• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2013

Бұйығылықтан бұлқыныс басым болса…

331 рет
көрсетілді

Бұйығылықтан бұлқыныс басым болса…

Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:27

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұдан былай бірсарынды бұйығы тірліктен арылып, өмірге деген көзқарасты түбегейлі өзгертудің қажеттілігі туындап отырғанын асқан парасаттылықпен, елге, жұртқа деген шынайы жанашырлықпен терең талдап түсіндірді. Әсіресе, замана тамырының бүлкілін тап басып, ХХІ ғасырдағы ықтимал он жаһандық сын-қатерді алдын ала болжап, ескертіп, одан сақтанудың жолдарын да жүйелеп көрсетті.

 

Сәрсенбі, 13 ақпан 2013 7:27

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұдан былай бірсарынды бұйығы тірліктен арылып, өмірге деген көзқарасты түбегейлі өзгертудің қажеттілігі туындап отырғанын асқан парасаттылықпен, елге, жұртқа деген шынайы жанашырлықпен терең талдап түсіндірді. Әсіресе, замана тамырының бүлкілін тап басып, ХХІ ғасырдағы ықтимал он жаһандық сын-қатерді алдын ала болжап, ескертіп, одан сақтанудың жолдарын да жүйелеп көрсетті.

Тәуелсіздіктің 20 жылында қоғам өмірінің барлық саласында өте жоғары қарқынмен жаңғырту жүргізіліп, ғасырға татырлық іс ат­қарылды. Алайда, ғарыштық жылдамдықпен алға жылжыған уа­қыттың көш керуенін тоқтатып немесе кері бұруға болмайды. Жолындағысын жапырып, әл­сіз­дерді әрі итеріп, жаңқадай жағаға лақтырып тастайтын өмірдің асау толқындары мұрнының астынан әрідегіні көруге дәрменсіз кейбір жігерсіз жандардың рухын жаншып кеткені де жасырын емес. Елбасы осы теңгерімсіздікті жіті бақылап, осындай осал топтардың қоғамдағы өздерінің лайықты орындарын тауып, жаңа саяси бағыт ұсынған мүмкіндікті мүлт жібермеулеріне мүдделілік танытып отыр.

Екінші сын-қатер – демо­гра­фиялық теңгерімсіздік туралы айта келіп, Елбасы өз Жолдауында «енді  40 жылдан кейін 60 жас­тан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып кетеді» деген болжам жасайды. Мұны не үшін айтып отыр? Өзіңіз ойлап көріңізші, бір отбасындағы 7 адамның төртеуі зейнеткер, үшеуінің жасы 15-ке толмаса қалай күн көрер едіңіз? Оларды кім асырайды, әлеуметтік мәселелерін кім шешеді деген сауалдар көлденең тұрады. Осыдан келіп жаңа заманауи технологияларға негізделген мемлекет машинасының механизмдерін қозғап, алға жылжыту үшін бесас­пап жұмысшы мамандарға деген сұраныс арта түседі. Осыны аңдып жүрген заңсыз еңбек мигранттары жан-жақтан қара шегірткеше қаптап, еңбек нарығындағы қалыптасқан тұрақтылыққа кері әсерін тигізеді. Елбасының дабыл көтеріп, барша қазақстандықтарды Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай бастап келе жатқандығы да сондықтан. Ал шындап жұмыс іздеген адамға екі қолға бір күрек қашанда табылады. Жастарға сенім артқан Мемлекет басшысының мүмкіндік барда оқы, ғылым үйрен, мамандық игеріп, жаңа кәсіпке машықтан  деген әкелік қамқорлық сөзін әсте естен шығармауымыз керек.

Елбасы өз Жолдауында әлемдік халық санының күрт өсуіне байланысты туындайтын үшінші сын-қатер – жаһандық  азық-түлік қатері де біздің елді айналып өтпейтінін ескертеді. Қазірдің өзінде телеарналардан Таяу Шығыс, Африка елдеріндегі аштықтан бұралып, көздері аларған шиеттей сәбилерді көргенде жаның түршігеді. Бізде шүкір, құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Өзімізден артылған құнарлы астық өнімдерін экспорттап, әлемдік астық нарығынан ойып орын алдық. Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, бағаны тұрақтандыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар, Үкі­мет­тің қаулы-қарарлары, сайып кел­генде, осындай азық-түлік дағда­ры­сының алдын алуды көздейді.

Су – тіршілік  нәрі. Су бар жер­де өмір бар, судың да сұрауы бар, деген қағидалар қашанда өз мәнін жоймақ емес. Бұл орайда, Елбасының төртінші сын-қатер деп су тапшылығын ауызға алуы тегіннен тегін емес. Өйткені, соңғы жылдары әлем бойынша су пайдалану көлемі бұрынғымен салыстырғанда бірнеше есе ұлғайды. Күндіз-түні екі иінінен дем алып, үзіліссіз жұмыс жасайтын алпауыт зауыт, фабрикалардың да негізгі қорегі – су. Ауыл шаруашылығы саласын да сусыз көзге елестету мүмкін емес. Бірлесіп пайдаланатын трансшекаралық өзендер төңірегінде де түйткілді мәселелер көп. Сондықтан, судың шүмегінің кілті кімнің қолында болса, сол мемлекеттің мәртебесі биік болмақ. Осыны түсініп, суды ысыраптауға жол бермей, Елбасының алға қойған міндеттерін орындауға аянбай атсалысқанымыз абзал.

Жаһандану жылдарында баламалы және «жасыл» энергетикалық технологиялар деген ұғым пайда болды. Әдетте, мұндай тосын ғылыми жаңалықтар Жапония, Сингапур, Малайзия сияқты озық дамыған елдерден бастау алатын еді. Ал Тәуелсіздіктің 20 жылында экономикасы қарыштап дамып, таңғажайып табыстарға қол жеткізген Қазақ елі әлемдік ЭКСПО көрмесіне өзінің «жасыл энергетика» жобасын ұсынып, әлемдік бастама көтерді. Ұсынып қана қоймай, әлемнің 150-ге тарта мемлекеті қатысқан халықаралық көрмеде жасырын-жабық дауыс қорытындысымен тамаша жеңіске жетіп, 2017 жылы ЭКСПО көрмесін Астана қаласында өткізу құқығына ие болды. Сөз жоқ, бұл Елбасының ерен еңбегінің, сарабдал саясатының жемісі деп білуіміз керек. Көмірсутегі экономикасының дәуірі аяқталып келе жатқанын ерте сезінген Мемлекет басшысы табиғи баламалы энергетика ресурсын іздестіріп, бұл бағытта да бірінші болып шешуші қадам жасады. Бұл – мұнай мен газдың мол қорын иеленетін Қазақстанмен сенімді стратегиялық, әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүдделілік танытатын елдер қатары одан сайын арта түседі деген сөз. Елбасымыз мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей, өзара пайдалы халықаралық қатынас қалыптастыру арқылы ел игілігін еселей түсері айқын.

Алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы жөнінде айта келіп, Елбасы өз Жолдауында «басқа елдер мен халықтарға біздің ресурстарымыз қажет болады, бізге өз табиғи байлықтарымызға деген көзқарасымызды ой елегінен өткізудің қағидатты маңызы бар» дейді. Сондықтан, табиғи ресурс­тарымызды да тиімді пайдаланып, экономикалық айналысқа түсіріп, ел қазынасына кіріс құюды үйренуді ұсынады. Соңғы жылдары облыс аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерге түгендеу жүргізіліп, заңды жолымен мемлекет меншігіне кері қайтарылуда. Бұл жұмыс одан әрі жалғасын тауып, Елбасы Жолдауына нақты іспен қолдау көрсетілері сөзсіз.

«Адамзат үшінші индустриялық революция табалдырығында тұр, ол өндіріс ұғымының өзін өзгертеді». Біз бұған дайынбыз ба? Елбасы осыған алаңдаушылық білдіреді. Шынында да, болашақта ірі өндіріс орындарына жұмысшы күші қажет болмай қалуы да мүмкін. Өйткені, барлық жұмыс процесі пульт­пен басқарылады, оған білікті маман қажет. Қашанғы қыруар қаржы шығындап, шетелден маман шақырамыз. Қазіргі ғылымның дамығаны сонша, бір ел Айға барып қала тұрғызыпты десе, таңғалуға болмайды. Ал біз ше, аспанға қарап: «Мынау бір ғажап екен», деп тамсанып қойып, әрекетсіз отыра береміз бе? Неге біз де бір планетаны иеленіп, өзіміздің құрылысымызды, өндірісімізді бастамаймыз. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» дегендей, Елбасының бүгінді емес, болашақты ойлап шыр-пыры шығып жүргені де сондықтан.  Бұл орайда, еліміздің әр аймағында ашылған Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқып жүрген дарынды шәкірттер Елбасының сенімін ақтайды деген үміттеміз.

Соңғы кездері БАҚ арқылы біліп отырғанымыздай, Еуропаның бірқатар елдері ереуілдеп жатыр. Оның себеп-салдары да белгілі. Ондаған жылдарға созылған жаппай жұмыссыздық халықты әбден титықтатып, кедейшілік шегіне жеткізген. Тәңірге мың тәубе, біздің елдегі әлеуметтік жағдай тұрақты, бірақ оған масаттануға болмайды. Осыны көре алмай тәуелсіздігімізге тасадан тас ататындар жоқ емес. Мәселенің байыбына бармай, байбалам салып, аузымен орақ оратындар да арамыздан табылады. Соның бәрін ой сүзгісінен өткізіп, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» сананы сабырға жеңгізіп, елді байыппен басқарып отырған Елбасының сарабдал саясатына қалайша бас имессің? Елбасы өз Жолдауында «Әлеуметтік-саяси дағдарысқа ұласатын жаһандық экономикалық дағдарыс Қазақстанға да сөзсіз қысым көрсетіп, төзімімізді сынаққа алатынын» жоққа шығармайды. Ендеше, ел боламыз десек, сындарлы шақта сыр бермей, Тұңғыш Президентіміздің төңірегіне тығыз топтасуымыз қажет.

Халықпен халықты жақын­дас­тыратын олардың әдебиеті мен мәдениеті, өнері, басқа да рухани құндылықтары. Қазақ­стан Республикасының Консти­ту­циясында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағ­дайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге қөзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» делінген. Қазақстан көпұлтты, көпконфессиялы ел ретінде әлемге танылып, татулықтың тірегі, дос­тықтың дәнекеріне айналды. Әр ұлт өздерінің діндерін дәріптеп, салт-дәстүрін сақтап, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай бейбіт қатар өмір сүріп келеді. Елбасы Жарлығымен мұсылмандардың ұлық мейрамы – Құрбан айт пен православие христиандарының қасиетті мерекесі – Рождество демалыс күні болып белгіленді. Бізге осындай өзара түсіністік, береке-бірлік жағдайындағы өмір сүру дағдысы қажет. Тоғызыншы сын-қатерге тоқталған Елбасы өз ойын былайша түйіндейді: «Тек басқа ұлттармен жарастықта ғана біздің еліміз болашақта табыс пен ықпалға қол жеткізе алады». Бұл бәріміз үшін де ұғынықты сөз болуы керек.

Қазір әлемнің барлық елдері бір алып мұз айдынының үс­тін­де аяқтарына коньки байлап, тайғанақтап, теңселіп тұр­ған сияқты көзге елестейді. Қай­сысы аяқтарынан нық тұр, қай­сысы жамбасына жалп ете түседі, ол әзірге белгісіз. 2007-2009 жыл­дардағы экономикалық дағ­дарыс­тан қапелімде шыға алмай, тығырыққа тірелген кейбір елдер алдағы күнге алаңдаулы. Мыңдаған адамдарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған өндіріс орындары жұмысын тоқтатып, әлеуметтік жағдай шиеленісе түсуде. Мұның өзі дамыған елдердің шикізат рес­урстарына деген қажеттілігін төмендетіп қана қоймай, шикізатқа әлемдік бағаның құлдырау қаупін туғызуы ықтимал. Соның салдарынан экспорт, импорт алмасу арқылы бір-бірімен тығыз экономикалық байланысқа түскен елдер арасында да сенімсіздік пайда болады.

Инфляцияның қысымы да әлеуметтік-экономикалық ахуал­ға кері әсерін тигізуі мүмкін. Осы­ның бәрі елдің қамын ойлаған Елба­сыға маза бермейді. Осындай әлемдік тұрақсыздық қаупіне тас-түйін дайын болу үшін биліктің барлық тармақтарының, мемлекет пен қоғамның ойластырылған, келісілген және үйлестірілген бағытын тұжырымдауға тиіспіз, дейді Елбасы өз Жолдауында алдымызда бірлесіп еңсерер әлі талай сынақ күтіп тұрғанын меңзеп. Олай болса, керітартпалыққа салынбай, елдік мәселелерге көбірек көңіл бөліп, жаһандық тұрғыда ойлануға дағдыланғанымыз дұрыс. Ең бас­тысы – бәсекеге қабілеттілік қажет болып тұрған жаһандану дәуірінде бұйығылықтың бұғауын бұзар бұлқыныс басым болса дейміз. Сонда қалыптасқан мемлекетіміздің мәртебесі қазіргіден де биіктеп, мерейі үстем болары сөзсіз.

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Махамбет аудандық

мәслихатының депутаты.

Атырау облысы.