Ағын суы жоқ Маңғыстауда жерасты су көздерін тиімді пайдалану мыңғырған мал мен тұрғын халықты сумен қамтып, тұрмыстық өзге де қажеттілікті молынан өтеп келді. Бұл бұрынғы кезеңге қатысты әңгіме, ал қазіргі технологияның дамып, теңіздің ащы суын тұщыту немесе өзге де су көздерін табуға қатысты мүмкіндіктер пайда болған кезде ауыз су мәселесін тек мемлекет шешетін маңызды мәселе етіп қордаландыра берудің, қолда бар мүмкіндікті ысырып тастап, жылдан-жылға соза берудің астарында не жатыр – жалқаулық, жаныашымастық, әлде қаржылай алыс-беріс...
Маңғыстауда 2008 жылы облыс басшысының №422 қаулысы негізінде өңір жайылымдарында құдықтар қазу, оны арзан баламалы электр энергиясы көздерімен жабдықтау, суармалы егін шаруашылығын дамыту арқылы өңірде мал шаруашылығының жем-шөп базасын ұйымдастыру, жайылымдарды суландыру қызметімен айналысатын мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылды. Мекеменің алдымен қолға алған жобасы – Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылдық округінің елді мекендерін арзан сумен қамту үшін аталған ауылға су тартқыш имараттарын орнату болды. 2011 жылы теңіз жағасындағы тереңдікте табиғи сүзілген тұздылығы аз суды ауыл тұрғындарының шаруашылық-тұрмыстық кәдесіне жаратуы үшін өндіруді мақсат еткен жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарына республикалық бюджеттен 282 млн теңге қаржы бөлініп, «Маңғыстаусараптама» ЕМК тарапынан №15-0487/10 санды қорытынды берілген. Сондай-ақ 2012 жылы Маңғыстау облысы құрылыс басқармасы жариялаған тендер қорытындысымен «Әлихан құрылыс» ЖШС нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген болатын. Осылайша жұмысын заңға сай бастап, мемлекеттің қолдауына ие болған кәсіпорын Ақшұқыр ауылы маңындағы теңіз жағалауынан 15-25 метр қашықтықта сегіз ұңғыма, яғни құдық қазды және әрқайсысы 300 текше метрлік екі резервуар салды. Құдықтардан тартылған теңіздің табиғи тұщытылған суы сораптармен құбыр арқылы су қоймасына – резервуарларға жеткізіліп, одан әрі су таситын көліктер арқылы тұтынушыларға тасымалданады.
Қызметшілерге арналған екі пәтерлік тұрғын үй, құдықтардың жұмысын автоматты басқару үшін операторлық бөлме, қойма, жабдық гараждар мен қоршауы бар кешеннің бірінші кезеңі жұмысының аяқталып, салтанатты ашылуы қуанышты жағдайда өтті. Себебі көпшілік мемлекет арнайы ақша бөліп, келісті кешенді іске қосқан соң ауылда су мәселесі біржолата болмағанымен, біршама шешіледі деп үміттенді. Өйткені теңіз жағалауында құм мен тасқа табиғи сүзіліп тұрған тұздылығы төмен – 1 литріне 2-3 грамнан келетін суды тұрғындарға мал мен егін суарып, кір-қоңын жуып пайдалануы үшін тиімді деп түсіндірілді. Көптеген бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатты, бұл жаңалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2012 жылғы 6 қазандағы №651-656 (27728) санында «Ақшұқырда су бұлағы аққан күн» деген тақырыппен басылды.
Жобаның екінші кезеңінде Ақшұқыр ауылында екі желіден тұратын заманауи ішкі су жүйелерін салу, теңіздің табиғи тұщытылған суын энергияны үнемдейтін сапалы, отандық су тұщытатын қондырғыларды орнату арқылы ауыз суға лайықтап тұщыту-тазарту, жерасты суын байытып, көкөністерді суаруға су дайындау, судың құрамын күнделікті зерттейтін зертхана, эксплуатация жұмыстарымен айналысатын учаске ғимаратын және өзге де өндіріске қажет құрылыстарды салу жұмыстары жүргізілу керек болатын. Бұл жобаны дайындау, сараптамадан өткізу, өзге де құжатқа қатысты жұмыстарға 17 млн теңгеден астам қаражат жұмсалғанымен, жоба тосқауылға тап болды.
Сергелдеңге түскен сегіз құдық
Жоба бірінші кезеңі аяқталған соң тұралап қалды. Жұмыс орнына оны жүзеге асырушы мекеме мен жергілікті билік өкілдері арасында бітіспес дау басталды. Сол кездегі басшылық өкілдері имараттар нысанын Түпқараған ауданы балансына өткізуге, енді бірі нысанға белгісіз кәсіпкер қондырғысын орнатуға ынталы болды дейді деректер. Мысалы, мәселені жан-жақты талдап көруге талпынған республикалық қоғамдық тәуелсіз «Не хабар?» апталық газетінің 2014 жылғы 25 маусымдағы №25 (40) және 2014 жылғы 4 маусымдағы №22 сандарындағы мақалаларға сүйенсек, жергілікті билік өкілдері «Маңғыстау облыстық су жүйесі» мекемесін жапса да, имараттар нысанын Түпқараған ауданы балансына беретінін айтқан.
Ал Маңғыстау облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы «ұңғымалардан тартылатын су көлемі жеткіліксіз» деген уәжбен имараттарды қажетсіз санап, 761 млн 485 мың теңгеге Ақшұқыр, Сайын ауылдарына МАЭК-тің суын жеткізу үшін құбыр тарту жобасын жасақтап шыққан. Имараттарды салған және орналасқан жердің сол кездегі меншік иесі саналған, сондай-ақ мемлекет бюджетінен бөлінген ақшаға салынған нысанның жекеге өтіп кетуінен күдіктенген «Маңғыстау облыстық су жүйесі» мекемесі басшысы «Ұлттық зияткерлік меншік институтынан» патент алып үлгереді және кәсіпорын басшылығы жергілікті билік өкілдерінің бұл әрекетін мемлекет қаржысына салынған жобаның жолын әдейі бөгеп, нысанды жекеменшікке өткізіп, судан табыс табуға айналдыру үшін салған ылаңы, яғни рейдерлік деп санайды. Және ол имараттар орналасқан тұста су қорының мол екенін, 8 ұңғыманы 1,5 сағаттан кезектестіре қосу арқылы тәулігіне 4 мың текше метр суға қол жеткізуге болатынын, халықты қолжетімді бағамен бірінші кезең қорытындысымен тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын сумен, екінші жобадан соң ауыз сумен қамтамасыз етуге болатынын айтады. Ұзаққа созылған талас-тартыс нәтижесінде билік тізгінін ұстаған тарап жеңіске жетіп, имараттарды орналасқан жер телімімен бірге аудан балансына өткізеді, жобадан, жерден айырылған «Маңғыстау облыстық су жүйесі» мекемесі ақыры жабылып тынады.
Аталған мекеме басшысының айтуынша, олар жобаны әрі қарай жалғастырмақ болғанымен, нәтиже шығара алмаған, себебі олардың су кешенінің қондырғыларын жоғары кәсіби дәрежеде пайдалану жұмыстарын жүргізуге тиісті мамандары және қаржы мүмкіндігі болмаған.
Теңіз суын пайдаланудың тиімділігі бар ма?
Жобаны мемлекет мақұлдап, қыруар қаржы бөлді, демек бар болғаны. Каспий теңізі суының минералы жоғары – 1 литр суда 13 грамм тұз бар. Сондықтан теңіз суын тұщытып халыққа ауыз су ретінде ұсынумен көп жылдан бері өңірде «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС айналысып келеді. Қазіргі таңда Маңғыстау облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы ұсынған жоба аясында Ақшұқыр, Сайын ауылдарына тартылған құбырлар арқылы су осы кәсіпорыннан тасымалдаушылар мен ауылдарға жеткізіледі. Нақтырақ айтсақ, «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС-де тазартылған су «Каспий жылу, су арнасы» МКК су қоймасы арқылы «ҚазСуШар» РМК-на қарасты құбырмен аталған ауылдарға жеткізіледі. Қатысушының барлығының қызметінің құны есептелетінін ескерсек, «МАЭК-Қазатомпром» суының қымбат болмасқа амалы да жоқ. Оның үстіне қыруар қаржыға салынғанмен жиі жарылатын құбырлар су жетпеген ауыл тұрғындарына «жығылғанға жұдырық». Түпқараған аудандық әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, ауылға тәулігіне қажетті 4 мың текше метр су орнына қазіргі таңда 2 700 текше метрден аспайтын су кестемен берілуде. Сондай-ақ ауыз суға кететін шығынды азайту мақсатында ауыл тұрғындарына берілетін судың 1 текше метрі субсидиямен 30 теңгеден айына 3,6 текше метрден аспайтын көлемде беріледі. Ауыз суды пайдалану көлемі мөлшерден асып кеткен жағдайда 1 текше метр судың бағасы 418 теңгеден есептеледі. Сондай-ақ Ақшұқыр ауылы маңынан қазылған 8 ұңғыманы жөндеп іске қосу үшін 200 млн теңге қаржы қажет екені, құдықтар іске қосылған жағдайда ауыл тұрғындарының ауыз суына бөлінетін субсидия алынып тасталып, 2009 жылы монополияға қарсы мекеменің ауыз су бойынша бекіткен тарифтік бағасы 418,36 теңге барлық тұрғындарға міндетті болады делінген. Бірақ имараттар арқылы ауыл тұрғындарын арзан сумен қамтамасыз етемін деген мекеме басшылығы техникалық судың 1 текше метр бағасы 90-100 теңге, ауыз су ретінде құбырлар арқылы үйлерге таратылғандағы бағасы 130-140 теңге деп көрсеткен және имараттарды іске қосу үшін 20 млн теңге жеткілікті дегенді айтады.
Арзан су көзі табылып тұрса оны болдырмай тастаудың, сондай-ақ арзан бағаны халыққа қымбат етіп көрсетудің астарында не тұр? Бірнеше мекеме арқылы тасымалмен келетін «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС суын өткізу ме, әлде, «Маңғыстау облыстық су жүйесі» мекемесі басшысы айтқандай, түпкі ой имараттар суын табысқа айналдыру ма? Егер теңіз жағалауында су көлемі аз болып, имараттар нысаны қызметі бұлыңғыр болса, мемлекет ақша бөліп, қолдамас еді ғой деген ой туындайды. Мемлекет қолдаған жобаны, жарты жолда омақастырып, қыруар ақшаны желге ұшыру түсініксіз жағдай...
Маңғыстауда су жоқ емес, сылтау көп
Сонымен, тағдыры талқыға түскен жоба ақыры адыра қалды. Мемлекет 282 млн теңге құйған жоба бас-аяғы 5-6 жылда құм қапқан қаңқаға айналды. Қазір күзет ұйымдастырылмағандықтан, су кешенінің қондырғылары қолды болып, ұңғымаларға баратын электр желілері, кабельдер жоғалған. Резервуар жанында су таситын көліктерге су құятын будка, сорап стансасы бұзылған, ұрланған.
Халыққа су көптік етпейді. Тұрғындарға «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС суын ауыз су ретінде беріп, теңіз жағасында табиғи тұщытылған суды имараттар арқылы өндіріп, тұрмыстық қажеттіліктерге тұтыну үшін ұсынса Ақшұқыр мен Сайын ауылдарындағы қазіргі су мәселесін толықтай шешпегенімен, «жыртыққа жамау» болған болар ма еді?! Тіпті теңіз жағасында қоныс тепкен Сайын ауылының тұсынан құдық қазса, ауылды Ақшұқырдағы құдыққа қосақтаудың қажеті болмас еді.
Ғаламторда Ресей су қоймаларына су тарту арқылы Каспий теңізінің жылдан-жылға тартылуына әсер етіп отырғаны, Иран құрғақшылықпен күрес жүргізу үшін Семнан провинциясына Каспийден жылына 200 млн текше метр су айдауды ұйғарғаны, Каспийдің суын тұщытып, оны ауыз су ретінде әрі өнеркәсіпте пайдалануға ниетті екені айтылады. Қазанымен қарбытып жатқандарға қызғана қарағанымызбен, қасықтап аламын дегеннің шаужайына жармасып біз жүрміз. Кеңес Одағы кезінде кеңшарлардың мыңғырған малын қауғалап, беріректе Л-100 моторымен шыңыраудан суарып, су шығатын жерден құдық қазудан қашпайтын, талай күрекпен, белмен түртпектеп қазған терең құдықтарынан су шықпай салы суған кеткен бабаларымыздың жанқиярлығын бүгінгі бар суды пайдалануға сан түрлі сылтау айтқандарға қарап ұғынасың.
Маңғыстауда судың тапшылығы – мәңгілік тақырып, таусылмас сылтауға негіз. Табиғаттың өзі беріп тұрған суды пайдалана алмау ауылдағы басқа мәселелерді айтпағанда, су мәселесін жылдардан-жылдарға, әкімдерден-әкімдерге ұласып келе жатқан эстафета таяқшасына, ал «су жоқ» деген сөзді мәнін жоймайтын ұранға айналдырды және оның қашанға дейін созылары белгісіз.
...Қысқасы, жер қапқан қымбат жоба – Ақшұқырдағы сегіз құдықтың сырын халық әлі түсінбей келеді...
Маңғыстау облысы