• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2010

ҰЛЫСТЫ ҰЙЫСТЫРҒАН ҰЛЫ НАУРЫЗ!

1514 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Наурыз мейрамына   арналған мерекелік кештегі сөзі. Құрметті қазақстандықтар! Ардақты ағайын! Баршаңызды Наурыз мейрамы­мен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыз ежелден жыл басына санаған, Ұлыстың Ұлы күніне ба­лаған Наурыз мейрамы – шын мәнінде елдік пен бірліктің, жарқын жасампаздықтың мерекесі. Шуағын шашқан көктемнің нұр­лы шапағаты Наурызбен бірге тір­шілікке шаттық сыйлайды. Қыс­тың қаһары қайтып, жер-жаһан қай­та түлейді. Дүние жаңарып, құл­пырады. Бүгінгі мерекелік кештің “Наурыз нұры” деп аталуы сон­дықтан. Табиғат заңдылығымен жыл басы болып, жақсылықтың жар­шы­сына айналған Наурыз мейрамы адамзат тарихымен бірге жасап ке­леді. Сондықтан Наурыз – адамды ұлты мен нәсіліне, тілі мен дініне бөл­мейтін жалпыхалықтық ізгі мереке. Біздің ұлттық құндылықтары­мыз, рухани мұраларымыз әз-Нау­рызбен біте қайнасқан. Тарихтың талай бұралаң жолдарынан өткен тағдырлы халқымыз қандай кезеңде болса да Наурызды жадынан шы­ғар­ған емес. Ақ пейіл жұртымыз қашанда Ұлыстың Ұлы күнін ақ дас­тарқан жайып, ақ тілекпен қар­сы алған. Елдің тыныштығын, ха­лықтың ынтымағын тілеген. Бұл күні бұлақ көзін ашып, шыбық қадап, көршісіне көмек беріп, сауап­ты ізгі істермен айналысқан. Біз ұрпақтан-ұрпаққа үздіксіз жал­ға­сып келе жатқан осындай игі дәс­түрлерді өрістетіп, оның мазмұ­нын байыта түсуіміз керек. Наурыз ықылым заманнан бері ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тазалықтың, бірлік пен кісі­лік­тің мейрамы болып есептеледі. Та­биғат иіген, көк тас жібіген Нау­рыз­да мейі­рім шаттыққа ұласып, бай мен жарлы теңеледі, барша жұрт ырыз­дыққа кенеледі. Ұлыс­тың ұлы күні ағайынның құшағы айқара қабысып, ренішті жандар қайта табысады. Сондықтан, түсіністікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адам­гер­шілік пен имандылыққа үндей­тін Наурыз мерекесінің татулығы жа­расқан еліміз үшін маңызы ерекше. Бұл орайда, біздің мемлекеттік сая­сатымыз әз-Наурыздың ізгілігі­мен өзара ұштасады. Еліміз егемендік алмай тұрып, 1991 жылы 15 наурызда менің ар­найы Жарлығыммен Наурыз мей­ра­мы ресми мереке болып жария­лан­ғаны естеріңізде болар. Сонда “Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа” деп тіледік, жаңа жылға үміт артып, болашақтан жақсылық күттік. Тіле­гіміз қабыл болып, біз сол жылы ата-бабамыз ғасырлар бойы арман­даған азаттыққа, киелі тәуелсіздікке қол жеткіздік. Міне, келесі жылы ел тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығын тойлайық деп отырмыз. Тарлан тарих үшін тым қысқа болып есептелетін осы жылдар аралығында Наурыз шын мәнінде Ұлыстың ұлы күніне, мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне айналды. Былтыр менің Жарлығыммен 21 – 23 наурыз күндері ресми түрде дем­алыс күндері деп жариялан­ға­нын білесіздер. Біздің жаңа жылымыз осы ме­ре­кеден басталса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Сондықтан биыл біз табиғи жаңа жылымызды кең ауқымда, бүкілхалықтық деңгейде, көтеріңкі көңіл-күймен, ерекше салтанат пен жаңа мазмұнда тойлағалы отырмыз. Қазақстанда бұдан өзге бірде-бір мереке ресми түрде үш күнге созылмайды. Бұл да біздің мәдени мұрамызды ұлықтап, ұлттық құн­ды­лығымызды ерекше қадірлеуі­міз­дің жарқын бір айғағы. Біз Наурызды бүкіл Қазақстан халқын біріктіретін, ұлысты ұйыс­тыратын ұлы мереке деп жария­ла­ған жылы ЮНЕСКО Наурыз мей­рамын адамзат баласының мәдени мұрасы санатына қосты. Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан Наурыз мерекесі “халықаралық мейрам” ретінде қабылданды. Халқымыздың көнеден жеткен жыл қайыру дәстүрі бойынша биыл – барыс жылы. Асқар таудың қияндағы қарлы шыңдарын мекендейтін барысты халқымыз бағзыдан кие тұтып, айрықша бағалайды. Біз осы барыс жылына биік бе­лес­терді бағындырып, ерекше жағдайда қадам басып отырмыз. Баршаңыз білесіздер, “Қанатты барыс” бейнесі ел тәуелсіздігінің және “Қазақстан – 2030” Страте­гиялық даму бағдарламасының сим­волдарының бірі. Біз осы Барыс жылы мәртебесі биік Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Азия және ТМД мемле­кет­тері арасында тұңғыш рет төр­ағалық етудеміз. Мұндай биікке қа­зақ баласы бұрын-соңды ешуақытта қол жеткізген емес. Алайда, біздің алар асуымыз, бағындырар биігіміз әлі алда. Еліміз дағдарыстан кейін тың серпіліс жасап, қарқынды дамудың жаңа белесіне көтерілді. Менің биылғы халыққа Жол­дауым­да алдағы онжылдықта ел аза­маттарының өмір сапасы мен әлеуметтік деңгейін жақсартуға ай­рықша басымдық берілгенін біле­сіз­дер. Жолдауда еліміздің индус­триялық-инновациялық дамуының басты межелері айқындалды. Со­ны­мен қатар, Қазақстанның ұлттық Стратегиялық бағдары бекітіліп, жаңа міндеттер белгіленді. Біздің бұларды абыроймен атқа­рып шығатынымызға мен кәміл сенемін. Алда бізді көптеген ауқымды шаралар күтіп тұр. Біз биыл күллі адамзат баласын дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңістің 65 жылдығын атап өтеміз. Осылайша, ерлікке тағзым етіп, та­рихқа құрмет көрсетеміз. Сонымен қатар, Қазақстан Конституциясы­ның 15 жылдығын мерекелейміз. Тәуелсіздігіміздің берік діңгегіне айналған Ата Заңымызды ұлықтау арқылы біз егемен еліміздің еңсесін көтеріп, ұлысты ұйыстыра түсеміз. Дана халқымызда “Бас-басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқыңыз бар болса, жанған отқа күймессің” деген ұлағатты сөз бар. Біздің басты байлығымыз – бе­реке-бірлігі жарасқан халқымыз. Біз осы ынтымағымыз арқылы ортақ Отанымызды іргесінде ізгілік ұялап, төрінде татулық орныққан жерұйық-өлкеге айналдырдық. Ел үшін жан аямаған батыр ба­баларымыз бізге таусылмас дәулет, сарқылмас мұра қалдырды. Біз солардың ерлік жолын жас ұр­пақ­тың санасына берік ұялатуымыз керек. Жастарды қазақтың шыққан тегін, халықтың салт-дәстүрін, даңқ­ты бабалардың өнегелі өмірін міндетті түрде білуге баулуымыз қажет. Ойы озық, рухы берік елді ешкім жеңе алмайды. Біз тарих үшін қас-қағым уа­қытта іргесі берік мемлекет құрдық. Бүкіл әлемді таңқалдырған әсем елордамыз – Астана қаласын сал­дық. Қиын кезеңдерге қарамастан, ұлтымыздың мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлдік. “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында қы­руар шаруа атқарылғанын бар­ша­ңыз білесіздер. Дәл осы жылдарда Алматыдағы опера және балет театры, акаде­мия­лық қазақ және орыс драма театр­лары, ұйғыр, корей ұлттық театр­лары күрделі жөндеуден өткізілді. Облыстық деңгейдегі 11 театр ашылып, көптеген талантты жастар сахнаға шығуға мүмкіндік алды. Дүниежүзілік дағдарыс жағ­дайын­да, тек өткен жылы ғана елі­мізде 13 театр мен кинотеатр, 66 кі­тапхана, 28 музей, 46 мәдениет үйі қайта жаңғыртылды. Кеше ғана Шымкент қаласында облыстық филармонияның әсем ғимараты бой көтерді. Ал мынау біз отырған 3 500 орындық заманауи “Қазақстан” орталық концерт залы – бұл өңірде теңдесі жоқ бірегей ғимарат. Мен өз тарапымнан елордасы – Астана қаласының мәдениет пен білім ордасы болуы қажет екенін ұдайы қаперде ұстап келемін. Ха­лық игілігіне ұсынылған Күләш Бай­сейітова атындағы опера және балет театры, консерватория, Руха­ният пен келісім сарайындағы кон­церт залы, биыл іргесі қаланатын Опера және балет театрының жаңа ғимараты соның жарқын айғағы. Биыл елордамызда Өнер уни­вер­ситеті пайдалануға беріледі, Ха­лықаралық жаңа университет ашы­лады. Заманауи технологиямен жаб­дықталған, халықаралық дең­гей­дегі бұл мәдениет және білім ошақтары Қазақстанды жаңа белеске көтереді деп білемін. Ұлттық мәдениет пен өнерге деген қамқорлық алдағы уақытта да жалғаса береді. Мұның бәрі елі­міздегі тыныштық пен татулықтың, қоғамдағы береке мен бірліктің ар­қасы екенін жете түсінуіміз қажет. Мен бүгінгі мерекеге Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Әлібек Дінішев, Қаршыға Ахмедьяров, Қай­­рат Байбосынов, Нұрғали Нү­сіп­жанов сияқты еліміздің өнер саң­лақтарын арнайы шақырдым. Осын­дай тума талант иелері Қа­зақ­­станды, қазақты бүкіл дүниеге әйгілі етті. Біз олардың асқақ өне­рі­нен нәр алып, арман шыңына құлаш ұрдық. Сол арқылы адам­гершілік пен шынайы махаббатты іздедік, қазақ өнерін сүйіп өстік. Болашақ та­ланттарымыз бұдан зор тәлім алуы тиіс. Асқақ сәулетімен, келісті дәу­летімен еліміздің жүрегіне ай­нал­ған әсем Астанамызға орнатылған Күл­тегін ұстынында “елді түзеген, бәрін бейбіт еткен, ашты тойын­дырған, жалаңашты киіндірген, азды көп қылған, кедейді бай қыл­ған, тату елге жақсылық қылған” деген сөз­дер бар. Сан ғасыр бұрын жазылған осы жолдар маған бү­гінгі Қазақстан үшін айтылғандай көрі­неді. Қымбатты қазақстандықтар! Құрметті достар! “Наурыз нұры” салтанатты кон­церті нақ осы ежелгі мерекеге арналып отыр. Көктем күнінің шуағымен біздің үйлерімізге бақыт пен игілік кірсін! Наурыз – жаңғырудың симво­лы. Ықылым заманнан бері көк­тем­гі күн мен түннің теңескен сәті табиғат жаңаруының символы бо­лып табылып, уақыт пен ұрпақтар байланысының тоқтаусыз жүре­ті­нін айғақтайды. Жасампаздықтың, сұлулық пен сүйіспеншіліктің қуатын шаша оты­рып, Наурыз біздің халқы­мыз­дың мәдениеті мен дәстүрінің ұлылығын айшықтайды. Бүгінде Қазақстанда Наурыз бар­лық қазақстандықтар мереке­лей­­тін жалпыхалықтық салтанатқа айналды. Бұл мерекені қарсы алған сай­ын біз қоғамымыздың дәстүрлі жо­ғары адамгершілік идеалдарына ден қоямыз. Бұл күні ескі реніш­тердің бәрін кешіріп, айналаңа қуаныш пен ізгілік шашу үдерісі қалыптасқан. Адамдар Наурызды неғұрлым ашық жүрекпен қарсы алса, табиғат та оларға соғұрлым жомарттық танытады. Биыл біз Наурызды алғаш рет жаңаша атап өтудеміз. Наурыз айы­­ның үш күні демалыс болып жа­рияланды. Біздің барлығымыз үшін бұл – достықтың, бірліктің, ізгілік пен туған Отанымызға ал­ғау­сыз сүйіспеншіліктің Ұлы Мей­рамы. Наурыз – туған жеріміздің жаң­­ғыруының, бүкіл табиғаттың көк­темгі күн сәулесімен оянуы­ның символы. Біздің Отанымыз – Қазақстан кең байтақ ел. Оңтүстігінде көктем күшіне еніп үлгерсе, солтүстігінде енді ғана басталды. Туған жеріміз осындай көптүрлілігімен қызық. Бірақ Наурыз мерекесінің жылуы, қай жерде болса да, өмірге деген құштарлықты оятып, адамдарға үкілі үміттер сыйлайды. Біздің Қазақстанымыздың та­рихында жаңа кезең басталды. Өзім­­нің таяудағы Жолдауымда мен еліміздің алдына жаңа онжыл­дыққа арналған бірқатар маңызды мін­деттер қойдым. Біздің алдымызда елімізді эко­но­­микалық дамытуда қуатты серпі­ліс жасап, жаңа кәсіпорындар тұр­ғызу, энергетикалық қуатымызды арт­ты­ру, өндіріске ең жаңа тех­но­ло­гия­ларды енгізу, ауыл шаруа­шы­­лы­ғының сапалы өсіміне қол жеткізу міндеттері тұр. Еліміздің сенімді тірегі болуға тиісті отандық бизнес үшін жаңа көкжиектер ашылуда. Біз қазірдің өзінде экономикамызды мықты­рақ, халықтың өмірін бұдан да жақсы ететін осы міндеттерді орындауға кірісіп кеттік. Біз отандық білім беру мен ме­дици­наны бұдан да жоғары дең­гейге шығарамыз. Мен Наурыз барлығымызды еңбектегі де, өмірдегі де жаңа та­быс­тарға жігерлендіруін тілеймін. Көк­теммен бірге әрбір қазақ­стан­дықтың үйіне бақыт пен игілік кірсін. Бүгін біз жаңа міндеттер қой­ып отырмыз. Және олардың бар­лы­ғын да бағындыруға қабілетіміз жетеді. Өйткені, біз басты құн­дылығымыз – бейбітшілікті, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді жылдан-жылға бекемдей түсіп келеміз. Біздің бабаларымыз ықылым заманнан бері Наурызда нақ осылар туралы ойлаған, көктем мерекесінің терең мағынасы да, міне, осында болса керек. Дос­тығымыз бен келісіміміздің мық­ты іргетасы бізге әр көктемді осын­дай оптимизммен және бола­шақ­қа сеніммен қарсы алуға мүм­кіндік береді. Қымбатты менің қазақстандықтарым! Сіздерді Көктем мен Қайта жаңғырудың тамаша мерекесімен тағы да құттықтаймын! Наурыз мейрамы сіздер мен сіздердің жақындарыңызға қуаныш, бақыт және ізгі үміттер әкелсін! Құрметті отандастарым! Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс пен мызғымас ынтымақ сыйласын! Қызыр баба әрбір қазақ­стан­дық отбасына құт-береке, молшы­лық әкелсін. Әз-Наурыз жақсылығын ала келсін! Лайым бірлігіміз бен берекеміз арта берсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Наурыз мейрамы құтты болсын!