Елімізде браконьерлер 2018 жылдан бергі уақытта 719 бас киікті қырып тастаған. Бұл – табиғат қорғаушыларының қолындағы деректер негізіндегі мәлімет. Сонымен қатар инспекторлар қолына түспей немесе назарына ілікпей қалған қылмыстың залалы мүлдем есепке алынып отырған жоқ.
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев «ашынғанда шығады ашы даусым дегендей», соңғы жылдары халқымызға, төл табиғатымызға орасан шығын келтіріп, жаратылыстың тепе-теңдігін бұзуды бас пайдасы үшін кәсіпке айналдырған қаскөйлерге жазаны күшейте түсу керектігін мәлімдеді.
– Киік – Қазақстанның бренді. Әлемдегі киік түрлерінің 90 пайызы Қазақстан аумағында шоғырланған. Бүгінде ел аумағында 334 мыңдай киік бар. 2015 жылғы індеттен 100 мың бас көлемінде киік қырылғанын білесіздер. Сол оқиға болмағанда қазір олардың саны жарты миллионға жеткен болар еді. Қолға түскен қаскөйлерден 501 дана мүйіз тәркіленді. Ең өкініштісі, табиғи бірегейлікті сақтау жолында әріптестерімізден айырылып жатырмыз, – деді Е.Нысанбаев.
Соңғы уақытта ғана бірнеше қорықшының браконьерлер қолынан мерт болғаны белгілі. Бұл ретте адамға қару кезеген қаскөйлерді кәдуілгі аңшылармен салыстыруға мүлдем болмайды. Өйткені халқымыздың ұғымында аңшылық – терең философиялық мәні бар ұғым, үлкен өнер. Ал қазіргі қолға түсіп немесе уыстан шығып кетіп жатқан қаскөйлерді отбасының қорегі үшін аң аулап күнелтіп жүр деуге де келіңкіремейді. Әрине, бүгінгі браконьердің де көксегені қаражат, бірақ киелі жануардың қымбатқа бағаланатын мүйізі үшін пайда табамын деп, кісі қанын мойнына жүктеу – ауыр қылмыс.
Ең бастысы, құқық қорғау органдары киік мүйізі саудасының тамыры Қытай Халық Республикасына бастайтынын қымсынбай айтады. Бірақ жазушы Кемел Тоқаевтың детективтік шығармаларының бас кейіпкерлеріндей отаншыл, антына адал, әккі «милиция» қалмады ма белгісіз, әйтеуір халықаралық қылмыстық канал жойылды деген ақпарат мүлдем айтылмайды. Заң да осал. Сөйтіп іздеушісі жоқ бейкүнә жануар қытайлық фармацевттердің тапсырысы бойынша қынадай қырылуда.
Ал ең сорақысы, кей жағдайларда мұндай қылмыстар сол киіктерді күзетуге жауапты орган қызметкерлері немесе құқық қорғаушыларының қатардағы және зейнеттегі қызметкерлерінің қатысуымен болып жатады. Сондықтан ел ішінде браконьерлерді құқық қорғаушылар қорғаштап отыр деген де түсінік қалыптасқан. Әлбетте, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамасы анық.
Заң демекші, қызмет жолында қаза тапқан инспекторлардың ажалы киікті қорғайтындай, бұл салаға назар аударатындай проблемаларды қоғамға жеткізуге сеп болғанын да ерекшелеп айтқан жөн. Денис Теннің өлімінен соң еліміздегі ұрлықтың жайы да назарға алынып, қоғам дабырын туғызған еді. Ал браконерлер қолынан көз жұмған инспекторлар өздеріңнің ажалымен де қазақ даласының қазынасына айналған киелі жануар мен әріптестерінің амандығына пайдасын тигізуде.
– Инспекторлардың қазасынан кейін Бас прокуратурамен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірге Парламент Мәжілісінде кеңес өткіздік. Соның нәтижесінде жедел алдын алу шараларына қатысты заңнаманы күшейту туралы тапсырма берілді. Браконьерлермен күресте қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша нақты шаралар атқарылады. Дрондар мен кеудеге тағылатын бейнекамералар, электрошокер мен травматикалық қару, жеке қорғаныс құралдары сол шарада қарастырылған. Жол жүру ережесіне біздің инспекторлар мінетін көліктерді арнайы техника ретінде тіркеу туралы өзгерістер енгізіледі, – деді Ерлан Нысанбаев.
Дала жануарынан бұрын қатарларындағы әріптестерін қорғауға дәрменсіз органдардың қолдары қысқалығын білеміз. Мәселен, қолына қару болғанымен, оқ ату құқы шектелген инспекторларға оқ өткізбейтін кеудеше кигізу үшін Ішкі істер министрлігінің келісіміне қол жеткізілмей келеді. Ол үшін қолданыстағы заңдарға да өзгеріс енгізу қажет екен.
– Біздің инспекторларға да полиция қызметкерлері сияқты оқ өткізбейтін кеудеше киюге рұқсат алудамыз. Болашақта бұл нақты шешіледі. Ол үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізсек болды. Бұл жұмысты енді ғана бастадық, – деді Ерлан Нысанбаев. Мәселе өзекті болғанымен, құзырлы орындардың қазіргі тірлігі инспекторларды оққа байлап бергендей әсерде қалдыратыны өкінішті.
Биылдан бастап «Киік» атты кең ауқымды табиғатты қорғау акциясы басталмақ. Іс-шара тұрақты негізде «Охотзоопром» ӨБ күштерімен ұйымдастырылып, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, киікке шығатын браконьерлік ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және олардың жолын кесу, дериваттарын сату мен сатып алуға маманданған қасқөйлерді ұстауға бағытталмақшы.
2019 жылдың басынан бері киікті заңсыз атудың 38 оқиғасы тіркеліп, 390 «тушасы» мен 252 мүйізі тәркіленген. Бұл – адам шошырлық қылмыс. Ал осы қылмыспен күрестің бір парасы ретінде заңнаманы жүйелеу болатыны да сөзсіз. Оның үстіне бұл мәселе Мемлекет басшысының бақылауында тұр.