• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Тамыз, 2019

Өмірлік мақсаты Маңғыстау мұнайын игеру еді - Б. Қуандықов

826 рет
көрсетілді

Өмірлік мақсаты Маңғыстау мұнайын игеру еді – дейді Қазақстан мұнайшы-геологтар қауымдастығының президенті, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықов. 

– Балтабек Мұқанұлы, көзі тірісінде-ақ қазақ мұ­на­йының атасы атанған Са­­­­фи Өтебайұлының ту­ға­нына биыл 110 жасқа толмақ. Сонымен қа­тар, қазақ жерінде мұнай өн­ді­рудің басталғанына – 120 жыл. Сафи Өтебайұлы өн­діріске Қарашүңгілден алғашқы мұнай алынған кезден тура 26 жылдан ке­йін араласыпты. Ал нағыз мұнай инженері болып, бұр­ғылау цехына келгенде қазақ мұнайының алын­ға­нына 36 жыл болған екен. Әрине жер қойнауынан мұ­­най шығару сияқты нақ­­ты ғылымға сүйенген өн­діріс үшін бұл аса көп уақыт емес. Осы кезде Әзер­байжан тау-кен институ­тын мұнай инженері ма­ман­дығы бойынша бітір­ген алғашқы қазақ бала­сы Ембіге келеді ғой. Сон­дық­тан қазақ мұнайы дегенде Сафи Өтебайұлы, Са­фи Өтебайұлы дегенде қа­зақ мұнайы еске түседі. Бү­кіл саналы өмірін мұнай өн­дірісіне арнаған азаматты тағы бір еске түсірелікші...

– Қазақ мұнайының тарихы мен Сафи Өтебайұлының есімі шынында да қатар ата­луы заңды. Өйткені ол аға­ларының Доссорда мұ­най­­ды аса қиын жағдайда қа­лай өндіріп жатқанына жеті жасында куә болады. Жұ­мысшылар тұратын орын да мәз емес екен, жерден қа­зып алған жертөле. Бұл енді төңкерістен бұрынғы кез ғой. Төбелерінен мұнай тамшылап тұратын қиын жағдайда жұмыс істейтін қазақтар ғана екеніне көзі жетеді. Тамақ та тапшы. Рақат өмір кешетін ағылшын шонжарлары дейді ағалары. Шебер, бригадир болып жүргендер оқыған орыс­тар көрінеді. Олардың да тұрмыстары оқымаған қа­заққа қарағанда көш ілге­рі. Міне, «оқу керек» деген арман бала Сафидың көкі­регінде осы кезде оянады. Са­фи Өтебайұлының есімі қазақ мұнайымен бірге жасасып келе жатыр деп дұрыс айтып отырсың. Екеуін бір-бірінен ажырату мүмкін емес, екеуі біртұтас дүние.

Мен өмірге келгенде Сәкең Жылой ауданында Қазақстан Компартиясы аудандық ко­ми­тетінің бірінші хатшысы қызметінде екен. Ол кісінің аты-жөнін қалай, қашан есті­генім есімде жоқ, әйтеуір оған ұқсап мұнайшы болуды ар­ман­дағанымыз рас. Нұрлан Өтепұлы Балғымбаевтың бір естелігі есімде. Сәкең Гу­рьев Халықшаруашылық кеңесінің төрағасы кезінде «ЗиМ» атты қызметтік көлік мініп жүреді екен. Жеңіл машина деген ол кезде таңсық. Нұрландар қолымен сипап көріп, маңайынан кете ал­май жүрсе керек. Бала емес пе? Нұрекеңнің әкесі Өтеп Балғымбаев пен Сафи Өте­байұлы жақсы қарым-қатынас жасасқан, отбасыларымен ара­ласып тұрған кісілер екен. Он-он бірлердегі Нұрланды Сәкең жақсы таниды. Сондай бір күні:

– Айналайын, Нұрлан, өс­­­кенде кім боласың? – деп сұраса Нұрлан:

– Өскенде сіздің шөпіріңіз боламын, – депті.

Әне, көрдіңіз бе, Сәкеңнің аты елге қалай танылғанын. Тіпті балаға дейін оның шө­пірі (атыраулықтар шөпір деп сөйлейді, – Н.С.) болғысы ке­ліпті. Нұрлан Өтепұлын да білмейтін қазақ жоқ, Пре­мьер-министер де болды. Оған еліктеген тек Нұрлан ға­на ма, біз де еліктедік, Са­фи Өтебаев сияқты инже­нер мұнайшы болғымыз кел­­ді. Осы арман мені де мұ­най­шы­лыққа алып келді. Қазақ политехникалық институтын ин­женер-геолог-мұнайшы ма­мандығы бойынша 1971 жы­лы бітірдім.

– Осы жылы Сафи Өте­байұлы зейнет демалысына шыққан екен.

– Иә, сол себепті бізге Сә­­кеңмен өндірісте бірге жұ­­­мыс істеу бұйырған жоқ. Бі­­рақ кейінірек танысып-бі­ліс­кен соң жақсы қарым-қа­тынаста болдық. Оның аты-жөні институт студенттеріне жақсы таныс-тұғын. Өйткені ол «Қазақстанмұнай» бірлес­тігін басқарып тұрған кезде мұнай факультетінде оқи­тын студенттерге ерекше көз­­­­қарас танытқан адам. Мұ­­­най-газ факультеті үшін ал­пыс адамдық жиналмалы ағаш жатақхананың еке­­­уін жіберген екен. Осы жа­тақха­нада тұрып Атырау­дың, Маң­ғыстаудың талай баласы білім алды. Мұнайлы өңірдің балалары оқудан қағыс қал­мау үшін сол жылдары Гурьев­тегі «Қазақстанмұнай» бір­лес­тігінің кадр бөлімі­нің бас­­шысы Алым Жаңбыр­шин­ді Сафи Өтебаев өз бұй­рығымен институт қабылдау ко­мис­сиясының тұрақты өкі­лі етіп те қойыпты. Осы арада айта кету керек, Сафи аға­мыз мұнай атты байлықты ашу­шы ғана емес, ол қазақ баласының басындағы бі­лім атты байлықты да аш­қан адамның бірі. Білім бай­лығы мұнай байлығынан да қымбат байлық қой. Ол осы­­ны ерте бастан ойлаған. Жалғыз Политехникалық инс­титуттың мұнай факультетін бітірген 20-30 бала қай жағы­на жетсін. Ал Қазақстанның алдында Маңғыстау мұнайын игеру деген өте үлкен мақсат тұрған еді. Ол мақсатты тех­никалық білімі бар жергілікті жігіттер игермегенде кім иге­­­­реді. Сондықтан осы мә­се­­­лені ерте бастан ойлап, со­нау 1950 жылдары-ақ Ре­сей­­дегі, Татарстандағы, Баш­құртстандағы, Әзербайжан­дағы мұнайшы мамандығына оқытатын жоғары оқу орындары ректорларына, одан қала берді КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Алексей Косыгинге қазақстандық ба­­лаларды мұнайшы маман­дығына байқаудан тыс қабыл­дау туралы өтінішін айтып, хаттар жазған екен. Оның бұл ұсынысы қабылданып, жылына қазақстандық жүз бала байқаудан тыс оқуға қабылданатын болып жо­ға­рының шешімі шығыпты. Бұл шешім жиырма жыл бойы кү­шін жоймаған. Бұл деген жыл сайын өндіріске мұнай инженерінің жүзі келеді де тұрады деген сөз. Әрі бұлар ешқайда кетпейтін жергілікті жердің балалары ғой. Соның бәрі Маңғыстау мұнайы үшін. Одақтық министрлік ке­зінде Маңғыстауды иге­руді Түрікменстанға ма, Да­ғыс­танға ма бермекші болған екен. Қазақ мұнайшыларының бұған әлі келмейді деген желеумен.

 – Әрине қазақ балала­рын әлгідей жолмен мұнай­шы мамандығына оқыт­паса, шынында да әлі келмес еді. Мәскеуді көндіріп, Форт-Шевченкода «Маң­ғыс­тау­мұнайбарлау» тре­сін қалай құрғанын зерттеп, кітап жазғанмын. Трест директоры Орынбай Бер­ді­ғожин, бас инженері Бақытжан Есенғалиев, бас геолог Валентин Токарев болған. Орынбай Адайұлы болмаса, анау екеуі сол кез­де отыздың о жақ, бұ жа­ғын­дағы жас жігіттер екен.

– Сафи Өтебайұлы мұнай инженері мамандығы бо­йынша еңбек жолын 1936 жы­лы менің туған жерімде, Мақат кәсіпшілігі бұрғылау цехының аға инженері болып бастапты. Кейін осы кә­сіпшіліктің бастығы бол­ған. Одан әрі Құлсары, Комсомол кәсіпшіліктері. Бұдан ке­йінгі өмір жолы туралы әл­де­неше мақала жазылды, сондықтан бұл арада санамалап отырудың қажеті жоқ. Тек бір айта ке­терлік жай, оның мұнай өн­дірісіндегі бүкіл өмірін соғысқа дейінгі, соғыстан кейінгі және Маң­ғыстау мұнайын игеру­ге қа­тысты деп шартты түрде үш­ке бөлетін болсақ, ең маңыз­дысы осы соңғысы болар еді. Маңғыстау мұнайын иге­ру оның өмірлік мақсаты, өмір­­лік арманы деуге бола­ды. Соғыстан кейін ол Жы­лойда бірінші хатшы болып жүргенде де Маңғыстау жадынан шықпапты. Жылой Маңғыстаумен шекараласа­тын жер бедері де, күн райы да бірдей аудан. Бұл аудан­да Қаратон, Мұнайлы, Төлес алаң­дары бар. Одан әрі Маң­ғыс­тау.

Маңғыстау мұнайын иге­ру нартәуекелдің ісі бол­ған. Қалай да өзге ел мұнай­шы­­­ларының игеруіне беріп қой­маудың амалы ғой. Игілі­гін қазақ елі көрсін деген із­гі ниет. Бұл туралы әрине ма­қалалар, кітаптар жазылды, өз аузынан да көптеген әңгімелер естідік.

1951 жылы ол «Қазақстан­мұнай» бірлестігінің бастығы болып тағайындалады. Осы кезде республикада жылына бар болғаны 1 млн 200 мың тонна ғана мұнай өндіріледі екен. Осы көлемді ұлғайтпаса, қазақстандық мұнайшыларға деген Мәскеудің көзқарасы өзгермек емес. Сондықтан қалай да, бірлестіктің күші­мен болса да барлауды бас­тамаса болмайтын еді. 1951 жылдың күзінде Маңғыстау түбегіне барлаушы-геологтар аттандырылып, сол жылдың соңына қарай Түбіжік, Қа­ра­саз-Таспас, Құсайын алаң­­дарын бұрғылау бас­та­ла­ды. 1957 жылы «Маңғыс­тау­мұнайбарлау» тресінің құ­рылуы да осы жұмыстың нә­­ти­желі болғандығынан де­­уіміз керек. Солай болса да трест құрылғаннан ке­­­йін­гі алғашқы төрт-бес жыл­­ғы бұрғылаулар сәтсіз болған. Мұнай шық­паған. Ал бұл қыруар шығын деген сөз. Бұған кім жауап­ты? Әрине Мәскеуді көн­ді­ріп, Маңғыстауда трест құ­рып, оған мыңдаған жұмыс­шыны тартуға ықпал еткен Сафи Өтебаев жауапты. Маңғыстауда жасалған қай іске де Сәкеңнің қатысы бар. Ал Маңғыстау үшін ол кісі не істемеді, неге тәуе­кел етпеді дейсіз? Әрбір нә­тижесіз бұрғылау бірлестік бас­шылығына соққы болып тиіп жатты. Солай болса да Маңғыстау даласына он мың­­даған жұмысшы тарту, олардың тұрмысын ойлас­тыру, мыңдаған техника жет­кізу, жұмысты одан әрі жал­ғастыру одақтық ми­нис­тр­лікпен жағаласқан жағдайда жүріп жатыпты. Тіпті бір кез­дері «Маңғышлақ рак клеткасы, ол еш нәтиже бермейді, қаржыландыруды тоқтату ке­рек» деген де пікірлер айтыл­ған. Мұндай көзқарас Жетібай мен Өзен ашылған кезде ғана күрт өзгерді. Осы өзгерісті ол ұзақ күтті. Осы күнге оны ішкі сенімі алып келді. Бұл 1961 жыл болатын. Сөйтсе бар кілтипан мұнайдың тым тереңде жатқанында екен.

Жетібай мен Өзеннің есеп­­телген мұнай қоры Баку мұ­най қорынан әлдеқайда артық, ал Татарстан мен Баш­құртстаннан бірнеше есеге көп болып шықты. Бұл жағ­­дай Қазақстан мұнай өн­­дірісі басшылығы алдына жаңа міндеттер қойды. Со­ны саралаған Сафи ағамыз одақтық мұнай министрі Бай­баковқа Маңғыстауға байланысты іргелі ұсыныстар жасайды. Ол ұсыныстарды енді оның қабылдамасқа шарасы жоқ еді. Сөйтіп Бүкілодақ­тық Халықшаруашылығы Ке­ңе­­сінің төрағасы Дмит­рий Федорович Устинов 1963 жы­лы арнайы қаулы шы­ғарады. Осы қаулыға не­гіз болған ұсыныстар Маң­ғыс­таудың бағын ашты деу­ге болады. Өйткені «Маңғыш­лақнефть» бірлестігі осы қау­лыға байланысты құрылды. Одан басқа Өзен мен Жеті­байға дейін темір жол, асфальт жол салу, жоғары вольт­ті электр желісі мен мұ­­най, су құбырларын тарту, тұрғын үйлер тұрғызу, жұ­­мысшылардың айлық жа­ла­қысын арттыру сияқты өндіріске тікелей қатысы бар шаруалардың жандануына тікелей Сафи Өтебайұлы өзі ықпал етті. Бұл оның өмірлік арманының орындалуы еді.

– Сафи Өтебайұлының арманының орындалуы, ел халқының да арманы­ның орындалуы ғой. Ал елі осын­дай ерен еңбек иесінің есі­­­мін мәңгілікке қалдыру жолында не істеп жатыр?

– «ҚазМұнайГаз» компаниясы 2009 жылдан бастап мұнай мамандығында оқитын жоғары оқу орны студенттері мен колледж оқушыларына «Сафи Өтебайұлы атын­дағы грант пен стипендия» тағайындаған. Бұл бола­шақ талантты мұнайшы инже­нер­лердің шығуына түрткі болады ғой деп ойлаймын.

Құлсарыдағы Технология колледжінің алдына кеуде мүсіні қойылып, оқу орнына аты берілді. Сондай-ақ былтыр Ақтау қаласындағы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы ғимараты алдына да кеуде мүсіні қойылған.

Ал биыл Үкімет қаулы­сымен Атырау мұнай-газ уни­верситетіне Сафи Өте­бай­ұлының есімі берілді. Ме­рейтой барысында университет алдына еңселі ескерткіші қойылмақ. Қысқасы, Са­фи Өтебайұлының есімін мәң­гілікке қалдыру мақсатында қандай іс-шара жасалса да артық емес. Өйткені бү­гін­де қазақ мұнайының 120 жыл­дығын мақтанышпен ме­ре­келейтін болсақ, оның өзі мұ­найшы аталарымыздың ерен еңбегі. Барлығының бас­тауында Сафи Өтебайұлы тұ­рады. Ол Бакуден мұнай мамандығын оқып келгеннен бастап, зейнет демалысына шыққанша басшылық қызметте болды. Демек Сафи Өтебайұлы – отызыншы жылдары енді ғана қалыптасып келе жатқан қазақ мұнай өндірісінің іргелі салаға айналуына зор үлес қосқан тұлға.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,

республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы, жазушы