Түркістан облысы Төлеби ауданындағы «Сұңқар» жазғы сауықтыру лагеріне демалысқа келген балаларды әлдебір бойжеткеннің балағаттап, ұрып-соққаны бейнеленген видео әлеуметтік желіде жарияланды. Ұялы телефонға түсірілген «ұятсыз» оқиғаны сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. Бойжеткеннің аузынан жасөспірімдерге қарата айтылған балағат сөздер, «өлтірем сендерді, пышақтаймын... ыстық шайға күйдіремін» деп қорқытуы, «мал» деп намысын таптағаны, ұрып, тепкен қатыгез әрекеттері көпшіліктің жағасын ұстатты.
Қыз баланың мейірімсіз, қатыгез, сезімсіздіктен ел назарына ілігуі алдымен ата-анасының ұяты, ар-абыройына түскен қара дақ. Десек те, бұған кім кінәлі? Отбасы, қоршаған орта, білім ордалары ма? Бұл әрине, жеке тақырыптың әңгімесі. Оқиғаға оралсақ. Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округіне қарасты Біркөлік ауылындағы «Нұрлы аймақ» демалыс орны маусым айында атауын өзгертіп «Сұңқар» жазғы сауықтыру лагері ретінде жұмыс істей бастайды. Оқиғаның себебін білмек болып жауапты қызметтегі азаматтармен әңгімелескенімізде бүкіл елді шулатқан келеңсіз оқиға тендер өткізудегі кемшіліктерді де аңғартқандай болды. Жеке кәсіпкер Зарина Ибрагимова Түлкібас аудандық білім бөлімі өткізген мемлекеттік конкурсқа қатысып жеңімпаз атанады да, «Нұрлы аймақ» демалыс орнын үш айға жалға алады. Облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары А.Садықованың мәлімдеуінше, атауын «Сұңқарға» ауыстырған мекеме облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қорытындысын алмаған және облыстық Білім басқармасының лагерьлер тізіміне енбеген жекеменшік мекеме. Тиісті орындардың қорытындысын алмаған, лагерьлер тізіміне енбеген демалыс орнына мектеп оқушыларының қалай жіберілгені түсініксіз?! Белгілісі, биылғы маусымнан бастап Түлкібас ауданының 830, Шардара ауданының 50 оқушысы кезең-кезеңімен тегін демалып, сауығуға мүмкіндік алған. Алдын ала айта кетейік, әлеуметтік желіде «жұрттың «жарасына» тұз себе» немесе елді дүрліктіре түсу үшін айтылған Арыс қаласының балалары бұл лагерьге жіберілмеген. Түлкібас ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Махан Жаппарұлының айтуынша, соңғы кезеңде лагерьде түлкібастық 134 оқушы демалып жатқан. Тамызда демалу 8-9-10 сынып оқушыларына, яғни ересек топқа бұйырыпты. Келеңсіз оқиғаның басты кейіпкері – 17 жастағы бойжеткен. Қызға қарсылық білдірмей, қол көтермей әдеп сақтаған, намысқа тиер сөздерге төзімділік танытқан 7-8 ұл да бір мүшелден асқан. Осы арада жасөспірімдер неге жасықтық жасап, «долылықты доғарыңызды» айтуға да жарамады деген сұрақ та туындайды. Өздерінен 2-3 жас үлкен «әпшені» сыйлағаны, қыз бала деп құрметтегені болар, бәлкім кінәлі екендіктерін білгеннен «таяққа» арқаларын тосқан шығар. Махан Жаппарұлының айтуынша, ұлдарды ұрған бойжеткен лагерь тәрбиешісі емес, тендер жеңімпазы атанған жеке кәсіпкердің кішкентай баласын бағып-қарауға келген сіңлісі. Бойжеткеннің батыл қимылдап, «қожайынси» сөйлеуінің астарында да осы бір туыстық жатса керек. Тағы бір мәселе, тәрбиеші емес, лагерьде жұмыс істемейтін бойжеткен мекемеге қалай кірген? Бірақ білім басқармасындағылар бойжеткеннің тәрбиеші екенін айтып, қазіргі таңда үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Біз «Нұрлы аймақты» жалға берген Еркін Сартаевқа да қоңырау шалған едік. Сартаев мырза «Сұңқардағы сойқаннан» мүлде хабарсыз екен. Жалға бергеннен кейін демалыс орнына жоламаған. «Балалар болған соң, кіруге болмайды. Басқа жерде шомылып жүрмін. Маусымнан 20 тамызға дейін келісімшарт жасап, жалға бергенмін. Менің ондағы жағдайларға қатысым жоқ», дейді демалыс орнының қожайыны Е.Сартаев. Қош, сонда демалыс орнының қожайыны кіре алмай жүрген лагерьге З.Ибрагимованың туысқандары емін-еркін кіріп-шығып жүретін болғаны ғой. Жалпы жыл бойы демалыс орны ретінде қызмет көрсететін «Нұрлы аймақ» қалай лагерьге айналып шыға келді? Тендерді жеңіп алған «Сұңқар» қызметкерлерінің құрамы, педагогикалық білім-тәжірибелері мектеп оқушыларымен жұмыс істеу талаптарына сай ма? Оқиға бұл мәселелерде де олқылықтың барын аңғартты. Естуімізше, кішкентай сәбиге қарауға келген бойжеткен (әлде тәрбиеші) душқа түсіп жатқанда бір топ ұл кіріп қалған ба, әйтеуір оны қатты ашуландырып алған. Яғни, кінә ұлдардан да бар. «Балалардың айтуынша, ол тәрбиеші емес, басқа апай. Жалпы балалармен әңгімелескенімізде лагерьде барлық жағдай жақсы жасалғанын, тамаққа, төсек-орын, ойын-сауықтарды ұйымдастыру жағына ешқандай шағымдары жоқ екенін айтуда», дейді Махан Жаппарұлы. Ал бойжеткеннің жасөспірімдерді ұрып-соғып, балағаттап жатқанын ұлдардың бірі ұялы телефонға түсіріп, «чатта» бөлісіпті. Одан ата-аналардың біріне жеткен де әрі қарай әлеуметтік желіде жарияланған. Бұл оқиғада кінәлілер анықталатыны күмәнсіз. Бірақ жасөспірімдер арасында қатыгез оқиғалардың көбеюі ата-ана ақылын азық еткен, өнегесін қазық еткен ұрпақ азайып бара ма деген ойға да жетелейді. Бойжеткенді біржақты кінәлаудан аулақпыз, дегенмен оның бойында сонша ашу-ыза қайдан пайда болды? Отбасының немесе ортаның әсері ме, иә болмаса батыстық кинолардан көргеніне еліктеді ме, ол жағы бізге беймәлім. Қазақтың көрнекті ақыны Фариза Оңғарсынова «Қиналғанда қамқор болатын, кейігенде жұбататын» сүйенердің жоқтығы қыздарды есінен тандырып, мейірімсіз қатыгездікке бастайды. «Байлығыңның қадірін ұлың ержеткенде білерсің. Абыройыңның қадірін қызың бойжеткенде білерсің» дегендей, өлімнен ұят күшті екенін ата-ана түсінгенмен, бала марқайтатындығы және қартайтатындығы кей жағдайда тәрбиеге де байланысты емес», депті «Әйелдің монологінде». Елге жария болған келеңсіз оқиғадан кейін ата-ана қандай халде? Ал бойжеткен, естуімізше, ауруханада жатыр...
Қазіргі таңда «Сұңқар» лагерінде болған оқиғаға байланысты Төлеби ауданы әкімінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Сондай-ақ бұл жайт Төлеби аудандық полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 140-бабының 2-тармағы бойынша тіркелген.
Түркістан облысы