Жыл сайын жаз мезгілі келісімен Тараз қаласындағы барлық көшелерді қазу жұмыстары басталады. Әсіресе шаһардың негізгі көшелері қазылған уақытта өмірі болмаған көлік кептелісі орын алып, тіпті жаяу жүргіншілердің жүруіне де мүмкіндік болмай қалады.
Осы бір көптің көкейіндегі мәселе айтылып келе жатқалы да біраз болды. Алайда жергілікті билік мұны жер асты құбырларының тозғанымен, сондықтан да оны жаңартып тұру керектігімен түсіндіреді. Биыл да солай. Ала жаздай аптығын баспаған жолдарды қазу құрылысы әлі де жалғасуда. Биыл да көшелер жабылған, жолдар қазылған. Шаһардың бұл мәселесі тұрғындарды да толғандырады. Дегенмен Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, газ, су және жылу жүйесі бәрін қосқанда 71 шақырым жер қазылыпты. Оның ішінде 37,5 шақырым көше газ құбыры, 24 шақырым жылу жүйесі және 10 шақырым көше су жүйесіне тиесілі.
«Бұл ретте елге қолайсыз жағдай туындағанын жасыруға болмас. Бірақ бүгінде қолданыстағы құбырлардың 80 пайызының тозығы жеткен. Бір анығы, ескірген құбырларды жаңартпаса, оның ертелі-кеш жарылары анық. Бұл тұста бюджет бүйірінен бөлінген қаржы өзге өңірлерге қарағанда Жамбыл облысында көп. Соған сай негізгі құбырлар жаңарып қалмақшы. Айта кететін бір жайт, осы уақытқа дейін мұндай көлемде жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген», дейді Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрадин Рақай. Ал жергілікті тұрғындардың көкейіндегі басты мәселе құрылыстың қашан аяқталатындығы болып отыр. Сонымен қатар Тараз қалалық әкімдігінің мәліметінше, қала аумағында инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін қайта жаңғырту және жөндеу аясында 5 ірі жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде екен. Атап айтсақ, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «Таразтрансэнерго» кәсіпорнының тапсырысы бойынша Сыпатай батыр, Көшеней, Қойгелді, Ниетқалиев, Қазыбек би, Аққозиев, Аққошқар әулие, М.Х. Дулати, Комратов, Қонаев көшелері мен Абай, Жамбыл,Төле би даңғылдарындағы М-2, М-4 жылу магистралдарын қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Ал «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы қаланың орталық бөлігінің 123 көшесінде газ тарату жүйелерін жаңғыртудың екінші кезеңінің құрылыс-монтаждарын жүргізуде. Келесі кезекте «Саңырық батыр көшесінен Сорокин көшесіне дейінгі Байзақ батыр көшесінің бойында су таратқыш салу» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатса, соңғысы «Ы. Дүкенұлы көшесіндегі Насос бекетінен бастап, Саңырық батыр мен Тәуке хан көшелерінің бойымен РК-4 аралықтағы екі су жүйесін қайта жаңғырту» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылу үстінде екен.
Дегенмен тараздық тұрғындар жыл сайын көшелердің қазылып, жолдардың жабылғанынан ығыр болған. Қалада жарық пен көгілдір отын беру тоқтатылмағанымен, жаз келсе болды ыстық су маусым бойы өшіріледі. Мұның бәрін құбырлардың тозғанымен байланыстырып отырған жергілікті әкімдік енді келесі жылдан бастап ыстық су шаһар тұрғындарына жыл бойы берілетінін айтады.
«Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілетін көшелер тізімі әлеуметтік желі беттерінде алдын ала жарияланған. Бірақ көшеде жүргізіліп жатқан қазу жұмыстарына байланысты тұрғындардан бүгінде әлеуметтік желі беттерінде шағымдар көптеп келуде. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстарына рұқсат беру көрсетілмеуіне байланысты, коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдар жергілікті атқарушы органдардың келісімінсіз қазу жұмыстарын жүргізуде, заңды және жеке тұлғалар инженерлік-коммуникациялық желілеріне қосылуда. Бұл мәселемен күресу үшін қала тұрғындарының, қоғам белсенділерінің атсалысып, қоғамдық бақылауды жан-жақты ұйымдастыру қажеттігі туындап отыр. Қоғамдық бақылауды сол аумақтың тұрғындары жүргізе алады. Ендігі жерде қадағалаушы мекемелермен қатар, тұрғындар да мердігерден жұмыстың сапасын және оның уақытында орындалуын талап ете алады. Барлық жер қазу жұмыстары жұмыс кестесіне сәйкес қараша айына дейін жүргізіледі», дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов.
Енді Тараз қаласы көшелерінің жол жабындысын қалпына келтіру үлкен мәселелердің бірі болып отыр. Алайда қалалық әкімдік бұл бағытта барлық көшелерді түгендеу жұмыстары атқарылғанын айтты. Нәтижесінде жыл басында коммуналдық меншікте ұзындығы 996 шақырымды құрайтын 576 көше тіркелсе, түгендеу нәтижесімен 1531 шақырымды құрайтын 1330 көше анықталған. Көше жабындыларын реттеу үшін арнайы үшжылдық «Жол картасы» да бекітіліпті. «Картаға сәйкес бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандар орналасқан және қоғамдық көлік қатынайтын, инженерлік жүйелермен толығымен қамтылған көшелер жөнделеді. Бюджеттік қаржыландыру мүмкіндігіне байланысты қажетті жұмыстар көлемі таяудағы 3-5 жылға бөлінеді. Бұл бағдарлама шеңберінде әлеуметтік маңызы бар нысандарға барар жолдарға қосымша сыртқы жарықтандыру желілерін жүргізу және жаяу жүргіншілер жолдарын салу жоспарланып отыр. Бұл бағытта биыл ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 100 млн теңгеге 22000 шаршы метрді құрайтын 86 көшені қамту көзделсе, бүгінгі таңда оның 8900 шаршы метрінде жұмыстар атқарылды. Барлық жұмыс биыл шілде айында аяқталады», дейді Бейсенбек Жанбосынов.
Сонымен қатар қала әкімі орынбасарының айтуынша, 29 жоба бойынша ұзындығы 75 шақырымды құрайтын 148 көшеге құны 1,5 млрд теңге болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұнда негізгі қамтылатыны – «Тайвань» және «Арай» тұрғын алқаптары. Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен 600 млн теңгеге қаланың көпқабатты тұрғын үйлері орналасқан шағын аудандардағы жол жабындыларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сол сияқты «Бурыл А, Б, В» тұрғын үй массивінің 26 шақырымды құрайтын 50 көшесіне 260 млн теңгеге шағыл тас төсеу жұмыстары басталған. Жұмыстарды «Ая сервис» ЖШС жүргізуде.
Жергілікті әкімдік бұл жұмыстардың бәрінің де бақылауда екенін айтуда. Алайда жыл сайын қала көшелеріндегі құбырларды жөндеу үшін көшелер қазылғанда оны жабу мәселесі кей жерлерде ойдағыдай болмайтын. Олай дейтініміз, қар немесе жауын жауғанда кей жолдардың ортасына түсіп кететінін талай көргенбіз. Одан кейін оны қайтадан жамап-жасқау жұмыстары да әжептәуір уақытты алатын. Жуырда облыс әкімі Асқар Мырзахметов қала көшелерінің жұмысымен танысқанда осы мәселеге назар аударды. Әкім бос көміктің үстіне асфальт төсей салу сияқты салғырттықтың болмауын айтқан. Яғни әуелі қазылған, одан жамалған жердің кедір-бұдыры болмауы тиіс. Сондықтан да жауапты мердігерлермен келісімшарт жасасқанда да дәл осы тармақтың қызылмен жазылғанын ескерткен. Егер нақты жұмыста нәтиже болмаса, онда мердігерлерге айыппұл салынады. Енді Тараз көшелеріндегі құбыр ауыстыру мақсатында қазылған жолдардың сапалы жабылуы қаншалықты деңгейде дұрыс атқарылатынын уақыт көрсетеді. Тек жыл сайынғы «жыр» келесі жылы да қайталанбасын деңіз. Ал жергілікті әкімдіктің мәліметінше, жолдарды мейлінше сапалы жабуға пәрмен берілген. Яғни әрбір мердігер жұмысына жауап береді.
Жамбыл облысы