Кездесу барысында тараптар еуразиялық экономикалық интеграция аясындағы екіжақты ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы elbasy.kz хабарлады.
Елбасы Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасқан қарым-қатынастардың ерекше сенімді сипатқа ие екенін атап өтті.
– Біз он мың бірлескен кәсіпорын құрдық. Ресей – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі. Мен жұмыс істеген жылдардың бәрінде біз Сіздің еліңізбен жақын және сенімді қарым-қатынас орнаттық. Бүгін біз барлық уағдаластықтарымызды бекем ұстанып келеміз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейту үшін бірлескен шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.
– Ресей барлық бағытта біздің негізгі одақтасмыз, серіктесіміз болып қала береді. Біз қарым-қатынастарымызды бағалаймыз және әрі қарай дамыта береміз. Мен бұрын айтқанымдай, санкциялар жағдайында экономиканың түрлі салаларында бірлескен кәсіпорындар құруға ерекше назар аудару керек, – деді Елбасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті елшілік қызметі алдағы уақытта да екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды жақындатуға және нығайтуға бағытталатынына сенім білдірді.
– Ресейде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы және сәулетшісі, Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы ретінде Сізге үлкен құрметпен қарайды. Сіз дамудың стратегиялық бағытын сақтаудың кепілі болып қала бересіз, – деді Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі.
Сондай-ақ, Ресей Елшісі сыртқы саясат пен қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту үшін перспективаның бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Елбасы Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорындарын құру және дамыту, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етілді.