• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Тамыз, 2019

«Әкең келе жатыр» немесе бүгінгі әкелердің отбасындағы орны қандай?

657 рет
көрсетілді

Бала­­ларының алды мектепке барып қалған, ең кішкентайы 2-3 жас шамасындағы үш балалы жас отбасымен бірге ауданнан қалаға дейін сапарлас болдық. Көлік қозғалған сәттен балалар әкесінің алдына отыруға таласып, ең кішкентайы «жеңіске жетіп», әкесінің тізесіне қон­жиды.

Ал қалған екеуі анасына қыңқылдады, әкелерінің алдында отырған кішкентайға тиісіп түрткілей бастады. Анасы екеуін көндіре алмай біраз әуреге түсті. Ойындағылары орын­далмаған ересек екеуі ана­­ларының сөмкесін ақтара бас­тады. Бірі телефонын, бірі әмиянын алды. Қалаға жа­қындар тұста кішкентайы сырт­қа шығамын деп қиғылық сала бастады. Же­тіп қалдық шыдай тұр дегенге көнер емес. Жүр­гізуші де жол­дың шетіне тоқтай қалды. Кішкентайды есікке жақын отыр­ған анасы алып шығуға икемдеп еді. Бала шар ете қалып, әкесіне жармасты. Амал жоқ, үш-төрт жолаушы көліктен түсіп, әке мен балаға жол беруге тура келді. Қалаға жақындай бергенде жүректері айныған балалар әкелеріне қарай жармасып, үсті-басын малмандай етті. «Бере сал, әкеле сал» деп баланың ал­дында әкесін зыр жүгіртудің соңы бала есейгенде бармақ тіс­тетіп, жүрекке салмақ салатынын күнделікті өмірде өзіміз еле­мейміз-ау.

Әрине бұл айтып отырғаны­мызға әркімнің пікірі бар. «Несі бар екен, баланың қиқарлығын тек анасы ғана көтеруі керек пе, әкесі ғой, ол да қарасын» немесе «Онда тұрған не бар, бала әкенің қамқорлығын сезінуі керек қой» деген пікірлер айтылып, кейбіреулердің кейістік танытуы да бек мүмкін.

Бұл тақырыпты қозғауға рес­пуб­­ликалық «Айқын» га­зе­­т­індегі Бек Ғалым деген аза­маттың «Ұлына «құл» бол­ған әкелер» және ел газеті «Еге­мендегі» «Әке қа­бағы Һәм босбелбеулік» атты мақалалар түрткі болды. Автор «Бірде үйде отырғанымда алты жасар балам «су ішем, мама, су ішем» деп анасына қарай жүгіре жөнелді. Арғы бөлмеден бала емізіп отырған әйелім кітап оқып отырған маған: «Анаған су құйып бере салшы!» деді. Мен ес­тімеген кісідей кітап оқып отыра бердім. Бір кезде емшектегі баланы сілке тастаған қатыным жұлқынсын. «Кішкентай ғана нәрсе ғой, тұяғың қимылдаса өліп кетесің бе?» деп шаптықты кеп.Үндемедім. Күн күркіреп, найзағай жарқылдап, жаңбыр сіркіреп басылған соң, ештеңе болмағандай «келші» дедім. «Мен де мұны кішкентай нәрсе деп ойлайтынмын. Жоқ, бұл әсте кішкентай нәрсе емес екен, отыр сөйлесейік» дедім», деп бастайды әңгімесін. Кішкентай деп елемеген осындай «бере сал», «әкеле сал» бала алдында жұмсау немесе баланың көзінше әкенің кемшілігін тізбектеп, «сен ондайсың, сен мұндайсың» дегеннің соңы әкені баланың алдында «құл» етумен тынады. Оның соңы күш-қайраты кеміп, қарттыққа жеткенде ата-анаға ауыр салмақ қана емес, жанына егеу болатынын айтыпты. Отбасында ұл-қызына әкені құр­меттетіп, балаға зор етіп көр­сету әйелдің міндеті деп қана қой­майды автор, бүгінгі заманда әке­ге деген құрметтің кеміп бара жат­қанына алаңдайды.

Расында, қазіргі отбасында әкелердің орны, қадір-қасиеті қандай?

«Әкеміздің төбесі көрінген­нен үйде тыныштық орнайтын. Шешеміз «тұрыңдар, әкелерің келе жатыр» десе, біріміз қо­лына су алып, біріміз төрге көр­пешесі мен жастығын ала жүгіретінбіз. Дастарқан басына әкемізден бұрын отырмайтынбыз» дейтін ағалар мен апалар бүгінгі әкелердің бала алдында дәрменсіз екенін жиі сөз етеді. Оған «кінәлі» түрлі себеп-салдарды тізбектей жөнеліп, бірі үйдегі «көк сандықтағы» шетелдік ұшы-қиыры, мән мағынасы жоқ сериалдарды, енді бірі үйдегі биліктің әйелдің қолында, мектепке барса, ер мұғалімдердің аздығы, есе­сіне, нәзікжандылардың үлес салмағының басымдығы да отбасында әкеге, жалпы ер-азамат­тарға деген құрметтің кемуіне әсер етеді дейді. Мейлі себеп-сал­дар, кері әсер ететін фактор­лар көп бола қойсын. Бірақ ша­ңырақта әкенің орнын зорайтып, отбасы үшін әкенің орны төр екенін ұл-қызға ұғындырып, бойына сіңіретін әйел, яғни бала­лардың анасы екеніне ешкім дау­ласа қоймас.

 

Эльмира ЖАМАШОВА

Түркістан облысы,

Бәйдібек ауданы