Бүгінгі таңды рухани жаңғыруды сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғыртуда болашақ мұғалімдердің педагогикалық ойларын қалыптастыру күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Оқушылардың бойында ұлттық сананы оятып жас ұрпақ санасына туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіруде мектеп мұғалімдерінің көп жылдық педагогикалық жұмыстарының нәтижелі даму көрсеткіштерін жаңғырту қажет.
Еліміздегі оқушылар, рухани жаңғырудың негізгі мақсаты табысты ел болуымыздың кепілі екенін біліп өсіп келеді. Бұл тұрғыдан келгенде ұстаздар қауымы өскелең жас ұрпақты тәрбиелеуде, Отанды сүюге, құрметтеп қастерлеуге, өз елін, тегін тарихын білуге деген санасын оятып, оларға патриоттық, эстетикалық, адамгершілік тәрбие беру, өз ой-пікірін білдіре алатын оқушыларды тәрбиелеуге басымдық бергені абзал.
Бүгінгі заманда білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Білімнің шырағы жалпыға ортақ болуға тиіс. Ақпараттық дәуірде кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.
Мектеп дамуының қазіргі кезеңінде болашақ мұғалімдердің педагогикалық ойлауын қалыптастыруда табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Еліміз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Мектеп дамуының қазіргі кезеңінде болашақ мұғалімдердің педагогикалық ойлауын қалыптастыруда рухани жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар: біріншісі – ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, екіншісі – ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы – ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмысты, ұлттық кодты әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда елдің Тұңғыш Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі. Елбасының бұл мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасы деуге болады. Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын халық назарына ұсынып, ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап беріп отыр.
Елбасының мақсаты – Ұлы дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік көріністерінен тұтастай арылту. Сондай-ақ қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырады: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек». Елбасы нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, «білім культін» қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады. Осы тұрғыда Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың бастауына айналарына күмән жоқ.
Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ. Сондай-ақ «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық қасиетті орындарды және аса қастерлі жерлерді сақтауға, әрі елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру Қазақстанды өз шығармашылығы арқылы дүние жүзіне танытатын көптеген таланттарға жол ашады.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтамасыз етеді және жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болады.
Сондай-ақ Елбасы өз мақаласында қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтты. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету.
Мақаланы оқи отырып, оның әрбір сөйлемінде бүгініміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілгені түсінікті. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар жақсы жүзеге асуда. Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиіс.
Сүндет КӘРІМОВ