Жақында Баянауылдағы Жасыбай көлі жағасында ірі іс-шара өтті. Үкіметтік емес ұйым өкілдері жастарды менторлық лагерьге шақырды.
Жоба Жастар жылына арналды. Негізгі мақсаты – жастардың өмірден өз жолдарын таба білуіне көмектесу, кәсіпкерлікке үйрету, жастардың кәсіби біліктілігін арттыруға, тұлғалық дамуы мен өзін өзі тануларына менторинг әдісі (тәлімгерлік) арқылы жәрдемдесу. Баянауылдың Жасыбай көлі жағасындағы менторлық лагерьдің ашылуына Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов, «KAZBRANDS» ұйымының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Нұрлан Жазылбеков, жоба жетекшісі Жанна Қайкенова, С.Торайғыров атындағы мемлекеттік университет ректоры міндетін атқарушы Мейрам Бегентаев қатысып, жастарға арнап сөз сөйледі.
– Бүгінгі жиынның мақсаты – тәлімгерлік идея, тәжірибемен бөлісу. Жалпы тәлімгерлік әрбір жастың жеке тұлға болып қалыптасуына жол ашады. Тәлімгерлік табысқа жеткізеді, – дейді жоба жетекшісі Жанна Қайкенова. Оның айтуынша, қазір еліміздің 4 өңірінде жастарға тәлімгерлік әдіс жолын үйрету басталған. Жастар лагері алаңына сертификатталған қазақстандық тәлімгерлер Айдар Абраев, Данияр Айтышев, блогер Әнуар Шәріпов, Лидия Тайжанова-Щербинина қатысты.
Менторлық жастар лагеріндегі тәлімгерлік оқуларға 4 күн бойы 13 пен 29 жас аралығындағы жергілікті мектеп оқушылары, студенттер, кәсіпкерлер, жұмысшы жастар және ауыл жастары қатысты. Түрлі қызықты дебаттар, семинарлар, тренингтер және тәлімгер жетекшілермен кездесулер өтті.
Ал жалпы менторлар, яғни, тәлімгерлер қызметін ғалымдар, кәсіпкерлер, сарапшылар, оқу орындарының ұстаздары, кәсіпорын жетекшілері, мемлекеттік қызметкерлер де атқара алады. Олар өзара бірлесе жұмыс істеп, тәжірибе алмасу әдісі арқылы қоғамдағы тәлімгерлікті дамыта алады. Мысалы, әр тәлімгер 7 жас азаматты қамқорлығына алып, олардың алға қойған мақсаттарын жүзеге асыруға көмектесе алады. Ауыл жастарына назар ерекше. Ал тренинг-семинарлардан тәлім алып шыққан жастар тәлімгерлік жол арқылы өз жұмыстарын жалғастырады.
– Тәлімгер, ментор ретінде менің тәлімгерім оқуда, мансап жолында, бизнес саласында жетістікке жету жолын өзі таңдайды. Психолог, кәсіпкер, жаттықтырушы сияқты әріптестерім жастарға өздерінің өмір тәжірибелерінен алынған мақсатқа жету жолдарын жеткізеді, – дейді тәлімгер Айдар Абраев.
Облыс орталығындағы Зинаида Багненко басқаратын «Самал» оңалту орталығынан келген мүмкіндігі шектеулі дарынды балаларға ментор ретінде Фариза Есенбаева да жақсы көшбасшы бола білді. Менторлық лагерь жұмысына қатысқан Мәжіліс депутаты Арман Қожахметовтің айтуынша, тәлімгерлік институты деген қоғам мен мемлекет үшін маңызы зор бұрыннан келе жатқан дәстүрлі жол деуге болады. Қазіргі күні де тәлімгерлік, жастарға жол көрсету, қолдау – өзекті. Ұрпақ сабақтастығы – қоғам мен мемлекеттің дамуындағы маңызды фактор. Ал жастар күнделікті үйреншікті дағдыдан шығып, жаңа көзқарасқа, уақытқа, өзгеріске ілесе білу керек. Осы мақсатпен жиналған тәлімгерлер мен жастар Тәлімгерлік тұжырымдамасын талқылады. Сонымен қатар жоба жастарды табысқа жетелеуге, ынталандыруға, құқықтық кеңес беруге және тәлімгерлердің көмегімен жеке басының өсуіне ықпал етеді.
– Жалпы, менторлық жоба мемлекеттің қолдауымен басталды. Менторлық жұмыс бизнеске ғана емес, барлық салаға қажет. Мемлекеттік органдарда да өзекті. Қазіргі жастар өте білімді. Бірақ өмірлік тәжірибелері аз. Ал оларға бағыт-бағдар беретін тәлімгер керек, – дейді қордың жауапты өкілі Нұрлан Жазылбеков.
Баянауылдың «Тұма» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Батырбек Арқарбайұлының айтуынша, ауыл жастарын шаруашылықтағы жұмыспен шектеуге болмайды. Оларға заманауи ғылым-білімнің тетіктерін үйрету қажет. Осындай тренингтерді жиі ұйымдастыру керек. Менторлық тренингтер ауыл жастарын кәсіпкерлікке баулуға, осы салада өз орнын табуға мүмкіндік берді.
– Алаңға жиналған жастардан тәлімгерлер команда жинады, жобалармен жұмыс істедік. Тәлімгерлік оқулар жастарды өздеріне таныс күнделікті ортадан шығып, жан-жағына басқаша көзқараспен қарауға үйретеді, – дейді Батырбек.
Ал біздің түйген ойымыз мынадай: өкініштісі, әдеттегідей мұндай шара тек орыс тілінде өтті. Қазақ тілі қазақтың көркем мекені Баянауылдың Жасыбай көлінің жағасында естілмеді. Жастарға тәрбие беретін тәлімгер-ментор болған түріміз – осы. Жалпы, тәлімгерлік тәжірибе, менторлар, менторинг әдісі деген дамыған елдерде бұрыннан қалыптасқан. Біздің елімізде де болды, бірақ жоғалтып алдық. Қазір қайта жандану жолына түскені көңіл қуантады.