Сәрсенбі, 23 қаңтар 2013 7:34
Шын мәнінде жұмыс таба алмай, нәпақасын қайдан айыруды білмей әйелі ерге, ері жерге қарап дағдарғандар бар шығар, бірақ әңгіме мүлде басқа «жұмыссыздық» хақында. Жұмыссыздық шапанының шалғайы кең, оның жапсарына жалқаулар да, мансапқорлар да мыңдап сыйып кете алады. Бір қызығы, оны жамылған кейбіреулердің қайта шешуге аса құлықты болмауы…
Сәрсенбі, 23 қаңтар 2013 7:34
Шын мәнінде жұмыс таба алмай, нәпақасын қайдан айыруды білмей әйелі ерге, ері жерге қарап дағдарғандар бар шығар, бірақ әңгіме мүлде басқа «жұмыссыздық» хақында. Жұмыссыздық шапанының шалғайы кең, оның жапсарына жалқаулар да, мансапқорлар да мыңдап сыйып кете алады. Бір қызығы, оны жамылған кейбіреулердің қайта шешуге аса құлықты болмауы…
Қазақ еңбекті жоғары бағалаған. Қол қусырып қарап отыру ең ұнамсыз әдет. Іссіздік – жоқшылықтың бастауы, масылдыққа апаратын жол. Ал масылдың, тіпті ең жақын туысы үшін де қадірі қандай болатындығы белгілі… Сондықтан, дені сау, ақыл-есі дұрыс адамның кәсіп етіп, отбасын асырауы – міндетті парыз. Бұл парыз тәуелсіздігін алған жас мемлекетіміздің көсегесін көгерту үшін еселене түсіп, азаматтардың тер төге еңбек етуі тиіс болатын. Біз қазір қандаймыз?Мемлекеттік қызмет орындары мен бюджеттік салада қызмет ететіндерді айтпағанда, біраз тұрғындар нарықтық қатынастарға қадам басқалы жеке кәсібін ашып, өз қазанын өзі қайнатуды жөн санады. Елімізде оларға қолдау мен қамқорлық басты назарға алынды. Өзге тұрғындар өндіріс орындарына қарай ағылды. Шексіз дүние болған ба, мүмкіндігіне қарай қажетті орындарды мамандармен, жұмысшылармен толықтырған соң, олар да есігін жапты. Қалған тұрғындарға қайтпек керек? Алғашында жұмыссыз қалып сандалған арыстай азаматтар бірте-бірте салбөксе тірлікке еті үйренді. «Жұтқан – жұтамастың» керімен әйел, бала-шағаның арба сүйреп, шекілдеуік сатуымен алдына келген шай-суды қанағат етіп, өз бетінше тірлік етуге тәуекел етпеді, әлде тіпті қажетсінген де жоқ. Біздің елдегі жұмыссыздық жәйі сонау жылдары осылай басталған еді…
ЖҰМЫССЫЗДЫҚТЫҢ ЖАҢА «ТҮРЛЕРІ»
Бүгінде тәуелсіздіктің алдыңғы жылдарындағы қалт-құлт күй артта қалып, аяққа тұрдық. Бұрынғы «лажсыз жалқаулық» қазір жалқаулық дертіне жалғасты. Қазіргі қазақ малын біреуге бақтырып, егін егу мен көлігін жүргізуді, қорасын тазалап, құрылыс салуды өзгенің қолымен жүзеге асырады. Тіпті, қазақтың қыз-келіншектері үйін тазалап, баласын бағып, кір-қоңын жуып, көрпесін тігетін жалдамалы ұстап отыр. Және жалданып жұмыс жасайтындардың көбі біздің елдің азаматтары емес екендігін ескерсек, бұл еліміздегі әлеуметтік-тұрмыстық ахуал деңгейінің рейтингін көрсетіп береді, екіншіден, жалқаулық дертінің асқынғандығын білдіреді. Осылайша жұмыссыздықтың фрикционды, құрылымдық, циклдық, маусымдық түрлеріне жаңаша түрлер қосылды. Оның бір түрі – бойкүйездікке бойын билетіп, еңбек етуге мойыны жар бермей, жатып ішерге айналып шыға келген жалқаулық болса, екінші себебі – жұмысты таңдап жасауға ұмтылған жалған беделде, яғни мансапқорлықта. Бұлардың өзіндік «мені» тым жоғары, жұмыс таңдап, ұсынылған жұмыс түрлеріне менсінбей қарайды. Оған өзге елдің азаматтары кеп атқарып жүрген мал бағу, егін егу, құрылыс жұмыстары қол емес, оны «төменгі сорттың адамдары жасайды». Менің танысым бар, әке таңдауымен сол кезеңде Ақтауда орналасқан республикадағы теңізге қатысты жалғыз жоғары оқу орнын аяқтады. Теңізде жұмыс жасауға қызығушылығым жоқ деп, тәп-тәуір жұмыстан шықты. Диплом жайына қалды. Күзетші болды, оған тұрақтамады. «Неге?» деймін мен, «Маған престижный жұмыс керек» дейді ол. Арада 7 жыл өтті. Ол әлі бос, жауабы бұрынғыша. Үй-іші де күдерін үзген, сыбай-салтаң жүрістің жігіті атанды. Мұндайлардың әр қаладан кездесетініне сенімдімін. Дипломын алып жұмыс таппай сенделген жастарды айтпағанда, жалқаулар мен мансапқорлар жұмыссыздар қатарын толықтыра түсуде.Үшінші топ – мамандық таңдауда аяғын шалыс басқан жастар. Мұның бір ұшы бала үшін мамандықты ата-ана таңдауында жатса керек, жоғарыда айтылған теңізші жігіттің де мамандығынан теріс айналуының бір себебі – ол мамандық өзінің емес, әкесінің қалауы болатын. Рас, әке өзі жете алмаған арманға баласының жеткенін көксеген болар, бірақ бала оны қаламады. Салдары – жұмыссыздық… Бір қызығы, бұл үш топтың өкілдері «Екі қолға бір күрек» табуға құштар емес, тіпті бұл мәтелді талғажу етер түк таппай дағдарғандардың жан далбаса тірлігінің тәмсілі санайды.
МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
«Маңғыстау – тұрғындарды жұмыспен қамтуды аса қажет ететін аймақтар қатарында». «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық тыңдауында осылай деген Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Г.Қалмұратова облыста соңғы жылдары отандық өнім өндіретін кәсіпорындарды қолдай отырып, азаматтарды жаңа кәсіптерді меңгеруге жұмылдыру бағытында бірқатар серпінді қадамдар жасалғандығын атап өтті. 2012 жылы оннан астам жоба толық қуатында пайдалануға беріліп, 3600 адам жұмыспен қамтылған. 2010 жылы жұмыс сұрап тіркелгендер саны он мыңнан асса, 2012 жылы 16 мыңнан асып түсіпті. Аталмыш бағдарламаның орындалу барысын баяндау үшін оның бағыттарына жеке-жеке тоқталған басқарма бастығы жұмыс іздеушілердің көбі еңбекақысы жоғары, жеңілдеу жұмыстарды қажетсінетінін, ондай жұмыстың табыла бермейтіндігін және жұмыспен қамту органдарының жұмыс беруші емес екендігін, кәсіпорындардың мамандарды өздері таңдап алатындығын, жұмыспен қамту орындарының тек екі арадағы дәнекер екендігін баса айтты. Басқарма бастығының бұлай қадап айтуының мәні бар, осы басқосуда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы өкілдері «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының тиімді жүзеге асырылуы өңіріміздегі тұрақтылық пен қоғам өмірінің қалыпты тыныстауына ықпал ететіндігі анық бола тұра, бағдарламаның негізгі бағыттарының облысымызда өз деңгейінде жұмыс жасай алмай отырғандығын сынға алды.– Біз «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына байланысты өткізген қоғамдық тыңдауларда екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін несиеге өз кәсіпкерлігін құру мен дамытудың ұтымды жолдарын көрсету, қайта даярлау курстарында оқытып, қажетті мамандықтарды игертіп, жұмысқа орналасуына ықпал ету секілді мәселелер өз дәрежесінде жүзеге асырылмайтындығына көз жеткізіп отырмыз, деген «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының орынбасары М.Жүнбасов оқу бітірген жастардың 30%-ы жұмыс таба алмай жүргендігін, 2010-2011 оқу жылында облыста арнаулы және жоғары оқу орындарын бітірген 11926 жас маманның 6246-ы ғана жұмысқа орналасқандығын айта келіп, «мұның басты себебі – кәсіби бағдардың дұрыс таңдалмауы, еңбек рыногы сұранысын ескермеу және қолжетімді баспана мен жатақханалардың жеткіліксіздігі», деді.Басқосуға қатысушы тұрғындар – Қ.Айтжанова, көп балалы ана Б.Кәрібаева, 6 айдан бері мекемелерді жағалап жұмыс таппай сенделген 25 жастағы жігіт А.Байбозовтар жұмыс табудың өте қиындығын, жұмыспен қамту, шағын кәсіпкерлікпен айналысу талаптарына қолдау-көмек, кеңес болмағандығын жеткізді.Кімдікі дұрыс?
ӨЗ ЖЫРТЫҒЫМЫЗДЫ ӨЗІМІЗ ҚАШАН ЖАМАЙМЫЗ?
Көмірсутегі шикізатының мол қорына ие, көлік, өндіріс, құрылыс саласында және халықтың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалында алға басқан Маңғыстау – қазақ баласының емес, өзге республикалар өкілдерінің нәпақа табар нүктесіне айналды. Жергілікті қазақтар жолаушылар тасымалында көлік жүргізіп, жолақы жинау, көгалдандыру, көлік жуу, т.б. жұмыстарды қолай көрмейді. Бұл жұмыстар көбіне оралман ағайындар және жұмыс іздеп келушілер қолымен атқарылады. Бұл ахуал бізді апатқа ұрындырмай ма? Өзге елдерге барып жұмыс жасамақ тұрмақ, өз жұмысын өзгеге жасатып, шөп басын сындырмай көлеңкеде шырт түкіріп жататын жалқаулық, ылғи беделді жұмысқа ұмтылушылық немесе белгілі бір мамандық маңына топтаса жиылып, таласа жұмыс іздеу қайда апарып тірейді? Түптеп келгенде, бір жұмысқа көп үміткердің таласуы – жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол ашпай ма? Әсіресе, жастар мал бағу, шөп шабу, көлік жүргізу секілді жұмыстардан неге сырторай? Сонымен, жұмыс жоқ па, әлде көпшілік таңдап әуре ме?Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,«Егемен Қазақстан».Маңғыстау облысы.