Айыртау ауданы Имантау ауылында әрбір оныншы отбасы жылыжайда көкөніс, гүл өсірумен айналысады. Олардың арасында «Омаров» жеке кәсіпкерлігінің орны бөлек.
Олай дейтініміз, Тауфик Омаров ақсақал өзіне өтініш-тілегін айтып, ынта-ықылас білдіре келген ауылдастарын ерекше төзімділік мен шыдамдылықты қажет ететін бағбандықтың құпияларына үйреткен. Осы себепті азан шақырып қойған есімі ұмытылып, бәрі де «бағбан бабай» атап кеткен. Бір жағынан заман ағымына бейімделе отырып отбасылық жылыжай бизнесінің негізін қалап, тәжірибесін балаларына қалдыруға тырысқан. Қашан көзі жұмылғанша қолынан кетпенін тастамай жер өңдеуден бел жазбаған. Бау-бақша баптау сырына жастайынан қанығып өскен ол табиғаты тамылжыған, қосалқы шаруашылықты дамытуға қолайлы өңірге көшіп келгеніне еш өкінген емес. Қайта сүйікті ісіне біржола ден қойып, жыл он екі ай жылыжайдан шықпайтын әдет тапқан. Әрі табысты, әрі хош иісі аңқып, ерекше ләззатқа бөлейтін гүлдердің небір түрін алыс-жақыннан алдыртып, артына қалдырған өлмес мұрасын бала-шағасына мирас етіп кеткен.
«Әкем жан тыныштығын өзі өсірген гүлдердің ортасынан табушы еді. Оның өз кәсібіне берілген адалдығы мен көнбістігі қайран қалдыратын. Адамдар гүлдің тұқымдарын алу үшін алыстан арнайы іздеп келетін. Үй маңайының осындай жасыл желекке малынып тұрғаны – әкемнің арқасы. Көкөніс өсірумен де, омарташылықпен де шұғылданды. Дәмділігі тіл үйіретін өнімдерін ауылдастары таласып-тармасып алатын. Имантау елді мекенін жасыл желекке көмкеріп, флора мен фаунаға айналдырған асқар тауымыз қандай құрметке болсын әбден лайық», дейді қызы Гүлфия.
Әке жолын жалғастыру мақсатымен Көкшетаудан осында қоныс аударған кәсіпкер қыздың да бау-бақшасы жайқала өсіп тұр. Инновациялық жаңалықтарды жатсынбайтын оның жылыжайында петунья, циния, газания,тунберги, портулак, фиалка, шырайгүл, барқытгүл, гайлардия дейсіз бе... ақ, сары қызыл, көк, ашық қызғылт түсті, хош иісі мұрын жаратын гүлдерді молынан кездестіруге болады. Оның сөзіне қарағанда гүл өсірудің машақаты көп. Жыл бойы тізе бүкпестен еңбек етіп, өскіндер ақпан айында отырғызыла бастайды. Уақтылы суару мен дұрыс баптаудың арқасында биыл 12 сотық жерге гүлдің жүзден астам түрі отырғызылып, пышақ үсті сатылып кеткен. Ешқандай минералдық тыңайтқыш пайдаланбайтындықтан, нарықтағы сұраныс жоғары. Іргелес Көкшетау, Нұр-Сұлтанды айтпағанда, алыс қалалардан, тіпті Ресейден де тапсырыс түсіп жататыны сондықтан. Мұның өзі жалаң пайданы ғана мақсат етпей, бизнес саласында дұрыс бағыт-бағдар ұстана білгенін де аңғартса керек.
«Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ арқылы жеңілдетілген несие ресімдеп, материалдық жағынан оңалып алған соң бес ауылдасына тұрақты жұмыс тауып берген. Ал гүлдерді егу, баптау, сату секілді қарбалас сәттерде жұмыс күшіне деген сұраныс тіпті артып кетеді. Бір маусымда жарты миллионға дейін көшет отырғызылса, бейнет пен зейнеттің ара салмағын көзі қарақты оқырман бірден аңғарар.
Гүл өсіруші Гүлфия тропикалық гүл түрлерін өсіру арқылы сыртқы нарыққа шығудың көздерін де ойластырып қойыпты. Несі бар, жұпар иісі аңқыған, махаббаттың, сүйіспеншіліктің символы іспеттес көз жауын алатын гүлдерді жұртшылыққа сыйлап, алғысқа бөленіп жатса, несі айып?
Имантау – кірсе шыққысыз ауыл. 50 отбасы «Жасыл ел» келісімі бойынша тапсырыс қабылдап, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларын көркейтуге белсене атсалысып келеді. Олардың арасында Омаровтар отбасының шоқтығы биік.
Солтүстік Қазақстан облысы