• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Тамыз, 2019

Ядролық қарусызданудың жаһандық көшбасшысы

1016 рет
көрсетілді

Бүгін Семей ядролық сынақ полигонындағы алғашқы жарылыстың жасалғанына 70 жыл толып отыр. Биыл сонымен қатар «Невада-Семей» антиядролық халықаралық қозғалысының құрылғанына 30 һәм еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғанына 28 жыл.

2009 жылы БҰҰ Бас Ассам­блеясы 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы Қазақстан бастамасымен қабылдағаны белгілі. Содан бері бұл маңызды дата әлемнің барлық елдерінде аталып өтілді.

Иә, бүгінде елімізді күллі әлем яд­ролық қарудан саналы түрде бас тартқан бейбітсүйгіш мемлекет ретінде мойындайды. Қазақ­станның қарусыздану, оны та­ратпау және ядролық қарусыз­дану саласындағы жаһандық көшбасшылығы жылдан-жылға нығайып келеді.

Сәл шегініс жасап, өткенге көз жүгіртсек, Елбасының 1991 жылғы Семей ядролық сынақ по­лигонын жабу туралы Жар­лыққа қол қойға­н­нан бері елі­міз­дің адамзатты ядролық қару­дан азат ету және жаппай қы­рып-жою қаруын таратпау тәртібін күшейтуге бағытталған саясаты күні бүгінге дейін жүйелі түрде жалғасып келеді. 1991 жылы Беларусь, Қа­зақ­стан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күш­терге қатысты Алматы дек­ла­рациясында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың тетік­терін айқындаса, 1992 жылы аталған елдер, АҚШ өкілдері төрт мем­ле­кеттің аумағында орналасқан стра­тегиялық Ядролық күш­терге қолданылатын шабуыл қаруын қыс­қарту мен шектеу туралы шарт­тың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақ­тылайтын бесжақты Хатта­маға қол қойды.

Ал 1993 жылғы 13 желтоқ­санда Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Жоғарғы Кеңесі Ядролық қаруды таратпау шар­тын (ЯҚТШ) бекітсе, 1994 жылғы 5 жел­тоқсанда ЕҚЫҰ-ның Буда­пешт саммитінде ядролық қару­­­сыз мемлекеттер ретінде ЯҚТШ-ға қосылуына байланыс­ты Қа­зақстан, Беларусь және Ук­раи­­наға Қауіпсіздік кепілдігін беру ту­ралы Меморандумға Ре­сей, АҚШ және Ұлыбритания қол қой­ды. 2006 жылдың қыр­күйе­гін­де Орталық Азияны ядро­сыз ай­мақ деп жариялаған Семей келісі­міне қол қойылды.

2009 жылы Қа­зақстанның 29 тамыз­ды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ретінде атап өту жөніндегі ұсы­нысы БҰҰ тарапынан қолдау тауып, 2015 жылы Хиросима және На­гасакиді атом қаруымен бом­балаудың 70 жылдығына орай Тұңғыш Президентіміздің бас­та­масымен БҰҰ Бас Ассам­блея­сында Ядролық қарудан азат әлем құрудың жал­пыға ор­тақ Декларациясы туралы қарар қабылданды.

Ел­басы осыдан 7 жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Яд­­ролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлем­ге» атты халықаралық конфе­рен­цияда сөйлеген сөзінде Семей ядролық сынақ полигонын жабу біріншіден, шына­йы егемен­дік пен Тәуелсіздікке қарай жасалған шешуші қадам болға­нын, екіншіден, 29 тамыз күллі Орталық Азияға ядролық қарудан азат аймақ мәртебесін берудің бас­талған күні болып саналаты­нын, үшіншіден, Се­мей поли­гонының жабылуына байла­нысты ядролық қару­ды тарат­паудың және қарусыз­да­нудың жа­һандық үдерісінің жаңа кезеңі басталғанын атап өтіп: «1991 жылдың 29 тамызына дейін ядролық қауіпсіздік сала­­сын­да негізінен шектеу ша­ра­лары қол­данылып келді. Қазақ­стан бірінші болып яд­ролық сынақ­тарға толық және сөзсіз тыйым салу актісін, осы­ған орай «ақырет күні­нің» қаруын жетілдіруді тоқтатуды жүзеге асырды. Семей полигоны жабыл­ғаннан кейін Невададағы, Жаңа Жер­дегі, Лоб-Нордағы және Муру­родағы аса ірі полигондар үнсіз қалды. Сондықтан да 29 тамыз бүкіл әлем үшін ядролық ақыр­заман­ның қаупін кейінге ысыр­ған белдеу болып табылады. Жылдар және онжылдықтар өт­кен сайын осы күннің ерекше ма­ңыз­дылығын барлық әлемдік қо­ғам­дастықтың сезінуі арта бере­тініне сенімдімін» деген болатын.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келгенде Семей сынақ полигоны Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында біржола жабылғанын, бұл оқиғаны әлем жұртшылығы теңдессіз ерлік деп бағалағанына айрықша тоқталып: «Елбасы – жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы. Тұңғыш Прези­ден­тіміздің ұлы шешімі халқы­мыздың жадында мәңгі сақта­лады», деген-ді. Сонымен қатар Президент полигон зардабын тарт­қан азаматтарға жасалатын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет екеніне баса мән беріп, «Семей полигонындағы ядро­лық сынақтың тауқыметін тарт­қан тұрғындарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейін­гі шаралардың тиімділігі» жө­нінде арнайы зерттеу жүргізіліп жатқанын жеткізіп: «По­ли­гон­ның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көр­сету мүмкіндіктерін де қарас­тыру қажет» деп қадап тапсыр­ған-ды.

«Бізді қуантатыны, қазір­гі Президентіміз ядролық қарусыздану саласында Елба­сы­ның жолын абыроймен жалғас­тырып келеді. Бұлай болатын жөні де бар. Өйткені ол кісі Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге Се­мей ядролық сынақ полиго­нын жабу жұмыстарының басы-қасында болған, көзімен көрген адамдардың бірі. Демек Семей сынақ полигоны, оның зардаптарын жою мәселесі әрдайым назарында. Көктемде Семейге келген сапарында да осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, полигон аймағындағы тұрғындарды әлеуметтік сауықтыруды назардан тыс қалдырмауды тапсырды. Осы ретте менің айтар ұсынысым, көрші Ресей Феде­рациясында «Семей яд­ро­­лық сынақ полигонынан зар­дап шек­кен азаматтарға әлеу­меттік ке­пілдік туралы» Заң бар. Сол заңның 10-нан астам тармағында Семей ядролық сынақ поли­гонынан зардап шеккен тұрғын­дарға ком­муналдық қызмет­тер үшін 50 пайыз көлемін­де ком­пенса­ция беру, же­ке тұр­ғын үй құрылысына қажет жер теліміне кезексіз тұру және зейнет­­керлікке 10 жыл ерте шығу секілді жеңілдіктер қа­рас­тырыл­ған. Бізде мұндай заң 1992 жы­лы шыққаны белгілі. Бірақ заң­да жеңілдіктердің көбі қысқар­тылған. Ал қазір аталған заңның бірнеше тармағы мүлде жұмыс іс­темейді деуге болады. Осы мәсе­лелер назарға алынса дейміз», дейді «Невада-Семей» антияд­ролық халықаралық қозғалы­сының вице-президенті Сұлтан Картоев.

 

Шығыс Қазақстан облысы