Алдағы жылдан бастап отандық денсаулық саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүйесі енгізілмек. Бүгінде сақтандыруды енгізу мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының үшінші кезеңі өтіп жатыр.
Медицина ұйымдары мен тұрғындар арасындағы екіжақты әңгімеге арқау болған жұмыс барысында әлі де жетілдіретін тұстар бар. Әсіресе, ауылдық өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінің қызмет көрсету деңгейі мен техникалық мүмкіндігінің төмендігі сақтандыру жүйесі бойынша қаржыландыруға кедергі келтіруі мүмкін екен. Қазір жергілікті әкімдік пен «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қоры осы кемшілікті жою үшін бірлесіп жұмыс істеуде. Өңірлерде сақтандыру жүйесін ұйымдастыру бойынша арнайы штаб құрылған. Жақында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәливтің төрағалығымен селекторлық отырыс өтіп, онда облыстағы жағдай талқыға түсті.
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру - халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді медициналық қауымдастық арасында және жұмыс берушілер мен тұрғындарға кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында МӘМС жүйесі туралы 1 107 300 тұрғынмен 4070 кездесу өткізді. Ал медициналық мекемелерде мамандар 10250 рет сақтандыру жүйесі туралы кеңес берді,- деді отырыста облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақ.
Сонымен қатар «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүйесін енгізуге қатысты туындаған сұрақтарға тоқталып өтті.
Жалпы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі ел бойынша 2020 жылы толық қолданысқа енгізіледі. Ал биылғы 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында пилоттық жоба іске қосылмақ.
Алматы облысы