• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Тамыз, 2019

Сапалы салынса, жолаушының сапары да сәтті

297 рет
көрсетілді

Бұрынғы Торғай облысының орталығы болған Арқалық қаласы қазір де сол өңірдің бейресми орталығы сияқты. Сонау Жангелдин және Амангелді ауданынан облыс орталығы Қостанайға күнделікті керек-жарақ үшін шауып келе беру оңай емес.

Жер қашық, Қостанайдан Тор­ғайға дейін жүрдек машинаның өзі кем дегенде 5 сағат жүреді. Ал Торғай мен Арқалықтың арасы – 288 шақырым, Қостанайдан екі есеге жуық жақын. Бірақ сол Арқалыққа Торғайдан жеткенше жолаушының да ығыры шығып болатын. Жолдың нашарлығынан көлік кібіртіктейді. Ойдым-ой­дым тесіліп қалған жол жолау­шыны шаршатқанымен бірге, көлікті де тоздырады. Жол қауіп­сіздігі де нашарлай түсері тағы бар.

Бұл жолдың күрделі жөнделуі 2007 жылы қолға алынған болатын. Алайда қолға алынған істің, міне, 12 жылдан бері қарқыны бол­мады, тасбақа аяңмен жүр­генде жолдың бұрынғы жөн­делген жағы тозатындай уақыт болды. Осы жылдар ішінде 135 ша­қырым күрделі жөндеуден өтті әйтеуір. Өткен жылдан бас­тап жолды жөндеу күрделіден орташа деңгейге ауыстырылды.

– Жөндеудің орта деңгейіне кө­шуге ресайклингтің салқын тәсілімен жұмыс істеуіміз де себеп болды. Бұл ресейлік әріп­тестерімізден келген өнімді әдіс, жақсы тәжірибе. Жолдың бұ­рынғы асфальтын 20 сантиметр­дей тереңдікте аршып алып, оған шекемтас, цемент аралас­тырып, қайта салынады да, үс­тіне тағы 5 сантиметр асфальт төселеді. Бұл үш жылға дейін жо­лдың бүлінбей пайдалануына кепілдік береді. Мұның сыртында жолды жөндеу жұмысы қарқын алып, қаржы да аз кетеді, – дейді облыстық жо­­лаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Болат Сейдахметов.

Енді Торғай мен Арқалық қа­ла­сы арасындағы жол азабының барлығы да биылдан кейін ұмы­тылар деген үміт бар. Қазір Ар­қалық пен Торғай арасындағы жолда жұмыс қызған. Өткен жы­лы жаңа әдіспен жолдың 83 ша­қы­рымы жаңарды. Енді биыл Тор­ғайға дейінгі 69 шақырымдық бөлігі толығымен қайта төселетін болады.

– Мен бизнесте болғаннан кейін жұмыс бабымен Арқа­лыққа жиі барамын. Бұрынғы жол­мен қазіргі жолды салыс­тыруға болмайды, әрине. Тақ­тай­дай теп-тегіс, көлікке де жақ­­­сы. Бұрын ойқы-шойқы жол­да кібіртіктеп тұрар едік. Тор­ғай-Амангелдіні алыссынатын құда-жекжаттарымыз, дос­тары­мыз қазір Арқалық арқы­лы Аман­гелдіге лезде жетіп ке­леді. «Елсіз да­лада тақтайдай те­гіс жолмен зыр­ғып жүретін сен­дердікі рахат өмір екен ғой!» деп қояды сырт­тан келгендер, – дейді аман­гелділік кәсіпкер Нұрлыбек Әлма­ғамбетов.

Биыл облыс өңіріндегі жол­дар­дың үлкенді-кішілі 41 учас­кесінде орташа деңгейдегі жөн­деу жұмысы жүріп жатыр. Соның осы уақытқа дейін 10 учаскесі пай­далануға берілді.

– Осылардың 13-і облыстық, 28-і аудандық маңызы бар жолдар. Аудандық маңыздағы кіші­гірім жолдардың тозып кеткені жасырын емес. Оның барлығы да енді қайта қолға алынып, бір­тіндеп түзетілуде. Жол дұрыс бол­­са, ауылдардағы әлеуметтік жағ­­дай да жақсарады, өмір жанданғандай болады, – дейді Б.Сейдахметов.

Аудандардағы жағдайы сын көтермейтін жолдың бірі Қа­расу-Большая Чураковка тасжо­лы болатын. Ұзындығы 114 ша­қырым, екі ауданның арасын қосып жат­­қан жолды жөндеу 2017 жылы қолға алынған еді. Былтыр Оба­ған өзенінен өтетін көпір қалпына келтірілді. Биыл жұмыс қарқын алып, 25 шақырымы қайта төселеді. Қазірдің өзінде оның 13 шақырымында жолау­шылар жақсы жолдың қандай екенін біліп қалды. Келесі жылы 22 шақырымы жаңартылатын болады.

Әулиекөл-Жалдама тасжолы­ның да жаманаты бір басылмайды. Сонау Амантоғайдан Қос­­танайға қарай жүрген жолаушы осы жолға түскеннен кейінгі бейнетін біразға дейін ұмыта алмай жүреді. Әсіресе, қыс айларында боран соққан сайын жолды қар басып қалады. Жазда 257 шақырым жолды басып өткенше жолаушы азабы аз емес. 2017 жылы мұның 64 шақырымына орташа деңгейдегі жөндеу жұмысы жүргізілген. Бірақ оған ресайклингтік салқын тәсіл пайдаланылған жоқ, жөн­деу жұмыстары тек жамап-жас­­­қаудан әрі аспады. Барлық жөн­­деу жұмыстары қаржының бөлінуіне қарай келесі жылы қолға алынатын болады.

Жалпы Қостанай облы­сы­ жол­дардың ұзындығы жө­­нінен Шығыс Қазақстаннан кейінгі екінші орында тұрады. Шығыстағы жолдар 11 мыңнан астам шақырымды құраса, Қостанай-Торғай өңірінде 9 мың 300 шақырымға созылады. Оның 1410 шақырымы республикалық маңызға ие. Қалған 2208 ша­қы­рымы облыстық, 5670 ша­қы­рымы аудандық маңызы бар жол­дар. Осынша ұзын жолды қыс­қа мерзімде тақтайдай ету де көп қаржыны, уақытты талап етеді. Алты ай жазда жол бойы­ның жөндеу жұмыстары бір тоқ­тамайды. Алты ай қыста оның күті­мі тағы бар. Биыл басымдық берілген жолдарды жөндеу үшін 15 млрд 360 млн теңгеден астам бюджет қаржысын игеру міндеті тұр. Оның 7 млрд 100 млн теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді.

Жердің беті шиырлаған жолдар. Онымен жүрмей экономи­­калық та, әлеуметтік те даму жоқ. Сапалы жолдағы сапар да сәт­ті болмақ.

 

ҚОСТАНАЙ