• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қыркүйек, 2019

Қаланың қауіпсіздігіне кім жауапты?

950 рет
көрсетілді

Алматы полициясы қала көшесінде үш адамды автокөлікпен қасақана қағу қылмысына қатысты азаматтардың үстінен іс қозғап, қазіргі кезде еліміздің Қылмыстық кодексінің 293-бабы, 345-бабы 2-тармағы және 347-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

Қала тұрғындарының үрейін ұшы­рып, түн ұйқысының құтын қашыр­ған тәртіп бұзушылардың оқыс әре­ке­тінің себебін қалай түсінуге болады? Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің талтүстегі өлімі де қоғамды дүр сілкіндірген оқиға болған еді. Алайда ай мен күннің аманында Алматыдай әсем шаһарда оқыс оқиғаға тап болу ешкімді таңғалдырмайтын жағдайға айналып бара жатқандай. «Ал мұндай ірі құқық бұзушылық әрекеттердің алдын алу мақсатында тиісті орындар не істеп отыр? Алматы қауіпсіз қала бола ала ма? Қоғамды ізгілендіруге бағытталған қандай қадамдар бар?» деген сұрақтарға жауап іздеген едік. Осы орайда қаладағы қоғамдық тәртіпті жіті бақылауда ұстап отырған Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, тиісті органның кешенді жүр­­гізген шаралары нәтижесінде оңтүс­тік шаһардағы қылмыс ағымдағы жыл­дың алғашқы жартысында 0,3 пайызға төмендеген. Оның ішінде пәтер тонау – 2,5, қалта ұрлығы 3,4 есеге дейін, ал ұялы телефондарды ұрлау – 48, бопсалау – 43, бұзақылық 25 пайызға азайған. Жылдың басынан бергі аралықта 172 қылмыстық топтың әре­кеті әшкереленген.

«Қауіпсіз аула» қанатқақты жобасы бойынша қала аудандарындағы көпқабатты және жеке тұрғын үй аула­­лары бейнекамералар көмегімен бақы­ланып, нәтижесінде 500-ден астам қылмыстың беті ашылып, он мың­нан астам құқық бұзушылық анық­тал­ған. Бұл күнде қалада қоғамдық тәртіптің сақталуы, жол қозғалысының қауіпсіздігін қадағалау мен құқық бұзу­шы­лықтың алдын алуда 100 мыңға жуық бейнекамералардың мүмкіндігі пайдаланылуда.

Был­тыр­ғы сараптама нәтижесі көр­сет­­­кен­дей, оқыс оқиғалардың басым көпшілігі клуб, дәмхана, мейрамхана сияқты жиырмадан астам ғимараттың маңында орын алған әрі «102» қызметіне түскен мыңнан астам қоңыраудың сегіз жүзге жуығы төбелес, қоғамдық тәр­тіп­ті бұзу­мен тікелей байланысты бол­ған. Бү­гінде мұндай орталықтардың қо­жай­ындарымен рұқсат етілген кү­зет­ті пайдалану мәселесі шешіліп, ғима­рат­тың ішінде де, сыртында да «жедел нүктесі» бар бақылау камерала­ры орнатылған. Ал адамдар көп шоғыр­лан­ған орындардағы бейнемониторинг жүйесіндегі мыңдаған бақылау камералары дәлдігімен ерекшеленеді әрі ондағы ақпарат бірден ІІД жедел басқару орталығына түсіп отырады.

Қауіпсіздігін күшейтуге бағыт­тал­ған кешенді шаралар жүзеге асып отыр­ғанымен де қалада құқық­ бұ­зу­шы­­лық деректері толастар емес. Осы орайда Алматы қаласының Қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Жазылбеков оңтүстік астанада адамдарды көлікпен қасақана қағу оқиғасының себептерін азаматтардың қоғамдық тәртіпті сақ­тау­дағы мәдениетінің төмендігімен түсіндіреді. Соңғы жылдарда жұрт­шы­лық­тың, әсіресе жастардың мәдениет деңгейінің төмендеп кетуі қоғамда кере­ғар жайттардың орын алуына соқ­тырып отыр. Қоғамдық орындарда тәртіптің, тазалықтың жоқтығын жиі көруге болады. Тіптен, нақты ережесі бола тұра, жолға таласқан жүр­гізушілердің ерегесіп қалатын сәт­тері де аз емес. Бүгінде тұрғындар өздері тұратын қаланың, тіптен көше­нің тазалығына, сондай-ақ қарым-қатынас жасаудағы мәдениетінің дең­ге­йінен ұялатын жағдайға жеттік, дейді сарапшы. Қазіргі кезде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қаланың Қоғамдық кеңесі тарапынан Ішкі істер министрлігіне бірқатар ұсы­ныстар дайындалған. Сондай-ақ жер­гілікті полиция қызметімен, оның ішінде миграция, туристік полициямен бірлесіп азаматтардың қауіпсіздігіне байланысты қадамдар қолға алыныпты. Құқық бұзушылық әрекеттерді қоғамдағы идеология, патриотизм, тәрбие жұмысының төмендігімен байла­ныстырған Нұрлан Жазылбеков қазіргі кезде Қоғамдық кеңес Жастар жылы аясында еліміздегі жоғары оқу орындарындағы заң факультеттерінің сту­денттерін қоғамдық жұмысқа тар­ту­ға басымдық берілгенін жеткізді. Сондай-ақ сарапшы тәртіп бұзушылар үшін жазалау түрлері мен айыппұл мөлшері күшейтілгенімен, жекелеген азаматтардың мәдени деңгейі көте­ріл­мей құқық бұзу деректері орын ала беретінін айтады.

Қаладағы құқық бұзу әрекеттерінің сал­дарын тәрбие, мәдениет әрі жұмыс­сыз­дық мәселесімен байла­ныс­тыр­ған Қоғамдық кеңестің тағы бір мүшесі Қазыбек Шайхтың айтуынша, тұрғындар қауіпсіздігін күшейтуде экономикалық қауымдастықтар құру тәжірибесі маңызды. Халықаралық сарапшылар бүгінде кооперативтерді кедейшілікпен күрестегі және азаматтарды жұмысқа тартудағы басымдық ретінде қарастырады. «БҰҰ Бас ассам­блеясының 2009 жылғы резолюция­сын­да кооперативтер рөлінің әлеу­мет­тік ықпалдастықтағы, сондай-ақ кедей­шілікпен күрестегі маңызы тура­лы айтылған. International Co-operative Alliance деректері бойынша 2010 жылдардың өзінде кооператив қозғалыстарына 700 млн адам тар­тылған. Сондықтан Қазақстан азаматтарының дәулетті тұрмысын қам­та­масыз етуде экономикалық қауым­­дастықтарға бірігудің ықпалы зор», – дейді сарапшы. – Ал мұндай қауым­дастықтар ерікті түрде белгілі бір мәселелерді бірігіп шешіп, мақсаттары мен мүдделерін тұрғылықты жердің өмір сүру сапасын жақсартуға бағыт­тауымен ерекшеленеді. Ұлы­бри­та­ния мен Германияда сонау 1860-1880 жылдарда кооперативтер одақтарға бірігіп жатқан тұста Италия, Франция, Швейцария, Бельгия елдерінде де пайда бола бастаған. 1980-жылдардың аяғына қарай кооперация мүшелерінің саны Еуропада 2 млн-ға жеткен. Ал кеңестік кезеңдегі Жаңа экономикалық саясат кезеңінде кооперативтер тұтыну тауарларын өндіріп, кеңестік мемлекет экономикасының дамуына ықпал еткені белгілі.

Кооперативтер құру мәселесін дүниежүзілік экономика әліппесін меңгерген экономист-ғалым Оразәлі Сәбден де құптайтынын айтады. Ко­опе­ра­тивтер құрудың ерекшелігіне тоқта­лып, ел азаматтарын экономикамен тығыз байланыстыратын кездің келгенін айтқан ғалым Скандинавия елдерінде 30-40 адамнан тұратын үкіметтік емес ұйымдар жергілікті мәселелерді шешіп, мемлекеттік органдардан нақты жұмыс талап етудегі тәжірибесі қазақстандықтар үшін тиімді дейді.

«The Economist» деректері бо­йынша, 2025 жылға қарай Алматы жаңа технологиялар мен білікті мамандарды тарту бойынша әлемдегі бәсекеге қабілетті жүз қаланың құра­мы­на енетін болады. «Mercer» өмір сапасының негізінде Алматы 230 қаланың арасынан 175-орынды, ал «Economist Intelligence Unit» өмір сапасы индексінде 140 мегаполистің арасынан 100-орынды иеленіп отыр. Сондай-ақ Алматыда бүгінде «Ақылды қала» жобасының жүзеге асып жатқаны белгілі. Әрі қаланың 2020 жылдарға арналған бағдарламасында жайлы қала, қауіпсіз қала, әлеуметтік бағытталған қала сияқты басымдықтарды ескере отырып, көшелерде орын алған қылмыстардың үлесі 31 пайызға, жол-көлік апатының салдарын 100 адамға шаққанда 2,3 жағдайға дейін, кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған қылмыстардың үлес санын 1,7 пайызға дейін төмендету қарастырылған. Яғни, жоғарыда келтірілген мәліметтерге сүйене отырып, бүгінгі қоғам ел дамуына ықпал ететін әлеуметтік институттар мен қоғамдастықтардың, сондай-ақ жекелеген адамдардың қолдауына мұқтаж екенін көреміз.

 

АЛМАТЫ