Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:29
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайын ресми сөйлеген сөздерінде, халыққа арнаған жолдауларында ел экономикасының дамуында, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда сапалы сумен қамтамасыз етудің алатын орны және оны тиімді пайдалану ісін жетілдірудің мәні зор екенін үнемі айтып келеді. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында да бұл мәселеге ерекше тоқталды.
Сейсенбі, 29 қаңтар 2013 7:29
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл сайын ресми сөйлеген сөздерінде, халыққа арнаған жолдауларында ел экономикасының дамуында, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуда сапалы сумен қамтамасыз етудің алатын орны және оны тиімді пайдалану ісін жетілдірудің мәні зор екенін үнемі айтып келеді. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында да бұл мәселеге ерекше тоқталды.
Қазіргі кезде су қоры көптеген бағыттарда жылдан-жылға мол мөлшерде пайдаланылуда. Ғалымдардың анықтауынша, дүние жүзінде тек өткен XX ғасырда халық саны 4 есе өссе, пайдаланылған су мөлшері 15 есе артып, 400 текше шақырымнан 6000 текше шақырымға жеткен. Осыған орай көптеген елдерде тұщы су тапшылығы үлкен проблемаға айналуда.
ЮНЕСКО-ның кейінгі кездегі болжамы бойынша, 2030 жылға дейін әлем халықтарының жартысына жуығы тұщы су тапшылығына ұшырайтын болады. Қазірдің өзінде 900 миллион адам ауыз суға зәру болып отыр. Осындай қиындықты ескере келе БҰҰ ХХI ғасырды тұщы су дәуірі деп жариялады.
Қазақстанда да жер бетіндегі ағынды тұщы су қоры мол емес. Оның үстіне бұл судың мөлшері жыл сайын азайып келеді. Өткен ғасырдың орта кезінде еліміздегі жалпы өзен суларының орташа жылдық ағыны 120 текше шақырымнан астам болса, қазір ол 100 км3 шамасында ғана. Өйткені, бұл сулар республикаға елеулі мөлшерде трансөзендер арқылы көрші елдерден – Қытайдан, Орталық Азия республикаларынан (Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Өзбекстаннан) және Ресейден келеді. Сырттан келетін өзен суларының жалпы мөлшері сол жылдар аралығында климаттың өзгеруі, таулы аймақтардағы мұздықтар суының біраз кемуі және аталған елдерде жер бетіндегі суларды пайдаланудың көбеюі салдарынан 44-45 км3-ге дейін азайды. Оның үстіне республика жерінде де табиғи су ағыны 56 км3-ге дейін кеміді.
Елбасы әлемдегі, біздің еліміздегі осындай және басқа да қолайсыз өзгерістерге тоқтай, суды пайдаланудағы жетістіктер мен кемшіліктерге талдау жасай келе, сонда да болса республикамызда «…елеулі қоры бар жерасты суларын өндіру мен үнемді пайдаланудың ең озық технологияларын енгізу қажеттігін» көрсете отырып, өзі жариялап отырған Стратегиясында «2050 жылға қарай Қазақстан сумен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешуге тиісті» деген оң шешімге келді. Президентіміздің осы аса бағалы шешіміне біз сенеміз және қолдаймыз. Оны болашақта еліміздің жан-жақты дамуында мәні зор аса жауапты міндет деп түсінеміз.
Сол міндеттің нақтылы орындалуында қандай жолдар бар екеніне мақала авторы – республиканың су проблемасын, оның ішінде, әсіресе, жерасты суларын зерттеп, пайдалану бағыттарында көп жылдар бойы еңбек етіп жүрген маман ретінде төменде қысқаша тоқталып өтуді жөн көріп отыр.
Республикамыздың бір негізгі су көзі трансшекаралық өзендер суы. Оның мөлшері жылдан-жылға азайып келе жатқаны жөнінде жоғарыда сөз болды. Болашақта да оның кеми беретіні айқын. Солай болса да қазіргі қабылданған немесе жақын жылдарда қабылдануға тиісті мемлекетаралық келісім-шарттарды іске асыру арқылы оны мүмкіндігінше жоғары мөлшерде сақтап қалу келешекте республикамыздың су қорына қосылатын жетістік болмақ.
Бұл бағытта еске алатын бір жағдай – трансөзендердің біздің жерімізге келетіндерімен қатар Қазақстанмен көршілес елдерге кететіндері де бар. Олардың қатарына солтүстікте Ертіс, Есіл, Обаған, Тобыл, Ор, оңтүстікте Текес, басқа да аздаған кішігірім өзендер жатады. Бұл өзендердің сыртқа кететін жалпы жылдық қоры 40 км3-ден кем емес. Кейбір елдерде іске асырылған халықаралық келісім-шарттар бойынша, сол өзендер су ағынының жартысына жуығын біздің елімізде пайдалануға болады. Бұл аз емес. Келешекте ол біздегі су қорына қосылатын қазіргі Сырдария немесе Іле өзендері ағынынан астам мол су көзі болар еді.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев айтқандай, Қазақстанда зерттеліп анықталған жерасты суларының нақтылы болжамдалған қоры аса мол. Ғалымдар мен өндіріс мамандарының ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулері нәтижесінде анықталған бұл сулардың әр жылда пайдалануға болатын қолданылмалы ресурсы 40 км3-ден кем емес. Ал оның жылма-жыл толықтырылып отыратын табиғи қоры одан да мол. Сондықтан да бұл еліміздің аса құнды сарқылмас байлығы. Бұл су көзінің артықшылығы – ол басқа жақтан келмейді, негізінен республика аймағында пайда болады. Ол сулардың тағы бір артықшылығы жер қойнауында жататындықтан ластану көздеріне ұшырамаған, таза су.
Әрине, жерасты сулары да республикамыздың барлық өңірінде біркелкі таралмаған. Оның 70 пайыздан астам бөлігінде олар бірқалыпты кең таралған болса, оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы таулы аудандарда аса мол мөлшерде қалыптасқан. Тек батыста – Маңғыстау, Үстірт жоталарында, Каспий бойындағы ойыста, басқа да аздаған ойпат жерлерде жер асты тұщы суы мол емес.
Жер асты тұщы су ресурстарын пайдалану мөлшерін анықтау мақсатында жүргізілген арнайы барлау жұмыстары арқылы толық дәлелденген қор қазірдің өзінде 17 км3 шамасында. Оның есепке алынған және алынбаған әр бағытта пайдаланылатын қорының жылдық мөлшері 1,5-1,7 км3-ден аспайды. Тым аз. Алдағы міндет – сол, азды көпке айналдыру. Оны іске асыру үшін кейінгі 10 жылдан астам уақытта екі бағдарлама: 2002-2010 жылдарда «Ауыз су», ол белгіленген межеге жетпей, «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданды. Кейінгісі бойынша, қала халқы – 100 пайыз, ауыл 80 пайыз шамасында таза тұщы сумен қамтамасыз етілуге тиісті. Ал ауылда, соның ішінде жер суаруға қажет су елімізде пайдаланылатын барлық судың 75-80 пайызын құрайды. «Қазақстан-2050» Стратегиясында оны 2040 жылға дейін жүзеге асыру міндеті қойылған. Оны шешу мүмкіндігі мол.
«Ақ бұлақ» та бұлақ – жер асты суы. Оның екі түрлі болатыны ежелден белгілі. Бірі «тұма» – жер бетіне шығып жатқан «ақпа бұлақ» та, екіншісі – «қайнар» – көзін ашқанда жер бетіне атқылап шығатын су.
Кейінгі ұзақ жылдар бойы жер асты суларын ретті де ретсіз пайдалану нәтижесінде бұлақтардың екі түрі де үлкен өзгеріске ұшыраған: деңгейлері төмендеп, табиғи өнімділіктері азайған, көп жағдайда жер қойнауына тереңдей еніп кеткен. Енді сол су көздерінің орналасу жағдайларын, өнімділігін, сапасын, қорын анықтап, негіздеп барлау жұмыстарын жалғастыра отырып, оларды жаңа озық технологиялар қолдану арқылы өндіру қажет. Осылайша, дәлелденіп, негізделген мол жер асты су көздерін жер бетіне шығарып, ысырапсыз тұтыну орындарына жеткізу – жауапты міндет.
Бұл арада тағы бір айтатын жайт – оңтүстік таулы аудандағы мол жерасты суын елді мекендерде, қалаларда, өндіріс орындарында құбырлар тартып, жақын арада Балқаш, Ертіс бойындағы суға тапшы елді мекендерде ауыз су ретінде молынан пайдалану мүмкіндіктері бар. Осыны іске асыра отырып, бұрын пайдаланып келген жер бетінің суларын босату арқылы ағыны кеміп бара жатқан Ертіс, Іле өзендерін толықтыруға қосымша жағдай жасалады.
Республикада келешекте пайдаланылатын су қорын молайтудың басқа да жолдары бар. Олардың бірі – су қорын жасанды жолмен толықтыру, артық шығынсыз пайдалану. Бұл бағытта да мүмкіндік аз емес.
Жылдың әр мезгілінде, әсіресе, көктемде, қар еріп, жауын-шашын молаюы салдарынан су тасқыны болып, елді мекендер шығынға ұшырауы жиі болатыны белгілі. Сол суларды жергілікті жер бедерінің ыңғайлы (ойыс) жерлерін пайдалана отырып жинау, тиісті жағдайлар жасау арқылы жер қойнауына сіңіру мөлшерін көбейтетін болсақ, қаншалықты қосымша су қоры пайда болар еді. Екінші жағынан алыстан арнайы әкелінген таза ауыз суларды ірі елді мекендерде, қалаларда, өндіріс орындарында көлік құралдарын, машиналарын, басқа да көліктерді жууға, жаз айларында қорадағы бау-бақшаларды суаруға пайдалануды тоқтатсақ, үйге кіргізілген құбырлардың шүмегін дер кезінде жаппай, ағызып қоюды тоқтатар болсақ қаншама су үнемделер еді.
Өндіріс орындарында суды айналмалы түрде және қайталай екінші рет пайдалану әдістері әр елде, бізде де көптен бері іске асырылған. Бұл әдісті жаңартып, кеңінен жалғастыра беру суды үнемдеудің тағы бір тиімді жолы.
Әлемдегі қай елде болмасын жер суаруға өте көп су жұмсалады. Тұщы суға тым тапшы Израильде, Сауд Арабиясында, Біріккен Араб Әмірліктерінде, басқа да біраз шетелдерде көптен бері тамшылатып суару әдісін тиімді пайдалану арқылы арнайы суармалы жерлерден үзбей мол өнім алып та, бұл бағытта суды аз мөлшерде жұмсап та келеді. Бұл әдіс біздің елде де – оңтүстік, оңтүстік-батыста біраздан бері қолданыла бастады. Бірақ, ондай жерлер әлі аз. Бұл әдісті келешекте кеңінен әрі тиімді іске асыру арқылы суармалы жерлерден мол өнім алумен қатар, осы бағытта пайдаланылмақ судың мөлшерін едәуір азайтуға болады.
Су проблемаларындағы басқа кейбір жағдайларға тоқталмай-ақ бұл жөніндегі негізгі пікірлерімізді қорыта айтқанда, «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген мерзімдерде қажетті су қоры (көбінесе жер қойнауында) жеткілікті, оны пайдалану мүмкіндіктері де бар. Қазіргі жетіспейтіні – соларды дер кезінде тиісті мөлшерде іске асыра алатындай білгір ғылыми-өндірістік мамандар, заманауи технологияны меңгеретін кадрлар мен керекті сапалы аспаптар, құрал-жабдықтар. Сондықтан, бұл жетіспеушілікті кешіктірмей жою шараларын іске асыру қажет.
Жұрымбек СЫДЫҚОВ,
академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер.