Сенбі, 19 қаңтар 2013 8:04
Жұмыс күні аяқталып, ауруханадағы абыр-сабыр бәсеңсігелі қашан. Ол кабинетінде әлі отыр. Күндегі әдеті осы. Бүгін де ота жасалған сырқаттарға соғып, хал-жағдайларын білгеннен кейін, хатшы қыз алдына қойып кеткен құжаттарды қарап шықты. Енді үйге қайтса да болар еді. Бірақ, оны жіпсіз байлап отырған тағы бір жағдай бар. Ертең созылмалы жүрек ауруына шалдыққан, дерті әбден асқынып ота жасаудан басқа амал қалмаған сырқаттың тағдыры шешілмек. Иә, қостанайлық Жәнібек Оспановтың тағдыры шын мәнінде қыл үстінде тұр. Оны ажал аузынан арашалап қалу үшін жүрегін ауыстыру керек. Мұндай ота Қазақстанда бұрын-соңды жасалмаған.
Сенбі, 19 қаңтар 2013 8:04
Жұмыс күні аяқталып, ауруханадағы абыр-сабыр бәсеңсігелі қашан. Ол кабинетінде әлі отыр. Күндегі әдеті осы. Бүгін де ота жасалған сырқаттарға соғып, хал-жағдайларын білгеннен кейін, хатшы қыз алдына қойып кеткен құжаттарды қарап шықты. Енді үйге қайтса да болар еді. Бірақ, оны жіпсіз байлап отырған тағы бір жағдай бар. Ертең созылмалы жүрек ауруына шалдыққан, дерті әбден асқынып ота жасаудан басқа амал қалмаған сырқаттың тағдыры шешілмек. Иә, қостанайлық Жәнібек Оспановтың тағдыры шын мәнінде қыл үстінде тұр. Оны ажал аузынан арашалап қалу үшін жүрегін ауыстыру керек. Мұндай ота Қазақстанда бұрын-соңды жасалмаған. Ертеңгі отаға дайындық барысын минут сайын дерлік қадағалап отырғаны содан. Былай алып қарағанда, тиісті дайындық жасалды, бәрі ескерілген сияқты. Отаға қатысуға тілек білдірген чехиялық әріптесі келді. Донор жүрегі бар. Сәтін салса, бәрі ойдағыдай болуға тиіс. Дегенмен, көңілде қобалжу да жоқ емес. Оның ойына осыдан екі ай бұрын ота жасау барысында орын алған төтенше жағдай оралды. Сол жолы ол әріптестеріне жүрек талмасына ұшыраған, бұрын да жергілікті жерде ота жасалғанмен, нәтижесі көңілдегідей болмаған он тоғыз жасар азаматты ажал аузынан алып қалудың бір-ақ жолы бар екенін, кешіктірмей жүрегіне бір мезгілде екі көмекші құралды ауыстырып қондыру қажеттігін айтқанда, өзімен көптен бері бірге келе жатқан, талай сындардан бірге өткен сырмінез жандар осының арты қалай болар екен дегендей үнсіз қалған. Оларды да түсінуге болады. Бұрын-соңды мұндай ота Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде ғана емес, Шығыс Еуропада да жасалмаған. Американың өзі мұндай тәуекелге таяуда ғана барғаны белгілі. Кардиохирургия саласында әзірше осы мүмкіндікті пайдаланған алты ел ғана. Бәрі ойдағыдай аяқталса, Қазақстан жетінші болады. Бес сағатқа созылған дайындықтан кейін дәрігерлер ота жасауға кірісті. Міне, осы арада ота үстелінің маңындағыларды әбігерге салған жағдай орын алды, сырқаттың оң жақ қарыншасы жыртылып кетті. Дереу дене тоңазытылып, қан айналымын тежеу арқылы жараның аузы тігілді. Сөйтіп, ота сәтті аяқталды.
Ал ертеңгі отаның жөні бөлек. Оның сәтті аяқталатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Оны бірден келісім бере қоймағанына қарағанда, сырқаттың өзі де түсінетін сияқты. Мүмкін, оған өзінің сырқаттан ештемені жасырмайтыны да әсер еткен шығар. Жәнібекке де бәрін жасырмай айтқан: өте күрделі ота. Бұрын Қазақстанда мұндай ота жасалмаған. Қазақстанды айтасыз, бұл әзірше дамыған елдердің өзі қолға алмаған іс. «Солай екен деп үрейленудің де жөні жоқ, бәрі ойдағыдай болады. Қорықпаңыз». Ақыры Жәнібек: «Қайтейін, тағдырдың жазуы сол болса, көнемін», деп келісімін берді.
Юрий Владимирович «бәрі ойдағыдай болады» деген сөздерді сырқаттың көңілі үшін тектен-текке айта салған жоқ. Өз ісіне сенімі зор болғандықтан айтты. Қазір өзі басқарып отырған Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықта небір күрделі оталарды жасауға барлық мүмкіндіктер бар. Орталық ашылған күннен бастап жүрек-қан тамырларында патологиясы бар науқастарды емдеуде инновациялық медициналық технологиялар белсенді түрде қолданып келеді. 2011 жылдың қарашасында алғаш рет ауыр созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар науқастарды емдеуде бірегей жоғары технологиялық кардиохирургиялық отаның түрі енгізілді. Ол сол жақ жүрек қарыншасына механикалық қолдау қондырғысын имплантациялау деп аталады. Яғни, қарапайым тілмен айтар болсақ, еліміз медицинасында алғаш рет механикалық зат арқылы жүрекке қан айдау мүмкін болып отыр. Бұл инновациялық технологияның мүмкіндігін бүгінгі күнде жүрек трансплантациясының жалғыз баламасы әрі созылмалы жүрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастарға көмектесудің бір ғана амалы деуге болады. Орталық 2011 жылдың желтоқсанында соңғы үлгідегі Heart Ware Ventricle Assist Device (VAD) қондырғыларын имплантациялауды жүзеге асырды. Осы арқылы Қазақстан жүрекке ашық түрде бірегей жоғары технологиялық оталар жасайтын әлемнің 22 жетекші елінің қатарына қосылды. Мұндай оталар жасауға Ресейдің өзі жаңа ғана бетбұрыс жасап отыр. Ал, Украина, сол сияқты, Орталық Азия елдерінде әзірше бұл жөнінде әңгіме де жоқ.
Иә, бүгінде Қазақстанда медицина саласы қауырт даму үстінде. Бұлардың аортокоронарлық шунттеуге кіріскендері кеше ғана сияқты еді. Қазір мұндай ота күн сайын бірнеше адамға жасалады. Ол кешікпей жасанды жүрек қондырудың да үйреншікті жайға айналатынына сенімді. Дегенмен, дәрігердің қол жеткенге тоқмейілсуге, отаға дайындық кезінде, жасау барысында бір сәтке де босаңсуға құқы жоқ. Ол жүрекке ғана емес, кез келген органға ота жасауда күтпеген оқиғалардың орын алуы мүмкін екенін жақсы біледі. Ондай жайлар өз басынан да талай өткен. Кейде техника сыр беріп жатады. Ота үстінде жарықтың өшіп қалатын кездері де болады. Бұл дегеніңіз, дәрігер ағзаның маңызды функцияларының жұмысын бақылау мүмкіндігінен айырылады деген сөз. Сол сияқты, диагностикалық қызмет қателіктерге жол беруі мүмкін бе? Мүмкін. Ота жасау барысында кездесетін басқа да тосын жайлар аз емес. Солардың алдын алу керек. Кез келген отаны жалғыз адам жасамайды. Жүрек алмастыруды былай қойғанның өзінде, қазір үйреншікті іске айналып кеткен аортокоронарлық тамырластыру кезінде де тұтас бригада: төрт оташы дәрігер, жасанды қан айналымын қамтамасыз ететін екі маман, екі анестезиолог, жедел диагноз қоятын лаборант-дәрігер, қан құюмен айналысатын маман, мейірбикелер жұмыс істейді. Міне, солардың барлығының үйлесімді қызметін қамтамасыз еткенде ғана жақсы нәтижеден үміттенуге болады.
Тәубе, жаңа кардиохирургиялық орталық іске қосылғаннан бері жағдай айтарлықтай жақсарды. Қазіргі орталық барлық халықаралық стандарттарға сай деп нық сеніммен айтуға болады. 37 мың шаршы метр аумақты алып жатқан ауруханада бір мезгілде 180 адам ем алады, 6 ота жасау блогы бар. Мұның өзі жыл сайын жүрекке 3000 ашық ота жасауға, сол сияқты, кеуде клеткаларын кеспей-ақ жүрек тамырларының қалыпты жұмысын қамтамасыз ететін шаралар қолдануға жол ашып отыр. Қолданылатын жабдықтардың бәрі жаңа, «Сименс», «Дрегер» сияқты еуропалық өндірушілердің өнімдері.
Оның ойына осы орталық салынып жатқанда арнайы келіп істің жайымен танысқан Елбасының сөздері оралды. «Біз үшін басты байлық – халықтың денсаулығы. Одан ешнәрсені аямаймыз. Міне, тағы бір үлкен бағдарлама жүзеге асқалы тұр. Енді бәрі өздеріңізге байланысты», деген Нұрсұлтан Әбішұлы. Сөз реті келгенде, ол да өзінің қуанышын жасыра алмаған, мамандандырылған орталық іске қосылғаннан кейін кардиохирургия саласын жаңа деңгейге көтеруге жол ашылатынын айтып, Елбасын белгіленген шаралардың сөзсіз орындалатынына сендірген.
Іші-сыртына қараған сайын көз тоймайтын орталық қазақстандық кардиохирургтердің жүзеге асқан арманы десе, артық айтқандық емес. Оған дейінгі елдегі жағдай мәз емес-ті. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап бүкіл әлемді шарпыған жүрек-қан тамырлары аурулары біздің елімізде де жылдан-жылға өршіп келеді. Медициналық деректер бойынша, жүрек-қан тамырлары аурулары салдарынан жыл сайын әлемде 15 миллиондай адам өмірмен қош айтысса, Қазақстанда жүрек ауруларынан бір жылда 80 мыңдай адам көз жұмады. Бұлардың бәрі де 35-60 аралығындағы еңбекке қабілетті адамдар. Жалпы, республикада өлім-жітім бойынша жүрек аурулары бірінші орында тұр. Ғалымдардың болашаққа жасаған болжамдары да қуанарлықтай емес, олардың айтуларына қарағанда, таяудағы отыз жылда жүрек-қан тамырлары ауруларының беті қайта қоймайды. Оны қазірдің өзінде республика тұрғындарының 1 миллион 800 мыңдайының жүрек, қан-тамырлары ауруларына байланысты есепте тұрғанынан да аңғаруға болады. Ал дәрігерге көрінбей жүргендер қаншама?! Жағдайды жақсарту үшін жыл сайын жүрекке кем дегенде 15-16 мың ота жасалуға тиіс. Ол үшін, әрине, жақсы база, білікті дәрігерлер, қаржы, бір сөзбен айтқанда, кардиохирургия саласын дамыту қажет. Осы мәселені өзі болған шетелдердегі жағдайды алға тарта отырып талай рет әріптестері арасында, алқалы жиындарда көтерген. Бұл Елбасының да көкейінде жүрген мәселе екен. Сөйтіп, Мемлекет басшысы Үкіметке елімізде кардиохирургия саласын дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын жасап, жүзеге асыруды тапсырды. Айтылған сөз жерде қалған жоқ. Кардиохирургиялық орталықтар Астанада ғана емес, облыстарда да салынуда. Елде бұл саланың өскендігі соншалық, қазір әлемде қолданылатын барлық жоғары технологиялар қазақстандықтардың игілігіне айналып отыр.
Орталықтың негізгі қызметі инновациялық медициналық технологияларды пайдаланып, тұрғындарға білікті кардиологиялық, кардиохирургиялық көмек көрсету болса, бұл орайда тындырылып жатқан істер аз емес. Орталық дәрігерлерінің әрқайсысы жеткілікті жұмыс тәжірибесі мен кәсіби даярлықтың жоғары деңгейіне ие мамандар. Олар АҚШ, Германия, Израиль, Түркия, Литва, Ресей және Белоруссияның жетекші клиникаларында оқыған. Ол Махаббат Бекбосынова, Тимур Лесбеков, Талғат Ыбыраев, Тимур Қапышев, Серік Бекбосынов, Ермағамбет Қуатбаев, Мұрадым Оралбаев, Светлана Новикова, Владислав Ачкасов, Еділ Ботабаев, Дарқан Сүйгенбаев, Азамат Құрмалаев, Арайгүл Ыдырышова сынды әріптестеріне өзіне қалай сенсе, солай сенеді.
Жаңа орталық іске қосылғаннан бері мыңдаған науқастарға көмек көрсетілді, соның төрт жарым мыңға жуығы ересектер болса, бір жарым мыңы балалар. 2000-ға жуық науқастың жүрегіне ашық оталар жасалды, соның 500-і балалар мен нәрес-телер. Жалпы, осы уақытқа дейін орталықта жүректің қосалқы қан айналымы қондырғысының 50 түрі имплантацияланды. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсе беруге тиіс.
Иә, қазіргі жағдайды осыдан бір-екі жыл бұрынғымен мүлде салыстыруға болмайды, айырмашылық жер мен көктей. Мұнымен қоса, орталықта ROC Safe жүйесін қолдану арқылы кардиохирургиялық оталарды жүргізу технологиясы енгізілді. Бұл емделушілер үшін жаңа, тиімді және қауіпсіз технология саналады. Осы жүйені қолдана отырып ота жасалғанда уақытша жасанды вентиляция қысқартылып, отадан кейінгі қанның азаюы (мерцат аритмиясы және қан кету) салдарынан ота кезінде және одан кейінгі уақытта қан құю қажеттілігі төмендейді. Аортокоронарлық тамырластыру және жүрек қақпақшаларын протездеу барысында жүрек ырғағының бұзылуы бар сырқаттарды емдеуде Cardioblate жүйесінің интра-операциондық радиожиілікті аблациясы – инновациялық технологияларымен оталар жасала бастады. Бұдан басқа, эндоваскулярлық хирургтармен бірлесе отыра, пациенттерге қиын гибридті оталар жасалуда. Орталықтың тағы бір жетістігі – жүрекке ашық операция жасау барысында экстракорпоральды мембранды оттектеу әдісі енгізілді. Сөйтіп, дем алысы қиындаған жандарға ота жасау барысында егу арқылы қанына оттегі жіберілетін болды. Сондай-ақ, интервенциялық кардиология дәрігерлерінің бастамасымен туа біткен жүрек ақауы бар науқастардың жүрек қарыншасындағы «көпірдің» ақауын транскатетер арқылы жабуға арналған технология енгізілді. Бүгінде Қазақстанда алғаш рет бір жасқа дейінгі балаларға, туабітті жүрек ақауы бар сәбилерге, сонымен қатар, бір ғана қарыншасы бар жүректерге жоғары технологиялық, көпсатылы кардиохирургиялық оталар жасалуда. Болашақта жүрегінде ақау бар науқастарға жүрек трансплантациясы бойынша оталар, жүрек клапанында ақауы бар науқастарға қолқалы қақпақшаны тері арқылы протездеу, артериалды гипертензия терапиясына интервенциялық емдеу, жүректе аз инвазивті эндоскопиялық оталар, аритмиясы бар балаларға жоғары мамандандырылған көмек көрсету, аз инвазивті эндоваскулярлы араласулар жоспарлануда. Орталықта жүрек ырғағының бұзылуы, жүректің кенеттен тоқтап қалуының генетикалық үрдістері туралы ғылыми-техникалық жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыс басталды. Осы жобаның жүзеге асырылуы жүректің кенеттен тоқтап қалу қаупі жоғары мерцат аритмиясы бар тұлғалардың жүрек ырғағы бұзылуының даму механизмі мен себептерін анықтауға мүмкіндік береді және диагностикасының жаңа әдістерін әзірлеуге көмектеседі.
Аса бір жауапты сәтте осылай ой жетегіне ерген ол өзінің тікелей қатысуымен жүзеге асырылған ұлан-ғайыр істерді шолып шыққанын аңғармай да қалды. Соңғы жылдары кардиохирургия саласында Қазақстанда революция жасалды деуге болады. Астаналық клиниканың Халықаралық зерттеу бағдарламасына қосылуы осының дәлелі. Демек, ертеңгі отаның да ойдағыдай өтетініне оның сенімі мол.
Жүректі трансплантациялау жөніндегі алғашқы ота 1967 жылы Америкада жасалған. Қазақстан оған жаңа ғана кірісіп жатыр. Өйткені, бұл дәрігерлердің білімі мен біліктілігіне ғана қатысты мәселе емес. Оған ең алдымен тиісті материалдық база, мол қаржы керек. Елбасының тікелей қамқорлығының арқасында бұл мәселелер толық шешілді. Сол сияқты, мұндай қадам жасарда қоғамды дайындаудың да маңызы зор. Айталық, жол апатынан қайтыс болған адамның жүрек, бүйрек, бауыр басқа да органдарын пайдаланып, талай адамды ажал аузынан арашалап қалуға болар еді. Әрине, оған туған-туысқандарының келісімі керек. Ол арнайы заңда қарастырылуға тиіс. Қазақстан бұл мәселені де шешті. Депутаттар ұзақ талқылаудан кейін 2009 жылы тиісті заңға трансплантация туралы арнайы норма енгізді. Онда қайтыс болған адамның ағзасы оның жазып кеткен келісімімен миы қызметін толық тоқтатқаннан кейін алынатыны, ал аяқастынан қайтыс болған адамдардікі туыстарының рұқсатымен пайдаланылатыны айтылған. Соның негізінде қазіргі таңда жүректі, бауырды, бүйректі ауыстырып салуға аз да болса, жол ашылып отыр. Бірақ, әлі заң нормасы толық жұмыс істеп кетті деуге болмайды.
Қазіргі таңда Қазақстанда өмірі тікелей осы ағзаларға тәуелді 5 мыңға жуық адам есепте тұр. Өйткені, шетелдерде трансплантация жасату өте қымбат. Мысалы, бүйрек – 30-35 мың доллар, бауыр – 250-280 мың доллар, жүрек – 300 мың доллар тұрады. Оны қарапайым адамдардың қалтасы көтермейтіні жай да түсінікті. Ал өз елімізде бұл оталардың қолжетімділігі қамтамасыз етілген және тегін жасалады. Ең қиыны донор мәселесі еді, бұл орайда да ілгерілеушілік байқалып отыр. Рас, Игорь Воротников та миына қан құйылып кенеттен қайтыс болған анасының жүрегін Жәнібек Оспановқа салуға бірден келісе қойған жоқ. Ойланды. Қиналды. Бірақ, сол арқылы жас жігіттің өмірін сақтап қалатынын түсінгеннен кейін келісімін берді.
Адам дәрігер болып тумайды. Таңдаған мамандықтың қыр-сырын толық меңгеріп, өз ісіңнің нағыз шебері атану үшін күн сайын еңбектеніп, тер төгу, кездескен қиындықтарды жеңе білу керек. Ал егер өз мамандығыңды сүймей күнкөріс үшін осында сүйретіліп жүрсең сол қайғы. Қазір елде медицина қызметкерлерін даярлайтын жоғарғы оқу орындары аз емес. Соның өзінде көптеген аймақтарда дәрігерлер жетіспейді. Америкада, Еуропа елдерінде кардиохирургия саласының мамандарын даярлауға орта есеппен он жыл кетеді екен. Шеберлік іс үстінде шыңдалуға тиіс. Ол үшін хирург бір жылда кем дегенде 130 ота жасауы керек. Республика бойынша жыл сайын 15 мың ота жасалуға тиіс. Қазіргі көрсеткіш – 4 мың. Бұл аз… Бәрі Астананы, Алматыны төңіректейді. Адам қайда тұрса да сапалы қызметке қолы жетімді болуы керек. Жақсы хирург өзіндік «мені» бар адамнан ғана шығады… Ол өзінің білімін, тәжірибесін, күш-жігерін осы мақсатқа жұмылдырып келеді. Шәкірттері де жоқ емес… Адам жанының арашашысы – дәрігер болуды бала кезінен армандамаса да оның өз таңдауына өкінген кезі болған жоқ. Дәл қазір бәрін қайта бастаса да осы жолды, дәрігерлікті, оның ішінде хирургтікті қалайтыны күмәнсіз.
Сырт-сырт соққан сағат тілі тоқтаусыз алға жылжыған сайын түн қараңғылығы да қоюлана түскендей. Ол әлі отыр. Бір сәт ертеңгі ота жайын ойлап мазасызданса, енді бір сәт өткен күндер, жастық шақ елесіне еріп, тәтті күй кешеді. Кеңес заманында жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар қызмет орындарына жолдамамен жіберілетін. Осылай, Мәскеудегі Екінші медицина институтын тәмамдаған Юрий Владимирович пен жары, ол да дәрігер, Тула облысынан бір-ақ шықты. Бірақ, мұндағылар жас дәрігерлердің тұрақтап қалуларына ықылас таныта қойған жоқ. Ақыры, олар жарты жылдан кейін әйелінің туған жері Қырғызстанға қоныс аударуға мәжбүр болды. Ол ота жасауды осында бастады. Көп кешікпей қолы жеңіл хирург атанып, ауызға ілікті. Осылай жас маман алаңсыз өзінің сүйікті ісімен айналыса бастаған кезде жағдайдың күрт өзгеруі, Одақтың ыдырап, күнкөрістің қиындап кетуі бұларға да аз салмақ салған жоқ. Кездескен қиындықтарға төзе алмаған кейбір әріптестері бизнеске ауыса бастады. Осының алдында ғана Кореяға бір айлық стажировкаға барып, біліктілігін жетілдіріп қайтқан оған да болашағын ойлауға тура келді. Өйткені, жүрекке ота жасау үшін көп қаржы керек еді. Ондай қаржы Қырғызстанда қайдан табылсын. Осыдан кейін ол өзінің еңбек жолы туралы шағын ғана түйіндеме жасап шетел клиникаларына жолдады. Жауап көп күттірген жоқ, Түркиядан шақыру алды. 1994 жылдан бастап ол осында он жылдай тек ота жасаумен айналысты, 3000-нан астам адамға өмір сыйлады. Заманауи клиника, барлық жағдай жасалған, еңбекақысы да жаман емес. Алайда, күтпеген жағдай оның өміріне тағы бір өзгеріс әкелді. Бірде Мәскеуге ғылыми конференцияға келген ол кезінде Қырғызстанның астанасы – Фрунзеде (қазіргі Бішкек) бірге еңбек еткен әріптесі Серік Елембаевпен кездесіп қалды. Жастық жақты, туып-өскен елді еске алды. С.Елембаев қазір өзінің Қазақстанда тұратынын, онда заманауи кардиохирургиялық орталық салу мәселесі көтеріліп жатқанын айтты. Оның қызығушылығын туғызды. Қанша дегенмен, туған жердің аты туған жер ғой, ол Қазақстанға оралуға ұйғарды, осы ниетін білдіріп іле сала басшылығының атына хат жолдады. Кешікпей жауап келді. Осылай, 2004 жылдың басында Отанына оралды. Сөйтіп, 2004 жылдың 7 сәуірінде жаңа жұмыс орнында алғашқы отасын жасады. Аортокоронарлық тамырластыру алты сағатқа созылды. Қазір орта есеппен алғанда, дәрігерлер күн сайын ота столының басына үш рет тұрады. Ол тәртіпті, жүйелілікті жақсы көреді. Қазір оталардың 90 пайыздайы жоспарлы түрде жүргізіледі.
Ол бір сәтке ойдан сергіп, алдында жатқан газетке үңілді. «Республиканың Бас хирургі Юрий Владимирович Пя германиялық әріптестерімен бірге сырқатқа жасанды жүректі имплантациялады. Посткеңестік кеңістікте мұндай ота тұңғыш рет жүзеге асырылып отыр. Осындай тұңғыш ота Германияда жасалса, екінші ота АҚШ та жасалған. Қазақстан үшінші. Жасанды жүрек 61 жасар Астана тұрғынына қондырылды. Қондырғы минут сайын 10 литр қан айдайды. Орталықта осы іс қолға алынған 2011 жылдан бері 37 сырқатқа жасанды жүрек орнатылды. Мұндай инновациялық технология терминалдық жүрек жетімсіздігіне ұшырағандарды емдеудің бірден-бір жолы», делінген тілші мақаласында. Жүрекке ота жасау оның күнделікті ісіне айналды. Жақында бір журналист Ю.В. Пя 5000 ота жасады деп жазыпты. Соны санап жатқан бұл жоқ. Оның басты мақсаты – адамдарды аман алып қалу. Бұл ретте көрсеткіштердің бірте-бірте жақсарып келе жатқаны сөзсіз. 2006 жылы жүрек-қан тамырлары ауруларынан өлім көрсеткіші республика бойынша 100 мың адамға шаққанда 526 адамнан келсе, 2011 жылы 319 адамға кеміген. Бұған, әрине, өзіңнің де үлес қосып жүргеніңді сезіну зор бақыт.
* **
Әдетте, медицина қызметкерлері жайлы әңгіме қозғала қалса, ойға бірден ақ халатты абзал жандар, адам жанының арашашысы деген сөздер оралады. Иә, күн демей, түн демей халықтың, елдің басты байлығының күзетінде тұрған жандар туралы не айтсақ та артық емес. Десек те, дәрігерлердің бәрінің бірдей күн сайын ажалмен бетпе-бет келіп, арпалысып жатпағаны да шындық. Сондай санаулы мамандардың бірі – «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Юрий Владимирович Пя. Соңғы жылдардың оның өміріне әкелген өзгерістері аз емес. Ең бастысы – әлемдік озық әдістерге сүйене отырып бірнеше күрделі ота жасады. Жүрегін ауыстырған Жәнібек Оспанов аман-есен ортасына оралды. Сәби сүйді. Өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Президенттің өз қолынан «Парасат» орденін алды. Жыл аяғында тағы бір қуанышқа бөленді. Дәстүрлі «Алтын адам-2012» байқауының қорытындысы бойынша жылдың үздік дәрігері атанып, Алтын жауынгердің мүсіні мен сертификатын еншіледі. Осынау беделді сыйлықтың иесін анықтауда таңдаудың атақты оташыға түсуі тегін емес. Юрий Владимирович Пя көптеген сырқаттарды ажал аузынан алып қалған білікті дәрігер ғана емес, әлемдік озық медицина жетістіктерін енгізу арқылы Қазақстанның кардиохирургия саласын дамытуға зор үлес қосып келе жатқан іскер ұйымдастырушы. Оның тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Ұлттық медициналық холдингтің құрамына кіретін Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы ең жас құрылым болғанмен, Орталық Азия аймағындағы қызметі әлемдік сапа стандарттарына сай көшбастаушы ұйымға айналды.
Иә, ол – қолы ғана емес, жүрегі де, өзі де алтын адам!
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.