Еліміздегі кәсіпкерлік саласында әйелдер қауымының үлесі қомақты. Жеке кәсіпкерлердің 52%-ы, сонымен қатар шағын және орта бизнес басшыларының 43%-дан астамы – қыз-келіншектер. Қазіргі таңда нәзік жандылар басшылық ететін кәсіпорындар 1 млн-ға тарта адамды жұмыспеп қамтып отыр. Бұл туралы елордада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен Іскер әйелдердің мерейтойлық конгресінде кеңінен сөз болды.
Жиында әлемдік және жергілікті экономикалық көрсеткіштердегі әйелдердің рөлі туралы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасады. Г.Әбдіқалықова Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, әйелдердің әлеуетін толық пайдаланбау салдарынан әлем жылына 30 трлн АҚШ доллары шамасында қаржыдан қағылып отырғанын назарға алып, прогрессивті қоғам әйелдердің саясатта, экономикада және әлеуметтік салада маңызды рөл атқаруына мүдделі екенін айтты.
– Әйелдердің мүмкіндік аясын кеңейту үшін Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді, – деді Г.Әбдіқалықова.
ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың Конгресс делегаттарына жеткізілген үндеуінде бес жыл ішінде Кеңес барлық өңірлер бойынша іскер әйелдердің әлеуетін шоғырландыруға қол жеткізгені айтылды.
– Қазақстан халық банкі және оның жетекшісі Үміт Шаяхметова әйелдер кәсіпкерлігін жылдық 5-7%-бен жеңілдікпен несиелеу бойынша бірінші болып бастама көтерді. Осы шараға 3 млрд теңге бөлініп, 340-тан астам бизнес-жоба жүзеге асты. Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары қызметтерінде арнайы механизм әзірлеу маңызды. Бұл шара бизнес-идеяны жүзеге асыруға қаржы бөлу үшін керек, – деді Т.Құлыбаев.
«Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанованың айтуынша, соңғы 5 жылда кеңес мүшелері 1500 іс-шара өткізіп, оған 10 000-нан астам әйел қатысты. Былтыр Іскер әйелдер кеңесінің IV Конгресі шеңберінде Өңірлік кеңестердің жетекшілері Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорын құрды. Қор құру барлық кәсіпкерлерге ортақ – микроқаржы механизмі арқылы қаржыландыру мәселесін шешеді. «Қазақстан халық банкі» АҚ-пен тиісті меморандумға қол қойылды және кәсіпкер әйелдерді жеңілдікпен несиелеудің алғашқы бағдарламасы іске қосылды. Қазақстанда алғашқы «ALTYN OIMAQ» киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы және елордада жуырда өтетін Жеңіл өнеркәсібінің алғашқы форумын ұйымдастыру – көпшілік тарапынан қолдау тауып отыр.
Ауылдық жерлерде әйелдерді оқытуы мәселесі де өте маңызды. «Атамекен» биыл Азия даму банкімен бірлесіп, Қазақстанның 8 өңірінде тренингтер өткізгенін айта кету керек.
Конгреске шет мемлекеттерден де қадірлі меймандар шақырылыпты. Түркияның Кайсери қаласынан келген кәсіпкерлік одақтың төрайымы Илжу Тугбахан бауырлас елде әйелдерге жаңа технологияларды игеруге, сонымен қатар экономикалық сауатын жетілдіруге қандай көмек жасалатыны туралы айтты. Қазіргі таңда одақ құрамында 7 мың түрік әйелі – өз саласының үздіктері, кәсіпкерлік саласындағы ғалымдар, азаматтық қоғам мүшелері бар.
– Біздің одақ кәсіпкер әйелдердің елімізде сапа әрі сан жағынан өсуін қамтамасыз ету және оларға жан-жақты қолдау көрсету саясатын әзірлеу миссиясын қолға алды. Біз экономикалық саяси және әлеуметтік мәселелермен жұмыс істейміз. Серіктестеріміз бірлесіп әзірлеп жатқан «Менің әпкем» жобасы шеңберінде 9 300 әйелді цифрлы сауаттылық, ақпараттық қауіпсіздік, қаржылық сауат және қолданбалы қаржы бойынша оқыттық. 2018 жылы «Атамекен» ҰКП және Түркияның іскер әйелдер кеңесі кездесу ұйымдастырып, бірлескен экономикалық мүдделерді ілгерілету жөнінде келісімге қол қойды, – деді Илжу Тугбахан.
Жиында Біріккен Араб Әмірліктері Іскер әйелдер кеңесінің президенті Фарида аль-Ауади араб әйелдері даму жолында көптеген қиындықтарға тап болатынын айтты.
– Біз араб әйелімен әрдайым мақтанамыз. Олар барлық қиындыққа қарамастан, түрлі кедергілерден өтіп, өзіне жол таба білді. Араб әйелі – шешім қабылдауға мүмкіндігі болған кезде табысқа жете алады. Біздегі іскер әйелдер қауымының 200-ден астамы әлемде айтулы жетістікке жетті – деді Фарида аль-Ауади.
Конгресс барысында кәсіпкерлік салада өзіндік орны қалыптасқан нәзік жандылар өзара тәжірибе алмасып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыстар атқаруға ниетті екендерін білдірді.