Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекке жоспарланған халыққа Жолдауында педофилия, жыныстық зорлық-зомбылық және жеке тұлғаға қарсы жасалатын басқа да ауыр қылмыстарға қатысты жазалау шараларын қатаңдату жөнінде Парламентке және Үкіметке тапсырмалар жүктелетінін жариялады. Міне, осы Жолдаудан кейін зорлықшыларды атқа теріс мінгізу басталатыны анық.
«Тальго» пойызындағы зорлау оқиғасы қоғамда қызу талқыға түсіп, ел ішінде зорлауға қарсы наразылық акцияларының өткізілуіне түрткі болғаны рас. Ресми статистиканың өзі елімізде зорлау қылмысының әбден белең алғанын көрсетіп отыр. Ал жолаушылар көлігіндегі шулы оқиға отқа май құя түскендей болды. Көпшіліктің, оның ішінде білікті заңгерлердің талабы ортақ – зорлау қылмысын ауыр дәрежелі қылмыстың қатарына қосу.
Күні кеше «Тальгода» зорланған жәбірленуші көпшілік алдына шықты. Мәжіліс депутаттары, қоғам белсенділері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысқан дөңгелек үстел отырысына бет-аузын тұмшалап келіп, іштегі зарын төккен жәбірленуші өксігін әзер басып, булыға сөйледі. Көз жасын әрең тыйып отырды.
Бұл оқиғаның жай-жапсары аз жазылған жоқ, бірақ жәбірленушінің кейбір сөздеріне құзырлы орындар, тіпті қоғамның өзі көңіл аудармаса болмайды.
«Бірінші минуттардан-ақ тергеушілердің селқостығы, жолсеріктердің бір-бірін бүркемелеген әрекеттері байқалып тұрды. Олардың ойынша, зорлау туралы арызданбақшы болсаң – ақша талап еткенің. Бұл – олар үшін қалыпты жағдай. Міне, мәселенің мәнісі осында», деді жәбірленуші.
Әрине оқиға ел ішінде қоғамдық сілкініс тудыра бастаған сәтте жәбірленушінің өзін айыптағандар да табылды. Бақандай 10 ай бойғы осындай ақпараттық шабуылдар жәбірленуші үшін жығылған үстіне жұдырық болған. Бірақ бұған дейін жазғанымыздай, кім-кімнің де жүріс-тұрысы, киім киісі, мінезі немесе сөзі ешқандай зорлыққа негіз болмайды. Осындай жауырды жаба тоқуға әуестік те қылмыскерлерді ақтап алуға әрекеттермен астасып жататыны өкінішті.
«Біріншіден, жәбірленушіні жақтайтын бір жан жоқ. Барлығы да істің татуласумен аяқталғанын көксейді. Олар шын мәнінде істі қысқартуды ғана ойлады...», деді зорлықты тоқтауды талап етуге бағытталған жиын барысында жәбірленуші.
Осы оқиға бойынша шыққан сот үкімінен кейін белгілі заңгер, әлеуметтік желіде жүздеген мың тұрақты оқырманы бар Джохар Өтебеков билікке төте талабын жолдады.
«Біріншіден, зорлауды ауыр қылмыстар санатына қосуды, екіншіден, жыныстық сипаттағы қылмыстар бойынша полиция әрекетінің бірыңғай стандарттарын енгізуді ұсынамын», дейді заңгер.
Негізі, қоғамның да талабы – осы. Өйткені жолсеріктерге шыққан үкімнің тым жұмсақтау екенін алға тартқан көпшіліктің ойы қоғамда зорлықшыларға нөлдік төзімділіктің қалыптасқанын көрсетіп отыр. Өйтпегенде ше, қазір елімізде зорлау, оның ішінде жасөспірімдерге зәбір көрсетіп, қорлау оқиғаларының көптігі сонша, мұндай қылмыс үрейлі сипаттан айырылып бара жатқандай әсер қалдырады. Сондықтан да қылмыс атаулыға бейжай қарай алмайтын белсенділер бағзы заманда халқымызда сүйекке салынған таңбадай саналатын, кісі өлтіргенмен пара-пар мұндай қылмысты жасаушыларға ешқандай аяушылық болмауын қалайды. Бірақ көпшілік күткендей шешім шығармаған судьяның да басы екеу емес. Ол да білікті заңгер, Қылмыстық кодекстің әр бабын жілікше шағатын маман.
Мәселен, Қылмыстық кодекс, яғни оның 120-бабы бойынша «Зорлау» орта дәрежелі қылмыстың санатына жатқызылады. Заңда көрсетілген ең төменгі жаза – үш жылға бас бостандығынан айыру. Сөзбе-сөз келтірер болсақ: «Зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау – үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Осы бапта мұндай қылмысты адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, өлтіру қатерін төндірумен ұласқан, сондай-ақ жәбірленушіге немесе басқа адамдарға қатысты аса қатыгездікпен жасалған, жәбірленушінің соз ауруын жұқтырып алуына әкеп соққан және бірнеше рет жасалған зорлау болса, кінәлі деп танылған адамның жазасы ауырлай түседі – ол бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көрсетілген.
Ал егер зорлау абайсызда жәбірленушінің өліміне, абайсызда жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіруге, оның АИТВ жұқтырып алуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеліп соқса, төтенше ахуал кезінде немесе жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалса, қылмыстық топ жасаса, сотталушы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып немесе онсыз, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сонымен қатар мұнан да ауыр жаза кәмелетке толмаған адамдарға қатысты жасалса, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған.
Бірақ Жетес Үмбеталиев пен Қолқанат Құрманиязовқа қатысты үкім шығарған судья Қылмыстың кодекстің 55-бабын басшылыққа алғанын мәлімдеді. Ол бапта: «Жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің: 1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде – жартысынан; 2) ауыр қылмыс жасаған кезде – үштен екiсiнен; 3) аса ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшiнен асыруға болмайды», деп көрсетілсе, қазымыз қайтпек? Өйткені қылмыстық іске тіркелген мінездемелерде сотталушылардың тек жақсы қырлары көрсетіліп, бірінің үлгілі әке, адал жар, екіншісінің қақ-соғы жоқ, тәртіпке мойынсұнған адам екені сипатталған құжат түріндегі қағаздар сотталушыларға жаза кесуде маңызы болғаны да рас.
Осы орайда қоғамда үлкен шу туғызып, үкімді оқыған судья Сатыбалды Оразбайдың біліктілігіне күмән келтірерлік пікірлер өрши бастаған соң Жоғарғы соттың басшылығы да үнсіз қалған жоқ. Мәселен, Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының жаңадан тағайындалған төрағасы Әбдірашид Жүкенов өз сұхбаттарының бірінде: «Қылмыстық заңға өзгерту енгізу және Қылмыстық кодекстің зорлауға жауаптылықты көздейтін санкциясын заң арқылы күшейту туралы қоғамдағы пікірлермен келісемін. Бұдан бөлек, қылмыстық заңда Қылмыстық кодекстің 55-бабы ережелерінің жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстарды, сыбайлас жемқорлық және бірқатар қоғамға қауіпті қылмысты жасаған адамдарға қолданылмайтындай етіп қайта қараған жөн» деген пікір білдірді. Демек, сең қозғалды. Бірақ мұндай оқиғаларға «Не молчи» сияқты қоғамдық қозғалыстардың дабылынан соң мән берілуі керек пе?
Мәселен, айналамызға қарар болсақ, Жапонияда зорлықшылар 30 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Канадада зорлықшыларға ең кемі он жылға жаза кесіледі. Ал әр штатында заңдары ала-құла болып келетін Американың кейбір өңірінде «Зорлау» қылмысы бойынша айыпталғандар өмір бойы түрмеге қамалады. Мұндай мысалдар жеткілікті және әлем елдері жыл сайын зорлықшыларға қатысты заңдарды қатаңдатпаса, босаңсытып отырған жоқ.
Әрине жазаны қатаңдату тығырықтан шығар жол емес. Әлдебір қылмыстарға байланысты өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса да, ол бәрібір қылмыстың азаюына кепілдік болмайды. Сондықтан аса азғындыққа баланатын мұндай қылмысты тек отбасындағы тәрбиенің осалдығымен және ұлтымызға тән қадір-қасиеттердің көмескі тартуымен ғана байланыстыруға болатын сияқты. Мәселен, «Ел тірегі» қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев: «Халқымызда «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген нақыл бар. Сондықтан әйел-қыздар мәселесін көтерген уақытта алдымен әпке-қарындастарымызды, аналарымызды алға шығаруымыз керек. Егер олардың арын таптатып, әділетсіз жазаға жол беріп отыра берсек, елдігіміз қайда?», деп көкейіндегі ойын ашық жеткізді.
Міне, жоғарыда аталған «Не молчи» қозғалысының жетекшісі Дина Смайлованың айтуына қарағанда, бүгінге дейінгі зорлауға байланысты заңды қатаңдатуға бағытталған петицияға 5 мыңнан аса адам қол қойған. Қоғам белсендісі сонымен қатар зорлау бойынша кінәлі деп танылған адамдардың суретін ашық жариялап, қылмыскерлердің туған жері, білім алған оқу орны мен ата-анасы туралы мағлұматтарды ел білуі керек деп санайды.
Жалпы, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне қарағанда, өткен жылы Қылмыстық кодекстің 120-бабы, яғни «Зорлау» бойынша 1130 қылмыс тіркелген. Оған бөлек баптармен жазаланатын жыныстық сипаттағы басқа да қылмыстар мен жасөспірімдерді зорлауға байланысты сандарды қоссаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Жоғарыда көрсетілген 1130 – тек жалаң цифр емес, ол осынша тағдыр, осынша езгіге түскен адам, осынша қор болған замандасымыз, көршіміз, жақынымыз. Осы орайда сөзімізді «Тальгода» зорланған жәбірленушінің көпшілік алдындағы мына сөзімен түйіндеген жөн сияқты: «Жаныма үйірсектеп жеткен полицейлердің, жолсеріктердің барлығы бірдей оның отбасы мен балалары барын айтумен болды. Ал менің ше? Егер менің отбасым болмаса, зорлай беруге бола ма?».