт. Қазір аудандағы бос және пайдаланылмай жатқан жер көлемін анықтап жатырмыз. Шаруа қожалықтарының басшыларын жинап кеңес өткіздік. Шынын айтқанда, жер жетеді. Бұрын ата-бабамыздың жайлауы болған Көксеңгірдің кең көсілген даласы бар. Бұл алдағы уақытта шешілетін мәселе.
Үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған отанасы Лаура Омарова он саусағынан өнер тамған тігінші екен. Өзінің айтуына қарағанда, терезенің пердесінен бастап, қалыңдықтың көйлегіне дейін тігеді. Көшіп келген соң шағындау ғимаратты жалға алған. Мұндай шебер қасқалдақтың қанындай қат өңірде жақсы аты бірден шықса керек.
– Қазір жұмыс уақытын былай қойғанда, сенбі-жексенбі келетін клиенттерім бар, – дейді тігінші. – Әсіресе мектеп бітіруші жастар көп. Олардың талғамы да жоғары. Киімдері бір-біріне ұқсамауы керек. Маталары да әрқилы болуы шарт. Сондықтан шығармашылықпен жұмыс істеуге тура келеді. Көптің көңілінен шығу оңай емес қой.
Алғаш кезіккенде көптен бері көзтаныс адамдай ақтарыла сөйлеген Әбдірахым жаңа жерді жатырқамағанын жеткізді. Көрші-қолаңмен аяқ-табағы араласып кеткен. Олар да шаруаның ыңғайына орай ақыл-кеңестерін айтып, демеп қояды екен. Салт-дәстүрдегі сабақтастықтың тігісін жатқызып, рухани көкжиекті кеңейте түсуге септігін тигізуде. Қанша дегенмен, қазақылығы мол оңтүстіктен ескен жылы лептің шөкімдей бір шуағы емес пе?..
Ақмола облысы,
Біржан сал ауданы