Алматы – қашанда әр қазақстандықтың жүрегінен жылы орын алары хақ. Іргелі шаһар тарихында Алматыны төрт жыл басқарған Бауыржан Байбектің де, оның алдында да болған әкімдердің де өздеріне тән қолтаңбалары қалды. Дегенмен, Байбек мырзамен алматылықтар қимай қоштасты...
«Болашақ» бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі, Сыртқы істер министрлігінде, Президент Әкімшілігінде, Nur Otan партиясында қызмет атқарып, әбден ысылып, 41 жасында еліміздің ең жас әкімі атанған Бауыржан Байбек лауазымды орынтаққа отырған күннен бастап-ақ алдына айқын мақсат қойып, төрт жылдың ішінде халық игілігі үшін көз қуантарлық қадау-қадау шаруаның басын қайырып тастады. Қаланың бюджетіне түскен қаражатты халықтың игілігіне жұмсап, осы жылдар ішінде әсем Алматыны одан әрі көріктендіруге күш салды. Мәселен, қаланы кешенді дамытуға бағытталған «Алматының даму бағдарламасы-2020» жобасын қабылдап, шаһарды әр қырынан дамытудың жан-жақты жеті бағытын ұсынды. Онда ең бастысы Алматының өмір сүруге жайлы, қауіпсіз қала болуы қарастырылған. Ол үшін әлеуметтік салаға бет бұрып, экономикалық тұрғыдан тұрақты дамуына басымдық берді.
Қалай десек те, қала әкімі қоғамға ашықтығымен танылып, оның ұсынысымен интернет желілерінде әкімдіктің аккаунттары пайда болды. Әкімдік қызметкерлері әлеуметтік желілерге түскен мыңдаған арыз-шағымды қарап, әрқайсысына жауап берді. Көптеген тұрғындардың жол, баспана, коммуналдық шаруашылықтағы қордаланып қалған мәселелері өз шешімін таба бастады. Алматылықтарға арналған «Open Almaty» атты қоғамдық қабылдау орны ашылды.
Сондай-ақ Алатау баурайында он бір күнге созылып, дүбірлеп өткен әлемнің 57 мемлекетінен қатысқан XХVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың жоғары деңгейде өткізілуі ерекше есте қалды. Дәл мұндай ауқымды әрі маңызды доданың елімізде бұрын-соңды өтпегенін ескерсек, оның әлемдік деңгейде ұйымдастырылып, абыроймен атқарылуында да Байбек мырзаның еңбегі ерен.
«Алматы – қоршаусыз қала» бағдарламасы бойынша шаһардағы ескі дуал мен қоршаулар алынды. Қоршаусыз қала – қауіпсіз қала. Демек, ондай жерлерде қылмысқа жол берілмейді, халық алаңсыз демалады. Қаншама шақырым жерасты ескіріп, шіріген құбырлар ауыстырылды. Туризмді дамытудың жол картасымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен бірге «Алматы-1» және «Алматы-2» вокзалдары қайта жөндеуден өткізілуде. Сондай-ақ «Сайран» автовокзалы мен оған тиісті аумақ және атақты «Саяхат» автобекеті қайтадан қалпына келтірілмек. «Южный» саябағы жаңаша түрленбек. «Алматыны дамытудың 50 драйверінің» бірі болып табылатын жаяу жүргіншіге басымдық беретін қайта жасалған «Астана» алаңы ашылды. Босаған кеңістіктерге веложолдар салынып, гранит тас төселген. Бұдан өзге, алаңның қос жақтауы дерндермен көгалдандырылып, лаванда клумбалары қойылған. Сатылы эспланада жаңартылып, олардың алдына классикалық стильде түн мезгілінде ерекше жарықпен нұрланатын екі құрғақ фонтан орнатылған. Жалпы, мегаполисте 23 шақырым велосипедке арналған жолдар салынған.
Сонымен қатар бірнеше көшеге біржақты жол қозғалысы енгізілді. Бұл жоба көше-жол қозғалысы желісіне түсетін жүктемені азайтуға және көлік құралдарының орташа жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді. Жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында заңсыз көлік тұрақтары алынып, орнына жаяу жүргінші жолдары ретке келтірілді. Барлық жерасты өтпелі жолындағы сауда нүктелерін жауып, күрделі жөндеуден өткізді. Қазір онда күй күмбірлеп, қазақша әуендер ойнап тұр. Панфилов, Жібек жолы, Гоголь, Қабанбай батыр, Байсейітова, Төлебаев, т.б. көшелер түгелдей жаңарды. Ондағы бұрынғы қара асфальттің орнына қырланған кеспе тас пен гранит төселіп, тап-тұйнақтай. Әсіресе жаяу жүргіншілер жүретін Арбат жарқырап тұр. Ал Панфилов көшесінің біраз жерін көлік жүргізбей, ертелі-кеш халық серуендеп, демалатын орынға айналдырды. 2 миллионға жуық халық тұратын мегаполис үшін тағы бір тамаша тарту – бастауын ақ бас Алатаудан алып, ару қала Алматыны қақ жарып ағатын Есентай өзенінің бойы – Хамит Ерғали жағалауының әл-Фараби даңғылынан Жамақаев көшесіне дейін кереметтей абаттандырылуы. Бұрынғы әкімдердің де еңбегін айта кету керек, олар әл-Фараби даңғылынан төмен Гоголь көшесіне дейін өзеннің екі жағын халық қыдырып, серуендейтін теренкур жасап, спортпен жаттығатын, сондай-ақ балаларға арналған алаңдарды сыйға тартқан-ды. Ал енді әл-Фараби даңғылынан тауға қарай өзен бойымен алматылықтар мен қала қонақтары демалып, қыдыратын осындай ғажап демалыс орнын жасауға болады екен деп ешкім ойламаған еді.
Қазір Алатауымыздың да, сарқырап ағып жатқан тау өзенінің де алқымы кеңейіп, ажары ашыла түскен. Оны айтқаннан гөрі бір рет келіп, көзбен көргенге жетпейді. Өзеннің екі жақ сағасын қосып есептегенде 4 шақырымға (20 мың текше) жапондықтардың жағаны бекіту тәсілімен табиғи тастар (габион) темір торға салынып, өріліп көмкерілген. Өзеннің арғы-бергі бетіне еркін өтетін плотинадан бір, жоғарыдан екі көпір салынып, едені төселіп, жақтауы ағашпен қапталды. Бұрынғы шағын тоған кеңейтіліп, жан-жағы цементтеліп, сырланды. Сағаны бойлай өскен бұрынғы ағаштар түгелімен алынып, орнына жас талдар отырғызылды. Көкорай шалғын шөп егіліп, жап-жасыл алаңқайға айналған. Аралығы 25-30 метрден 150 қоқыс жәшігімен қоса орындық орнатылса, оның 80-інің көлеңке, жауыннан бас сауғалайтын шатыры бар. Арық та ойластырылған. Өзеннен сәл қашықтау жерде еркін әңгімелесіп отыруға арналған 10 көркемделген күрке қойылған. Балаларға ойнауға, ересектерге жаттығу жасап шынығуға арналған неше алуан аулалық тренажерлер орналасқан екі фитнес алаңқайы бар. Енді деймін-ау, пәленше мың теңгеге фитнес клубқа барғанша жүріп, болмаса жүгіріп келіп өзен бойында таза ауада жаттығу жасауға барлық жағдай бар.
Әсіресе кешкі Есентайдың жағалауын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Самаладай жарқырап тұр. Бұл көріністердің шаһарға сән бергені өз алдына, ең бастысы көп қабатты үйлерде шіліңгір шілденің ыстығынан, қаланың қапырығынан «үп» деген желге зар болған тұрғындарды тау аңғарынан соққан самал жел аймалап, желпінтіп, сергітіп тастайды. Ал таңертеңгілік тоғанға ұшып келіп, алаңсыз жүзіп жүрген жабайы үйректер де сәнге сән, көрікке көрік қосуда. Сенбі, жексенбі күндері түннің бір уағына дейін үлкені-кішісі бар, бала-шағасымен емен-жарқын серуендеген алматылықтарға қызыға қарайсың. Тіпті демалыс күндері халықтың көптігі сонша, тротуар тарлық жасайтындай. Осы сәттерді көргенде есіме мұхиттың арғы бетіндегі Американың Брайтон-Бич (Нью-Йорк, Бруклиннің ең шеткі оңтүстік аумағы) ауданындағы Атлант мұхитының жағалауында кешкісін жаппай серуенге шығатын эмигранттардың түскені бар.
...2007 жылы АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен Орталық Азиядағы медицина тақырыбына жазатын журналистер арнайы іссапармен 21 күн сол елде болып, алты штатын аралап қайтқанбыз. Сапарлас болған түрікмен қызының арқасында кезінде Түрікменстаннан Америкаға қоныс аударып, Нью-Йорктің ең ірі ауданының бірі Брайтон-Бичте тұратын еврей ағайындардың үйінде қонақта болудың сәті түскен-ді. Аудан Атлант мұхитының жағалауына орналасып, онда негізінен КСРО-дан келген эмигранттар көп қоныстанған екен. Үй иелері кешкі тамақтан соң өздерінің күнделікті дағдылары бойынша жағалауға шығып, жатар алдында сергіп қайтатындарын айтып, бізді де қыдырып қайтуға шақырды.
Жағалауда бір мезетте соншама адам жүреді деп кім ойлаған. Ені 100-150 метрдей тақтай төселген ұзын-сонар жағалауыңызда ерсілі-қарсылы жүрген халық. Ескірген болуы керек, басқан сайын тақтайдың сықыры әжептәуір естіледі. Бәрі орысша сөйлейді. Сонда «Шіркін-ай, біздің Есентайдың жағалауын осылай халық кешке қыдыратын орын жасаса ғой» деген ойдың жылт еткені бар. Бірақ «қайдан» деп қоя салғанмын. Армандар орындалады деген, енді, міне, Есентайдың жағасы құдды Брайтон-Бичтің жағалауынан артық болмаса кем емес. Бүгінде жағалауға келген сайын кеудемді сондай бір қуаныш сезімі билеп, Есентайға жұрттың бәрін шақырғым келіп тұрады. Керемет! Ғажап!
Бүгінде Х.Ерғали жағалауын абаттандыру жұмыстары аяқталып қалды. Халық тротуар салынысымен құрылысшылармен жағаласып жүре бастаған соң, маусым айында ресми түрде ашқан-ды. Қазір қалған майда-шүйде жұмыстары жүргізілуде. Осы мүмкіндікті пайдаланып, ауқымды құрылысты қолға алып, қыстан бері қыруар жұмыс жүргізген мердігер компанияға, оның басшысына алматылықтар атынан мың да бір алғысымызды жеткізгіміз келеді.
Бәрі жақсы, халық риза. Таң сәріден шыққан жүргіншілер бір-бірімен амандасып, кіммен сөйлеспесең де Байбек мырзаға алғыстарын жаудырып, «Байбекке рахмет! Мынау Байбектің бел баласы болды-ау» деп жатқаны. Олардың арасында белгілі тұлғаларды көргенде, шұрқырасып әңгімелесіп қаламыз. Мен танитындардың өзі бір қауым. Есентайдың байырғы жүргіншілері көрнекті ақын-жазушы ағаларымыз, қаншама ардагер ғалымдар, атақты спортшылар, табиғатты жақсы көретін фанаттар, бір қуантарлығы жастар көп. Қаланың басқа аудандарынан жаяу-жалпылап та, көліктерін өзенге жақын жердегі тұраққа қойып та келетін қыдырушылардың қарасы көп.
Десек те, «Біткен іске сыншы көп» деген, тапсырыс беруші Алматы қаласы әкімдігіне бүкіл жүргіншілер атынан айтар бұйымтайымыз да бар. Мақсатымыз – әкімдік компаниядан нысанды қабылдап алмай тұрып, сол олқылықтардың орнын толтырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Біріншіден, сонау Гоголь көшесінен Жамақаев көшесіне дейінгі қаншама шақырым аралықта бір әжетхананың жоқтығы. Сондықтан әл-Фарабидің жоғары жағынан ақылы түрде болса да әжетхана салынса. Болмаса биби-әжетханалар орнатылса. Қысы, жазы су ағып тұр. Орын да жеткілікті. Бұл жөнінде мердігер құрылыс компаниясының мамандарынан сұрағанымызда, әжетхана жобасының қарастырылмағанын айтты. Мәселен, Тұңғыш Президент атындағы демалыс паркінде кіреберісте үлкен әжетхана ойластырылып салынған.Екіншіден, жағалау – жалпы қала жұртшылығы демалатын, серуендейтін қоғамдық орын болғандықтан, оның қауіпсіздігі міндетті түрде бақыланса. Қазірдің өзінде әзірге бір күркеге үстел орындығымен қойылып еді, таңертең маскүнем-қаңғыбас «ағайындарымыз» әкелерінің үйінде отырғандай бастарын жазып, гүжілге басып рахаттануда. Естуімізше, Төле би көшесінен төмен өзен жағалауындағы күркені бұзақылар өртеп жіберген. Оның үстіне қаншама қойылған орындық, күркелер, фитнес алаңқайларын неше түрлі мінезді адамдар бар, небір тәртіп бұзатындардан сақтандыру мақсатында соларға сес болатындай жағалаудың екі жағына күндіз-түні бақылайтын күзет бекеті керек. Әрі сол жерге жүргіншілер келіп, тротуардың кем-кетік жерлерін айтып жатса, оны полицейлер тиісті орындарға жеткізіп отырса құба-құп болар еді. Болмаса бір адамға штат ашып, басшы етіп бекітіп, міндеттесе. Себебі ойыңды айтып, болмаса ескерту жасайын десең, жан адам таппайсың. Ал ертелі-кеш нысанды аралап көріп, бақылап тұруда Нұр-Сұлтан қаласындағы сияқты күзет полицейлері велосипедпен, болмаса электр тогымен жүретін шағын көлікпен қамтамасыз етілсе.
Үшіншіден, плотинаның үстіндегі көпір шатырмен жабылса. Ондағы орнатылған аулалық тренажерлермен күннің ыстығында да, жауын-шашынды, қарлы күндері жаттығуларын үзбей жасауға мүмкіндік туады әрі бас сауғалайтын орын болады. Сондай-ақ көпірге бейнекамера орнатылса, қай уақытта алаңсыз отырады. Әрине тазалықты сақтап, бақылауда ұстау өз алдына бір мәселе.
Төртіншіден, қазір мұнда ит жетектеушілердің қарасы көбейген. Олар кірме жол арқылы тоғанға түсіп, су кешіп ойнақтап, күнде ертелі-кеш келіп қонатын жабайы үйректерді үркітуде. Сондықтан оларға суға түсуге рұқсат етілмейтіндей көрнекі жерге маңдайша жазу жазылып, қадағалап отырса.
Міне, осындай ескертпелерге Алматы қаласының әкімі болып жаңадан тағайындалған Бақытжан Сағынтаев оң көзбен қарайды деген сенімдеміз. Оған негіз де жоқ емес. Жаңа басшы келе сала мегаполистегі бірқатар басқарма, аудандардың жұмысымен танысып, нақты тапсырмалар беріп үлгерді. Соңғы жылдары қала билігі бар назарын қаланың орталық бөлігіне аударып келсе, Сағынтаев мырза үлкен шаһардың қай жеріне, қай шетіне бармаңыз – барлық жағынан көрікті де әсем қала екендігі сезіліп тұруы керек деген қағиданы ұстануы қалалықтардың көңіліне жағып отыр.
Ол рас. Алматының шекаралық аумағы жылдан-жылға кеңейіп, халқының саны артып келеді. Дәлірек айтқанда, Түрксіб, Наурызбай, Алатау, Бостандық аудандарының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес қаланы дамытудың «Шетсіз қала» тұжырымдамасын қабылдап, онда мегаполистегі әр ауданның орталықтандырылып, маңайы қажетті инфрақұрылымдарға қолжетімді болуын міндеттеуде. Бұл өз кезегінде халықтың қала орталығына қарай сабылуын саябырсытуға септігін тигізбек. «...Шеткі аудандар мен қаланың орталығы жақындастырылып, Алматының кез келген ауданы – мегаполистің айнасына айналуы тиіс», дейді бүгінде күңгейіндегі бас қаланың тізгінін ұстаған, соңғы жылдары республика Үкіметін табысты басқарып, еліміздің өркендеп, дамуына өзіндік үлесін қосқан ұтқыр да кәнігі басшы Бақытжан Сағынтаев. Ендеше, іске сәт, әкім мырза!
...Бірде сыйлас курстас құрбым, досым Дариғаш телефондап: «Қыз-ау, дарияның жағасына шықпаймыз ба?» деп қыдыруға шақырғаны бар. Сол айтпақшы, қала халқы үшін Есентай өзені алматылықтардың Сырдариясы, Әмудариясы емес пе! Америкалықтарша айтқанда, Брайтон-Бичі емес пе? «Жақсыны көрмек үшін», алматылықтарды Хамит Ерғали жағалауына салқындап, бой жазып қайтуға шақырамыз. «Тән қозғалса, жан қуанады» деген, келіңіздер, көріңіздер!..
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,«Egemen Qazaqstan»