Көптен күткен Әз Наурыз да есік қағып, аяздың соңы ақ жаңбырға ұласты. Осындайда дана халқымыз “Қысың қарлы болса – жер семіз, Көктемің жаңбырлы болса – дән егіз” деген. Диқан қауымы жердің бабын табу мақсатындағы күзгі дала жұмыстарына дайындықты ерте бастап, жан-жақты әзірлікке кіріскен. Өйткені, оның қырық бұрау қиындығы алда. Осы жауапкершілікті сезінген облыс басшылығы да көктемгі егіске байланысты ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жиі жиын өткізіп, “бір күні жылға азық” маусымда атқарылатын жұмыстарды жүйелеуде.
Ағымдағы жылы өңірдегі егіс көлемі 906,9 мың гектарды құраса, оның 416,3 мың гектарына дәнді дақыл, 14,2 мың гектарына “тәтті түбір”, 61,2 мың гектарына дәндік жүгері, 13,9 мың гектарына күріш, 109,4 мың гектарына майлы дақыл, 29,8 мың гектарына бақша мен көкөніс, 34,8 мың гектарына картоп егу жоспарланған. Науқанға байланысты жасалған жоспарға сәйкес мәшине-трактор жөндеу шеберханаларындағы трактордың, тұқым сепкіштің, қопсытқыштардың жөнделіп, сапқа қойылғаны да әзірліктің жан-жақтылығының дәлелі.
Көктемгі егіске 26950 тонна жанармай, 66 тонна бензин, 1293 тонна жағармай қажеттігі есептеліп, оның қорын жасау жұмыстары жалғасуда. Егіннен мол өнім алу кепілі сапалы тұқым екені даусыз. Жетісулықтар қолдағы бар тұқым мөлшерін жеткілікті әзірлеп, оны агротехникалық талаптарға сай сараптамадан өткізуде. Жаздық дәнді дақыл тұқымының 50773 тоннасы зертханадан өткізіліп, қамбаға құйылған. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тұқымды толық тексеруден өткізуге жұмылып, гектар берекелілігін арттыруға ден қойғаны осыдан аңғарылады.
Мемлекет басшысының биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында “Индустриалық даму – бұл біздің жаңа онжылдықтағы мүмкіншілігіміз, ел дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер. Әртараптандырудың басқа бір маңызды сегменті агроөнеркәсіптік кешенді дамыту болып табылады”, деп оның негізгі бағыттарын нақтылап, салаға тың тәжірибені пайдалану, жаңа құрал-жабдықтар, шикізатты қайта өңдеуді шұғыл арттыру мәселелері қамтылды. Өңірдегі ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне мемлекет тарапынан субсидия беру мәселелері де кеңінен қарастырылған. Дақыл шығымдылығы мен сапасын арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштарды ішінара арзандатуға республикалық бюджеттен 177,233 млн. теңге қаржы қарастырылғаны саланы өркендетудің кепілі екені даусыз. Осылайша тыңайтқыштарды “Қазфосфат”, “Қазазот”, “НПО АнаЖер”, “Хазрат-Али- Акбар” және “Arcelor Mіttal” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өндіретін болып белгіленіпті. Мұндай жеңілдік еліміздегі қолданысқа рұқсат берілген отандық лицензиясы бар жеткізушілерден ғана алынатын гербицидтерге төленетіні де тауар өндірушілерге түсіндірілуде.
Биылғы көктемнің әр сағатын тиімді пайдаланған егістіктің дегдуін күткендер табысы ерекше болатынын атап айтқан жөн. Салаға берілетін жеңілдіктерді пайдалану арқылы суперэлиталы тұқымды сатушылар мен оны сатып алушыларға да едәуір жеңілдік бар. Өңірде “тәтті түбір” өсірушілердің биылғы жылы өз өнімдерін қант зауыттарына қалыпты бағада өткізуіне де жағдай жасалатын тәрізді. Облыс әкімінің түрік бизнесмендер қоғамының өкілдерімен жүргізген келіссөзі нәтижесінде Ақсу қант зауытының жұмысы жанданатын болса, инвестиция тарту арқылы қант зауытының тамырына қан жүгіретінін де диқан қауымы қуана қабылдауда.
Қазіргі кезде көктемгі егіске қажетті тұқым өндірумен 6 бірегей, 26 элиталық, 38 өнімділігі жоғары тұқым шаруашылықтары айналысуда. Олар өткен жылы 3768 тонна элиталық, 2139 тонна өнімділігі жоғары тұқым өндіріп, гектар берекелілігінің артуына өзіндік үлестерін қосқан еді. Биылғы жұмыс қарқыны бойынша көктемгі егістің тиянақты жүргізілуіне барынша назар аударылғаны аңғарылады. Егістікті тамшылата суарудың тиімділігі жоғары екендігінен отырғызылатын бақтар мен жүзімдік алқаптары осы әдісті пайдалану арқылы күтіледі деп жоспарлануда. Осыған байланысты шаруа қожалықтарындағы түйінді мәселелер мүмкіндігінше шешімін табатын болады.
Дала жұмыстары басталысымен 224,6 мың гектар жаздық дәнді дақыл себіліп, 410,3 мың гектарға ылғал жабылып, 304,9 мың гектар жер жыртылып, науқанды қысқа мерзімде аяқтау мәселесі қарастырылуда. Көктемгі егіс кезінде кездесетін кейбір оралымсыздықтардың орнын толтыру мақсатындағы жұмыстар да зерттеліп, оның алдын алу шаралары қолға алынған.
Жетісудың құнарлы алқаптарын игеру мен одан алынатын өнімді молайту диқанның бүгінгі әзірлігіне тікелей байланысты десек, жауапкершілік жүгін жете сезінгендердің бүгінгі қимылдары ширақ.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.