Астана іргесіндегі Қосшы ауылында биыл 12 көшенің жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған бюджеттен 2 млрд 100 млн теңге қаражат бөлінген. Салынып жатқан жолдардың сапасына Ұлттық жол активтері сапа орталығы мен қоғам белсенділері тексеріс жүргізіп, біраз сын айтты. Оның ішінде былтыр ғана қолдануға берілген Сүйінбай көшесінің тоз-тозы шығып, үгітілген асфальттарына куә болып қайттық.
Алдымен Тұран және Сүйінбай көшелері тексерілді. Сүйінбай көшесін визуалды тексеру кезінде асфальттардың шытынағаны бірден көзге түсті. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы бұған дейін осы көшелерден 60-тан астам сынама үлгілерін зертханада тексеріп, 13 материалдың жобалық талаптарға сәйкес келмейтінін анықтаған. Мысалы, табиғи құм-қиыршық тастың орнына ұсақталған құм төселген. Жол жиегі мен арықтардың салынуы да талапқа сай емес. Сонымен қатар ортаңғы және жоғарғы қабат арасында битум эмульсиясы салынбаған. Осы сияқты 20-дан астам ескертуді жауапты мердігер ұйым назарға алмай отыр.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Бас директорының міндетін атқарушы Замир Сағынов: «Қиыршық тас салынбай, топырақтың үстіне бірден асфальт орналастырған. Стандарт бойынша жол салудағы алғашқы негізі жоқ. Жолдың төменгі жағын қазып қарайық. Бос, сондықтан су жиналып тұр», деді. Сондай-ақ мердігер компания Республика көшесінде 640 метрге жөндеу жұмыстарын жүргізу керек болған, іс жүзінде тек 440 метрге ғана асфальтбетон салған. Алайда, құжат бойынша барлық қаражат игерілген. Салынған жолдардың сапасыз екенін айтып, наразылық білдірген ауыл тұрғындары да бар. Шәмшия Атабаеваның айтуынша, бұған дейін жергілікті тұрғындар халықтан ақша жинап көлік жалдап, қиыршық тас төсеген. Әсіресе көктем кезінде батпақтан әбден мезі болған жұрт осылай өз қаражаттарына жол салған.
− Бастапқы салынған дайын тастардың үстіне асфалт төседі. Басқа аймақтардағы салынып жатқан жолдарды көріп жүрміз. Жаппай қазып, барлығын талаптарға сай етіп жасайды. Біздің жолдарды дұрыс салған жоқ. Бір жылдан кейін жүруге жарамсыз болып жатса, таңғалмаймын, − дейді ауыл тұрғыны. Салынғанына көп болмаған жолдың үгітіліп, астынан тас шығуына негізгі себеп – ауыр жүк көліктерінің жиі қатынауы. Целиноград аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Жұмағұлов бұл өңірде қытайлық кәсіпорындардың ауыр жүк көліктерінің тұрағы орналасқанын алға тартады.
− Байқаған болсаңыздар, біз кіреберіске жүк көліктерін жүргізбес үшін белдеу қойдық. Себебі жол сапасын құртатын көбінесе сол ауыр жүк тасымалдайтын көліктер. Мысалы, ауыр жүк көлігінің салмағы – 10 тонна болса, оның тиеген жүгі де 10 тоннаға шамалас. Ал салынған жолдармен ары кеткенде 8-9 тонналық көлік жүруі керек. Сондықтан мердігер компания биыл жолды өз қаржысына қайтадан жөндеп жатыр, − деді А.Жұмағұлов. Оның айтуынша, Сүйінбай көшесіне салынған жол 4 санатқа жатады. Яғни, бөлінген қаражаттың мөлшеріне қарай деңгейі де төмен болып отыр. Бұл жолдар сондықтан да ауыр жүк көліктеріне шыдас бермейді. Салынған жол сапасының негізгі сарапшысы – уақыт десек, мердігерлер тарапынан берілетін кепілдік – 2 жыл ғана. Бұл уақыттан кейін оның жағдайына жауапты ешкім өз мойнына алмайтыны анық.
Өз кезегінде БАҚ өкілдеріне жауап берген жол салған мердігер компанияның өкілі Сергей Кононов: «Кепілдік аясындағы жөндеу жұмыстарын өзім жасап жатырмын. Ал былтыр жолды салған кезде бұл нысанда жұмыс істеген жоқпын. Сондықтан жолдың қаншалықты жұқа немесе қалың болғанын айта алмаймын», деп ақталды. Қалай болғанда да бөлінген қаражат толықтай игерілді. Қажетті жоспар бекітілді. Енді жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған жолдарды әкімдік қабылдап алуы тиіс. Одан бұрын тұрғындар мен қоғам белсенділері жол сапасына қатысты фактілер ескерілсе екен деген уәждерін білдірді.
Қоғам белсендісі Мұсағали Дуанбеков: «Жолдың негізі іргетасы дұрыс жасалмаған. Себебі айналасында су бар. Ертең күн суытып аяз түскенде асты жарылып шыға келеді. Сондықтан бұл жолдарды қайтадан жасау керек. Оны жасаған мердігерлер міндетті түрде жауап беруі тиіс. Оған миллиондаған ақша кетті. Оның нақты есебі берілуі тиіс. Ал жол жөндеуші мердігер компания мен аудандық әкімшілік өкілдері жолды осындай аянышты күйге түсірген жүк көліктері деп отыр. Сапасы жағына жауап бере алмағасын, бар кінәні адамға емес, көліктерге артты», деп өз ойын білдірді.
Жалпы жол сапасына жауапты мекеме басшысы еліміздегі осындай жергілікті жерлердің 90 пайызы талапқа сай еместігін айтты. Сондықтан мұндай рейдтер алдағы уақытта еліміздің барлық аймағында жүргізіледі. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұржан Темірхановтың айтуынша, жүргізілген тексерістер нәтижесі бойынша ескерту айтылған мердігер кәсіпорын алдағы уақытта жіберілген олқылықтардың орнын толтыруы тиіс. «Жол салу ісінде мердігер кәсіпорындардан біз стандарт бойынша бекітілген талаптарды сұраймыз. Болмаған жағдайда, қандайда бір сәйкес келмейтін жайттар бойынша айтамыз. Себебі болашақта салынған жолдың халыққа ұзақ жыл қызмет етуі маңызды. Сондықтан мердігер кәсіпорындар бізге үрке қарамай, керісінше бірлесіп жұмыс істеуіміз керек», дейді. Расында, жыл сайын қазынадан қаражат бөліне бермейді. Сондықтан берілген мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, сапалы, біраз жылға қызмет ететін жолдардың дұрыс салынуын талап ету орынды-ақ. Жасыратыны жоқ, еліміздегі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттері жиі тіркелетін жол саласында ақпарат ашықтығы қаражаттың қайда, қалай кеткені жабулы күйінде қалады. Бұл ақпарат мердігер ұйым мен әкімдік арасында ғана қалып қояды. Сондықтан «ақша бөлінгенімен жолдың сапасы сын көтермейді» деген қара бояуы қалыңдау пікірдің тууы заңды. Елорданың іргесінде орналасқан Қосшы кентінде салынып жатқан 12 көшенің жолдары негізгі жоспар бойынша кем дегенде 5-6 жылға жарамды болуы тиіс. Бірақ жоғарыда аталған ескертулер ескеріліп, қателіктер жөнделмесе, Сүйінбай көшесі сияқты бір қыстан кейін асфальты шашылып, бөлінген миллиардтаған қаражат далаға кетеді деген сөз.