Гонконгте Қытай билігі ықпалының күшеюіне қарсы наразылық акциясы екі айдан бері жалғасып келеді. Мыңдаған адам қатысқан акция қазір әлем елдерінің назарына ілігіп отыр.
Соңғы уақыттарға дейін Гонконг әкімшілігі Бейжің билігі заң бұзушылыққа жол берді деп таныған азаматтарын материктік Қытайға беруден бас тартып келген. Өйткені Қытай заңдары қатал, заңнама жүйесінде ашықтық жоқ, өлім жазасы жиі қолданылады деген себептер айтылатын. Бірақ биылғы жылдың басынан бері құқық бұзды деп танылған азаматтарды экстрадициялауға келісім болды. Міне, осы процесс жаппай наразылыққа ұласып, әлі күнге жалғасып келеді. Наразылық акциясына шыққандар енді демократиялық реформалардың жүргізілуін, сайлау және сайлану құқын енгізуді, сонымен бірге Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Ламның отставкаға кетуін де талап етуде.
Бірақ Қытайдың өз ішінде гонконгтіктердің наразылықтарын қолдаушылар аз. Өйткені Қытайдың ресми БАҚ құралдарының насихатымен халық оларды тәртіп бұзушылар, жаппай бүліктерге жол берушілер деп бағалайды екен. Мәселен, Гонконгтан 1200 шақырым жерде орналасқан Шанхай мегаполисінің тұрғындарымен сөйлескен батыстық журналистер қарсылық акциясын қытайлардың еріккеннің ермегі деп бағалайтынын естіген. «Біреу тоңып секіреді, біреу тойып секіреді» демекші, қытайлар гонконгтіктердің «жұмыс істеудің орнына қарсылық акцияларына шығуын» түсінбейтінін айтқан.
Сонымен бірге Қытай тұрғындарының арасында олардың ұзақ жыл капиталистік жүйемен өмір сүріп, демократиялық еркіндіктерге, тұрмыс ахуалының жоғары деңгейіне қол жеткізгенін де көре алмайтындар бар көрінеді.
Қалың оқырманның есіне сала кететін болсақ, Гонконгты 1842 жылы Ұлыбритания басып алып, Нанкин келісімі бойынша оны өзінің колониясы деп Қытайды мойындатқан. Бірақ артынан, 1898 жылы жасалған келісім бойынша Ұлыбритания Гонконгты 99 жылға жалға алушы болып танылды. Осы жылдар ішінде Гонконг Азияның аса ірі қаржылық орталықтарының біріне айналып, дамыған елдердің қатарына енді. 260 шағын аралдан тұратын оның жер көлемі 1106 шаршы шақырымдай, ал халқының саны 7,5 млн адам. Жалдау мерзімі біткен соң Гонконг ҚХР құрамына тек 1997 жылы қосылған. Қытай билігі оны «арнаулы әкімшілік аудан» деп танып, 2047 жылға дейін 50 жылға кеңейтілген құқық еркіндігін, баспасөз бостандығын, жиналыстар өткізіп, өз пікірлерін ашық айту құқықтарын беруге кепілдік берген. Қарсылық акциясына қатысушылар елдің осындай жағдайын жақсы біледі. «Біздің автономиямыздың жабылу мерзімі 2047 жылға дейін. Біз тым болмаса сол уақытқа дейін өзіміздің негізгі құқықтарымыз бен еркіндігіміздің аяққа басылмауын талап етеміз», деген акцияға қатысушылардың бірі. Қарсылық акциясына қатысушылардың бәрі де осы ұстанымда екені белгілі болып отыр. Сондықтан олар Қытайдың әскер кіргізуі мүмкін деген қауіптен қорықпайтындықтарын айтқан.
2019 жылдың маусым айында Жапонияның Осако қаласында болған G20 лидерлерінің саммитінде АҚШ президенті Д.Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездескенде, оған Гонконгтағы қарсылық акциясы 1989 жылғы Тяньаньмэньдегі сияқты қанды жолмен таратылатын болса, екіжақты сауда келіссөздері мүлде тоқтатылатынын айтқан. Ал өткен жексенбіде, Ақ үйде жасаған мәлімдемесінде Д.Трамп өзінің осы ұстанымын қайталап, егер демократиялық қарсылық акцияларына қарсы күш қолданылатын болса, – ол сауда келіссөздеріне кері әсер ететінін тағы жеткізді. Сонымен бірге Д.Трамп ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің бұл кикілжіңді бейбіт жолмен таратуға мүмкіншілігі бар екенін де атап өтті.
Бұдан 30 жыл бұрын Қытай астанасының Тяньаньмэнь алаңында екі айға созылған жүздеген мың адам қатысқан қарсылық акциясы күшпен таратылып, кейбір деректерге қарағанда, мыңға жуық адам қаза болған еді. Д.Трамп сол оқиғаны еске алып отыр. Айта кететін жайт, қазіргі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев КСРО-ның Қытайдағы елшілігінде дипломатиялық қызметте жүріп, осы қарсылық акциясын өз көзімен көрген және ол туралы кітапшасы да шыққан болатын.
Гонконгтегі қарсылық акциялары әлі де жалғасуда. Тамыздың 12-сінде оның кесірінен халықаралық әуежай да жабылып қалды. Өңкей қара киімді қарсылық білдірушілер әуежайдың алдына топталып, оның жұмысына кедергі жасап бақты. Қазір акцияға қатысушылардың саны 1,7 миллионнан асып кеткен. Басында бейбіт акция болған қарсылық шарасында қазір ішінара полицияға қарсы төбелестер мен қиратушылықтарға да жол берілуде. Соның кесірінен ондаған адам жараланған.