Құрамы өңірлік телеарна операторларынан құралған түсірілім тобымен Әйтеке би ауданының оңтүстігіне бет алдық. Жағалай созылып жатқан Мұғалжар тауының сілемдерін бойлай ағып жатқан Ырғыз өзенін жанамалай отырып жолда қиыршық тас карьерін басып өткен қара жол ашық далаға бастады. Экспедиция мақсаты ауданның камера көзіне ілікпеген тарихи-мәдени кешендерін бір сүзіп өту болатын. Сапар барысында біздің көзімізді таң-тамаша күйде қалдырған ортағасыр ескерткіші өзінің ерекше архитектуралық және ішіне жасырған жұмбақ көрінісімен назарымызды еріксіз аударды.
Бұл Қайрақты ауылдық округі Талдық ауылының батысында 25 шақырым жерде орналасқан Нұрсейіт тамы еді. Там басына қойылған белгі тақтайшада жазылған мәтіннің жалпы мазмұны былай: «Нұрсейіт шамамен 1750-1850 жылдары өмір сүрген. Нұрсейіттің дүниеде 11 ұлы, 1 қызы болған. Өзінен бұрын қызы дүние салған соң там құрылысына Қарақалпақ жерінен алдырған сәулетші құрылысшылар тобына басшылық жасап, жұмысын аяқтаған».
Нұрсейіт тамы 3-4 шақырымнан көз шалатындай биікке орнатылған. Айналасында басқа мазарлардың ізі білінбейді. Есесіне құрылысқа қажетті топырақ пен сазды сол жерден пайдаландыға саятын тамды айнала бірнеше шұңқыр-ойық жатыр. Нұрсейіт тамы төрт қырлы қабырғасынан өріліп шыққан төбесі күмбезденіп біткен. Там құрылысы сазнегізді материалдан салынып сырты күйген кірпішпен өрілген. Тамның сыртқы күмбезі мен іші толықтай әктас араласқан топырақпен қалың етіп сыланған. Там алдына жалғаса салынған қосалқы құрылыс адамды еңкейген қалыпта ішіне жетектейді (1-сурет). Құрылыстың жоғары бөлігінде төрт бағытқа ашылған терезелері бар (оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс). Тамда екі адам жерленген. Мәйіттегі үйілген топырақ үсті сазкірпішті қоршау жабын жартыдан жоғары көмкерілген. А.Бисембаевтың Батыс Қазақстан облысының ескерткіштеріне жасаған зерттеулерінде мұндай жерлеу әдістерінің кездесетіндігін айтады. «Найболее ярким моментом сочетания исламских признаков в одном погребении можно было бы считать присутствие в погребальном комплексе выкладки над могилой и кирпичной ограды...» (А.А.Бисембаев, «Археологические памятники кочевников Западного Казахстана» (VIII-XVIII в.в) – Орал, 2003, - 187 б.).
Нұрсейіт тамында өзі тектес өзге тамдармен салыстырғанда күмбезінің ішкі бөлігіндегі әшекей өрнектерінде ұлттық болмыспен мүлде қабыспайтын сәулет түрін бірден байқайсыз. Себебі әдеттегідей кез келген қазақ мәйітінде кездесетін жарты ай бейнесін бұл жерден көре алмадық. Бір қарағанда, эллинизм іздері көзге ұрып тұрған секілді. Дегенмен, байыппен зерделесек күмбез асты әдіптелген бейнелер әлемдік діндердің қоспасынан құрмаласып өрнектелген. «Орталық Азияның батыс бөлігінде ислам канондарының ықпалынан көркемөнер үлгілерінде антроморфты және зооморфты сюжеттерді бейнелеуге шек қойылды. Ал Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірдің кейбір жерінде қоныстанған түркі тілдес көшпелі халықтар мәдениетіне христиандықтың несториандық бағыты, буддизм және манехейлік діндердің жұғындылары көркем безендіру стильдерінен өз орнын тапты» деп жазады Худянов өз еңбегінде. (Археология степной Евразии. Искусство кочевников Южной Сибири и Центральной Азии. Худяков, 1998, – Москва, 79 б). Көріп отырғанымыздай, көшпенділер өмір салты, тарихи-мәдени құндылықтары түрлі мәдени орталардың, әлемдік діндердің ықпалымен сан қырлы өзгерістерге ұшырап отырды. Оның ішінде көркемөнерде жаңаша эстетикалық келбетін қалыптастыра білген.
Құрылыстың ішкі қабырғасын адам жанының үш түрлі әлемдегі трансы құрсақ, дүния және аспан әлемін сипаттап беріп тұрғандай көлденең жатқан үш толқынды сызықтар бөліп жатыр. Мазардың ішкі бөлігінде орта беліне айнала салынған жарты шеңбердің барлығы дерлік жоғары беті мен фигураны вертикальды бөліп тұрған кесінді ирелек толқын тектес. Тек құрылыстың солтүстік бөлігіндегі фигураның вертикальды кесінділерінің арасын екі бағытты нұсқайтын айырым белгісіне ұқсайтын символдар бөліп тұр. Олардың саны үшеу.
Суретте көріп тұрғанымыздай жарты шеңбер салынбаған орынға самаурын, құмыра, екі бокал бейнеленген (2-сурет). Одан сәл жоғары кит мүсініне келетін фигураны көреміз.
Жарты шеңбер арасын үлкен толқындар бөліп тұрғандай. Толқын бастарында құмыраға келетін фигураның төменгі бөлігіне бір-бірін қиып өтетін сызықтар түскен. Егер картинаға объективті жан бітіріп елестетіп көрсек құдды жан-жақтан көмкерген толқындар арасымен қалқып бара жатқан кеме дерсіз. Бірақ шын мәнісінде сәулетшінің түпкі ниеті не болды екен?
Біздің пайымдауымызша қабырғадағы бейнелер пайғамбарлар тарихынан сыр шертеді. Дін тарихында Мұса пайғамбардың еврей халқын перғауын әскерінен құтқару үшін құдайдың құдіретімен Ніл өзенін екіге айырып ортасынан езгіге ұшыраған еврей халқын алып шығатындығы жайлы қисса кең тараған. Доғал форма өзеннің табаны да жарты шеңбердің үстіңгі бөлігіндегі ирек сызықтар – су толқыны. Енді осы тұспалмен із салатын болсақ, онда үш жерде кезігетін кит тәрізді бейне. Киттің ішінде үш күнін өткізген Жүніс пайғамбардың қиссасын жырлап тұрғандай.
Құрылыстың орта белінен жоғары күмбезінде үш бөлек бедерленген үлкен шеңберлерді байқайсыз (3-сурет). Шеңбер сақиналарының саны – 7. Сырт шеңберде күн шапағы кестеленген. Ортасында бес қырлы жұлдыз бейнесі бар. Дәл осы картинаны қалған сақиналы шеңберлерден де көресіз. Бір шеңбердің қалғандарынан ерекшелігі онда бес шекті жұлдыздың орнына алты шекті гексаграмма немесе Дәуіт пайғамбардың жұлдызы көрініс тапқан.
Егер картинаның сөзбе-сөз тәржімасын жасар болсақ, күн жүйесіндегі жұлдыздар деген мәтін шығар еді. Соңғы орта ғасырда күн жүйесі жеті планетадан тұрады деген аксиома тұрақты бекіген еді. Бұл жөнінде қазақтардың аспан әлемі туралы түсінігінде де 7 қат көк деген тіркесті жиі естуге болады. Ал шеңбердің ортасында орналасқан бес шекті жұлдыз аяқ-қолы жан-жаққа созылған адам мүсінін еске салады. Кезінде Леонардо да Винчи суретін салған «Ветрувиан адамы» бес шекті жұлдыз формасы дәл осы. Ал Ветруви антика дәуіріндегі сәулетші болатын. Әл-Фарабидің еңбектерінде де адам мен аспан әлемі арасынан байланыс іздеу орын алған. Осы теория бойынша сақиналы шеңберлер ортасында орналасқан бес шекті жұлдызда адам бейнеленген деп алсақ, онда үлкен аспан әлемі макрокосм мен кіші әлем адам микрокосм арасындағы байланыс деп атай аламыз. Үшінші сақиналы шеңберлер ортасындағы гексаграмма, яғни алты шекті жұлдыз көптеген мәдениеттерде кездеседі. Бірақ бұл жердегі объективті картина мазмұны жерлеу рәсімі болғандықтан дін философиясына ең жақыны Дәуіт жұлдызы немесе Дәуіт қалқанына тоқталамыз. Сондай-ақ мұндай тоқтамға келуіміздің басты себебі сәулетшінің Қарақалпақ жерінен шақыртылуы. Тарихта «бұхарлық еврейлердің» қазіргі Өзбекстан жерінде ауа жайылғандығы белгілі. Бұдан шығатын қорытынды – сәулетшінің өзі еврей болғандығы немесе иудаизм мәдениетіне құлай құштар болған адам екендігі. Күмбездің ұшар басында тағы екі жерде кішірек шеңбер орналасқан. Оның ішіндегі сақиналар саны 4-еу. Жалпы, бес жерге орналасқан сақиналы шеңберлер фарабитанушы ғалым Ақжан Машанише айтқанда, дүниенің бес тетігі, субстанциясы, стихиясы – жер, су, от, ауа және бесіншісі осыларды басқаратын, иелік ететін эфир немесе кеңістік санымен пара-пар.
Бір бойына бірнеше құбылысты сыйғызған там жел, су әсерінен қирап түсу алдында тұр. Күмбезінің ұшар басының жиектері сетінеп, қабырғасында тігінен үлкен жарықшақ пайда болған. Қазақ даласында кезіге бермейтін мәдениет үлгісін келер ұрпақ үшін сақтап қалу қажет-ақ.
Нұрғиса Көшеров,
саясаттанушы
Ақтөбе облысы