• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әлем 27 Тамыз, 2019

Бразилияның тропикалық ормандары өртке оранды

1235 рет
көрсетілді

Өткен аптада басталған Амазондағы алапат өрт мәселесі бүкіл әлем халқы мен мемлекет көшбасшыларының басты назарында болды. 2013 жылмен салыстырғанда Бразилияда орын алған биылғы өрт саны ең жоғары көрсеткішке жеткен.    

Франция президенті Эммануэль Макрон бұл жағдайды «ғаламдық кризис» деп танып, G7 саммитінде талқыланатынын айтқан. Нәтижесінде Биаррице қаласында саммитке жиналған ықпалды жеті мемлекеттің көшбасшылары Амазондағы өртті сөндіруге 22 млн доллар қаражат беретіндерін жария етті. Эммануэль Макрон қаражат, ең алдымен, өрт сөндіру ұшақтарының шығынын төлеуге кететінін және Франция өрт сөндіруге жұмылдырылған аймақтағы әскермен көмек көрсететінін жеткізді.

Алайда Бразилия үкіметі «үлкен жетілік» ұсынған қаражаттан бас тартатынын мәлім етті. Оған қоса шетелдік державаларды Амазонды басқарғысы келеді деп айыптап отыр.  Бразилия президенті әкімшілігінің басшысы Оникс Лорензони Globo-ға берген сұхбатында: «Рахмет, бірақ бұл қаражат Еуропадағы ормандарды қалпына келтіруге қажетірек», - деді. Сондай-ақ ол «Макрон тіпті әлемдік мұраның бір бөлігі болып табылатын шіркеудегі өрттің алдын ала алмады, енді біздің елге кеңес бергісі келеді ме?», - деп Нотр-Дам шіркеуіндегі өртті еске алды.  

Францияның Гринпис ұйымы «үлкен жетіліктің» бұл бастамасына «экологиялық апаттың шұғылдығы мен ауқымын ескергенде лайықсыз шешім» деп баға берді.

Бразилия Президенті Жаир Мессиас Болсонару көптен бері Еуропа елдерінің Бразилияның табиғи ресурстарына көз тіккенін айтып келеді. Оның айтуынша, Бразилияға қызығушылық танытқандардың игі шаралары – өңірде орнығып алу үшін жасаған әрекеттерін жасырудың амалы ғана. Болсонару  шетелдер тарапынан жасалған кез келген қайырымдылық ел егемендігіне қауіп төндіреді деп сенеді.

Бразилияның ғарыштық зерттеу орталығының мәліметінше, Амазон орманында өрт ошақтары көбейіп, өткен жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке жеткен. Өртті сөндіруге жұмылдырылған 44 000 әскер қазір Бразилияның жеті штатында экологиялық апатпен күресуде.    

Осыған байланысты қоғамда президент Жаир Болсонарудың экологиялық саясатына қарсы наразылық күшейген. Табиғат корғаушылары Болсонару фермерлерді жерді тазалауға шақыруынан өрт шықты десе, ғалымдар тропикалық ормандардың аз уақыт ішінде мүшкіл халге жетуін Президенттің қызметке келгеннен бастап Амазон бойындағы ну ормандарды игеру туралы шешімімен байланысты деп отыр.    

Әдетте орман өрттері Бразилияда құрғақшылық маусымында жиі орын алады, алайда ірі қара малды өсіру үшін орманның көп аумағы әдейі игерілуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, сол себептен де биыл өңірде орын алған өрт саны жоғары болып отыр, қаңтар мен тамыз аралығында 74 000 өрт ошағы тіркелген.

Әлемдегі ең үлкен тропикалық орман ретінде Амазон – жаһандық жылыну қарқынын баяулататын өмірлік маңызды көміртегінің қоймасы. Мұнда сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлардың үш миллионға жуық түрі бар, орманды алқаптарды бір миллион байырғы тұрғын мекендейді.

Амазонды жайпаған өрт әлем жұртшылығының наразылығын тудырды. Алайда кейбір табиғат қорғаушылар NASA-ның өрт картасында өткен жексенбіде орын алған орталық Африкадағы алапат өрттің неге ескерусіз қалғанына алаңдаулы. Bloomberg агенттігінің мәліметіне сәйкес, өткен аптада екі күн бойы Анголада Бразилиядағы өрттен үш есе ауқымды өрт шыққан. Бразилиядағы 2127 өрт ошағымен салыстырғанда Анголада 6902 , ал көршілес Конго Демократиялық Республикасында 3395 өрт болған.