Кеше Қазақстанның табиғаты әсем, тарихы тағылымды қасиетті жерлері мен республика аймақтарының рухани-мәдени мұрасымен танысуды мақсат тұтқан 700-ге жуық жас өрен «JASTAR KERÝENI» жобасының аясында 7 бағыт бойынша туристік саяхатқа аттанды. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған белсенді жастар елорда төрінде бас қосып, Есіл өзені жағалауындағы «Амфитеатр» сахнасында айтулы шараның ашылу салтанатына арналған слет өткізді.
Қазақстан жастар конгресі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Жастар жылы және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ мемлекеттік гранты аясында өткізген слетке республиканың барлық аймағынан 16-29 жас аралығындағы дарынды жастар қатысты.
– Бұл жобаны қолға алуымыздың басты себебі – отандық ішкі туризмді дамыту және жастарды туған жерін сүюге баулу, сол арқылы ұлттық патриотизмді қалыптастыру. Өйткені бүгінгі өскелең ұрпақ еліміздің қасиетті жерлерінің көз тартарлық сұлулығын былай қойғанда, тарихи мәні мен тағылымын да жете біле бермейді. Оның түрлі себебі болуы мүмкін. Әсіресе насихат жұмысының аздығы. Осыған орай бір топ белсенді жасты қатарымызға тартып, Нұр-Сұлтан қаласынан Орал, Шымкент, Алматы облысы, Өскемен (Шығыс Қазақстан облысы), Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды – барлығы 7 бағыт бойынша арнайы бағдармен туристік саяхат жасауды көздеп отырмыз. Бізді қуантқаны – туған елдің табиғаты мен қасиетті жерлерін тануға деген жастарымыздың белсенділігі өте жоғары екен. «JASTAR KERÝENI» жобасына 1500-ден астам жастан өтініш келіп түсті. Оның ішінен 680 қатысушы арнайы комиссия мүшелерінің төрелігімен таңдалып, сапарға жолдама алды. Айтулы жобада, әсіресе журналистер мен блогерлерге басымдық бердік. Сапардан оралған соң жастардың көргені мен білгені, көңілге түйгені БАҚ-та кеңінен жарияланып, Отанымыздың қасиетті жерлері жан-жақты насихатталатын болады, – дейді Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысов.
Барлығы 3000-нан астам адам қатысқан айтулы кеш қатысушы қонақтар санының ауқымдылығымен ғана емес, бағдарламалық мазмұнының жарқындығымен де есте қалды. Кешкі астананы ән мен жырға бөлеп, ерке Есілге қосыла ән шырқап, тамаша биден шашу шашқан Raim&Artur, Мирас Жүгінісов, заманауи рэп-әнші – Rick0407, DJ Angel бастаған өнерпаздар өнеріне жастар қуана қол соғып, қосыла биледі. Сонымен қатар кеш бағдарламасына енген театр және музыкалық қойылымдар, неондық шоу да өз өрнегімен көпшілік есінде қалды. Кездесудің соңы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған ең ауқымды челленджді түсірумен аяқталды. 700-ден астам белсенді жас хакім Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін жатқа айту арқылы ұлы ақын өнеріне тағзым етті.
Жоба ұйымдастырушылары атап өткендей, төл тарихын тану ең әуелі адамның өзінен басталуы керек. Сонда ғана қазақтың көсегесі көгермек. Олай дейтініміз, туған жер тағылымын танып, ұлағатын ұғып өскен азамат ертең Отан үшін аянбай тер төгіп, қазаққа қалтқысыз қызмет етері сөзсіз. Ендеше, төл тарихын тануға аттанған жастарға сәт сапар дейміз!