Қазіргі кезде еліміздің барлық дерлік өңірінде білікті мамандар жетіспейтіні айтылып та, жазылып та жүр. Денсаулық сақтау саласындағы мұндай кадр тапшылығын реттеу мен азайтудың басты жолдарының бірі – республика аумағындағы медицина университеттері түлектерінің тиісті сұраныстарға сай жұмысқа орналасуына ықпал ету болып отыр.
Осы орайда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің биылғы түлектерінің 40 пайызы еңбек жолын ауылдарда бастамақ. Олар еліміздің батыс өңіріндегі Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының медициналық ұйымдары мен мекемелерінде қызмет атқармақ. Бүгінде аталған жоғары оқу орнында түлектерді тиісті жұмыс орындарына бөлу үдерістері аяқталған. Ендігі жерде осы көкейкесті мәселенің басты қорытындылары қандай болды деген сұрақтарға жауап бере кеткенді жөн көреміз.
Ең алдымен айтарымыз, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде студенттердің кәсіби тәжірибесі мен түлектерді жұмысқа орналастыру мониторинг кафедрасы құрылғандығы. Бұл өмірдің бүгінгі қажеттілігі мен сұраныстарынан туындаған қадам екені кәміл. Өйткені дәрігерлік білім алған әр жас маманның ел-жұрттың қажетіне «бір кірпіш болып қалануының орны» айрықша деп білеміз. Аталған кафедраның меңгерушісі Алтын Алмағамбетованың айтуынша, биыл университетті аяқтап, диплом алған 838 түлектің 583-і клинникалық интернатура және резидентура мамандықтары бойынша мемлекеттік білім грантымен оқығандар. Негізінен олардың бәрі де жалпы тәжірибе дәрігерлері. Педиатрлар мен терапевтер және акушер-гинекологтар мен хирургтар. Бүгінгі күні ел өңірлерінде, оның ішінде аудандық ауруханаларда дәл осындай сипаттағы жоғары білімді дәрігерлер жетісе бермейтінін ескерсек, оларға аса қажет мамандар болып шығады. Өйткені оларға сұраныс көп екенін қайталап айтқанның артықшылығы бола қоймас.
Ел Үкіметінің қаулысына сәйкес республикамыздағы дәрігерлік білім беретін жоғары оқу орындарын мемлекеттік грант бойынша аяқтаған түлектер мемлекеттік медициналық мекемелерде кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан да медициналық білім беретін жоғары оқу орындары соңғы жылдары болашақ дәрігерлерді көп кешіктірмей, яғни қыркүйек айынан бастап жұмысқа орналастыру жолдарын белгілей бастады. Мұны тек оң ниеттен туған, дәрігерлер жетіспеушілігін азайтуға бағытталған іс-шара деп бағалағанымыз жөн. Бұл бағытта бүгінгі әңгімеміздің басты арқауына айналған университетте түлектерді жұмысқа орналастыру ісі жүйелі жолға қойылғаны қуанышты жайт. Соның нәтижесінде мұнда грант бойынша оқыған түлектердің 40 пайызы, яғни 185 жас дәрігер ауылдық аймақтарға жіберілген. Олар жоғарыда аталған 5 облыстың отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар мен ауруханаларында халық денсаулығын қорғау мен жақсартуға өз үлестерін қоспақ. 40 пайыз дегеніміз айта қаларлықтай үлкен көрсеткіш болмауы да мүмкін. Әйтсе де мұның алдындағы жылдарда ауылдық жерге баратын медициналық жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің саны оның ширегіне де жетпейтінін ескерсек, салыстырмалы түрде мұны төмен көрсеткіш деуге болмайды.
Осы оқиғаға орайлас тағы бір деректі ортаға сала кетсек. Таяуда Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі медициналық жоғары оқу орындарының түлектерімен онлайн режімінде кездесу өткізгені мәлім. Осы басқосу барысында ол «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы ең алдымен жас дәрігер мамандар үшін өте оңтайлы әрі тиімді екендігінде екпін түсірді.
Министрдің мәлімдеуінше, аталған бағдарлама бойынша еңбек жолын бастаған медицина жоғары оқу орындарының түлектеріне барлық жағдай жасалмақ. Оның алғашқысы – Үкімет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау. Сонымен бірге қосымша қаржыландыру көздері есебінен жас мамандар тегін және жалдамалы тұрғын үймен қамтылмақ. Әрі оларға биылғы 2019 жылдан бастап несие жеңілдіктері қарастырылғаны да қалтқысыз көмектің бір көрінісі. Сондай-ақ алдағы уақытта медициналық оқу орнын бітірген түлектерге берілетін өтемақы мен жалақы көлемі өседі деп күтілуде. Мұның сыртында өзге де моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру шаралары қолға алынбақ.
Ойдан – ой туады. Айталық, ауыл тұрғындарына қалалардағы секілді сапалы медициналық қызмет көрсетілуі керектігі ешқандай талас туғызбайды. Әйтсе де бүгінгі таңда екеуінің арасында айырмашылық бар екені де құпия емес. Оның басты себебінің бірі – ауылдарда анестезиолог, реаниматолог, аутоаренготолог және офтальмолог секілді салалық мамандар мүлдем жетіспейтіндігі. Әрине, мұның бәрін аз уақытта шеше салу еш мүмкін емес. Дегенмен осындай санаттағы дәрігерлер орнын толтыру үшін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде кең ауқымды шаралар қолға алынғаны үлкен үміт күттіреді.
Бір мәселенің басы айқын. Бүгінгі күні медициналық оқу орындарының түлектеріне жасалып жатқан көмек пен қолдау аз емес. Оның бірқатар мысалы жоғарыда айтылды да. Медальдың екі жағы бар дегендей, ендігі кезекте түлектер осы қамқорлыққа іспен жауап беріп, өздеріне жүктелген жүк пен сенімнің салмағын терең сезінсе, ауыл медицинасы алатын асулар биіктей бермек.
АҚТӨБЕ