Аймақ әлеуметтік саласының салмақты бөлігі іргелі өндіріс ошақтарына түсіп отырғандығы, оны олар абыроймен көтеріп келе жатқандығына Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш төңірегінде шоғырланған кәсіпорындарда жұмыс істейтін еңбеккер қауым біраз жылдан бері жақсы қанық. Қос алып – “Арселор Миттал Теміртау” компаниясы және “Қазақмыс” корпорациясының 100 мыңнан астам адам тыныс-тіршілігіне дем беріп, тұрмысы көркеюі үшін өз еріктерімен барынша қолдаушылығы жұрт ризашылығына бөленген үрдіс. Осынау маңызды мәселенің мәнді үйлестіріліп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі күшейтілуіне боса-болмасын жергілікті мемлекеттік буындар ықпалы бір бөлек. Бұрнағы күні облыстық әкімдік пен “Қазақмыс корпорациясы” ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум ортақ мүддені көздеген жаңа шуақты шаралардың өрістілігімен көпшілікке қуаныш әкелді.
Мұның алдында биыл Жезқазғанда салынуы басталған, жөнделетін нысандарды аралап көріп, іс барысымен тікелей танысқан облыс әкімі Серік Ахметов атап өткеніндей, бұлардың барлығы “Қазақмыстың” көмегі арқасында бой көтеріп, әсемденеді. Осы орайда құлақ түрдірген жағымды жаңалық ретінде аталған корпорацияның әлеуметтік бағдарламаны қаржыландыруды былтырғымен салыстырғанда бірден 3 млрд.теңгеге ұлғайтып, 4,2 млрд. теңгеге көтеруі ерекше жылы қабылданды. Шындығын айтқанда, осынау салаға осынша көлемде қаржы бөлу бұған дейін болып көрген емес. Мұның сыртында жаһандық экономикалық дағдарыс қыспағы әлі босаңсымай тұрған шақтағы мұндай зор қолдаудың мәні қандайлық екені түсінікті. Қашанда еңбеккерлері мүддесін басты назарда ұстанатын, сол мақсатта аянып қалмауға ұмтылатын корпорация бұл жолы да буындас өндіріс орындары арасынан еліміз бойынша әлеуметтік ең ірі бағдарламаны іске асырушы болып танылып отыр.
Биылғы меморандумның тағы бір ерекшелігі, онда белгіленген іс-шаралар облыстың тұрғыны көп төрт қаласы мен біраз аудандарын қамтиды. Солардың ішінде Қарағандыда Н.Нұрмақов атындағы мектеп-интернатты, Академиялық музыкалық театрды, онкологиялық диспансерді, Балқаштағы балалар ауруханасын, Абай атындағы лицейді, Саяқ учаскелік емханасын, Жезқазғанда С.Қожамқұлов атындағы қазақ драма театрын, әйелдер босанатын үйді, политехникалық колледжді, Сәтбаевта отбасылық үлгідегі балалар үйін, балалардың “Бөбек” емделу орталығын, Абай ауданында көлік жолдарын, жылу жүйелерін, су құбырларын, Осакаров ауданында жетім балалар үйін, стадионды, Бұқар жырау ауданында Байқадам, Белағаш, Ақбел ауылдарына тартылған ауыз су жүйелерін жөндеу мойынға жүктелген. Ал мұнымен қоса жаңадан тұрғызылатын мәдени-тұрмыстық, спорттық нысандар қатары да жетерлік. Мәселен, Жезқазғанда бүгінде құрылысы қызу жүргізілу үстіндегі “Металлург” саябағы қала тұрғындарының сүйсіне дем алатын орнына айналмақ. Қазір Қарағандыда іргетасы қаланып, қабырғасы көтерілген екі тұрғын үй де “Қазақмыс” тарапынан тарту етіледі. Қысқасы, меморандум бойынша жұртты қуантарлық, өскелең өмір талабына сай өзгерістер аз емес. Оған қол қойылу кезінде корпорация басқармасының төрағасы Эдуард Огай “Биыл біз өзіміздің стратегиялық әлеуметтік бағдарламамызды – Қазақстандағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі ең ірі деген бағдарламаны толық іске асыруға ниеттеміз. Облыстық әкімдікпен бірлесіп жасалған жобаларда әлеуметтік маңызды нысандарды салу, жаңартумен қатар орта және шағын бизнесті қолдау, жастардың шетелдерде сапалы білім алуына, еңбеккерлердің денсаулығын түзеуге жағдайды кеңейту, қоршаған ортаны қорғауды жақсарту сияқты шараларды қоса атқаруды артып отырмыз” деп ортаға салуынан байқалғандай алда қат-қабат істер тұр. Солардың орындалу мерзімі, оған жауаптылар белгіленіп, қатаң бақылауға алынатындығы жылдағыға қарағанда, осы шараларға талаптың күштілігін сездіреді.
Әлеуметтік саланы әлеуеттендіруге осылайша ынталы “Қазақмыс” сияқты алыптың қамқорлығына сүйенген облыс мүмкіндікті орынды пайдаланып келеді. Бір жағынан мемлекеттік, екінші жағынан көмек-қолдаудың жемісі түрленген қалалар мен елді мекендер бейнесінен, тұрғындардың түрленген тұрмысынан байқалып жатыр. Ортақ мүдде бекіткен ынтымақтастық шапағаты биыл да біраз жерді, біраз адамды шарпымақ.
Айқын НЕСІПБАЙ, Жезқазған.