• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Үкімет 03 Қыркүйек, 2019

Тұрғын үй кезегінде тұрған адамдардың бірыңғай республикалық базасы енгізіледі — Ж. Қасымбек

163 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауын іске асыру шаралары талқыланды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек тұрғын үй, сумен жабдықтау, көп пәтерлі үйлерді күрделі жөндеуден өткізу, автожолдар, авиабилеттердің қолжетімділігі мәселелері жөнінде баяндады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Қазіргі таңда баспана алу үшін әкімдіктерде 512 мыңға жуық адам кезекте тұр. Кезектілікті бірыңғай есепке алу тапсырманың аясында жылдың соңына дейін Кезекте тұрған адамдардың бірыңғай республикалық базасы енгізіледі. «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында, бірінші кезекте көп балалы отбасыларға жалға берілетін баспаналар беріледі.

«Бұл үшін біз 2025 дейін жыл сайын 50 млрд теңге бөлеміз. Жыл сайын 3,7 мың кезекте тұрған әлеуметтік жағынан осал адамдарды сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етуге 32,8 млрд теңгеден бөлу қарастырылған. “Бақытты отбасы” бағдарламасы бойынша 6 мың несие беруге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы үш жылда 50 млрд теңге қаржыландырылады», — деді Ж. Қасымбек. 

Үкіметке 2023 жылға қарай халықтың сапалы ауыз суға 100% қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсаты жүктелді. 2019 жылы 97% қала тұрғындары және 87% ауыл тұрғындары орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілетін болады. 

«Нұрлы жер» жаңа бағдарламасындағы ауыз сумен қамтамасыз ету шараларында «Ауыл – Ел Бесігі» жобасында анықталған өңірлік саясаттың басымдылықтары ескеріледі.

«Орталықтандырылған сумен ең көп саны және жоғары әлеуеті бар ауылдар басым тәртіппен қамтамасыз етілетін болады, ал 200 адамға дейін тұратын елді мекендерде сумен жабдықтаудың жергілікті жүйелері қолданылатын болады. Республикалық бюджетте 2020 жылдан 2022 жылға дейін осы мақсаттарға 250 млрд теңге көзделді. Республика бойынша қазіргі таңда 18,1 мың үй күрделі жөндеуді талап етеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 780 көп пәтерлі тұрғын үйді жөндеуге қосымша 30 млрд теңге қарастырады», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары. 

Автожол саласында қазіргі уақытта «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзарту жұмыстары аяқталуда. Бағдарлама шеңберінде еліміздің бірыңғай көлік жүйесі қалыптасады.

Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауының мәселелерінің бірі — авиа билеттердің қолжетімділігі мәселесі. Тасымалдау сыйымдылығының тапшылығы және бар сұранысты қанағаттандыру үшін әуе кемелердің жетіспеушілігі әуе билеттерінің жоғары құны болуының ең басты проблемасы болып тұр.

Тарифтердің құнын түсіру мақсатында биылғы мамыр айында бірінші отандық төмен бюджетті «Fly Arystan» тасымалдаушы жұмысын бастады. Ағымдағы жылдың соңында «Fly Arystan» орындалатын рейстер санын күніне 14-тен 28 жиілікке дейін арттыруды жоспарлап отыр.

«Сонымен қатар “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры» Акционерлік қоғамымен біріге отырып, Үкімет әуе кемелері паркін ұлғайту мақсатында “Эйр Астана” және “Qazaq Air” авиакомпанияларын қосымша капиталдандыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қазақстандық мұнай өндеу зауыттардың аяқталған жаңғыртуын есепке ала отырып, әуе отынның бағасын төмендету бойынша жұмыс жалғастырылатын болады. Темір жол билеттерінің жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында билеттерді сатуды цифрландыру жүргізілуде, билеттерді сату тәртібін реттейтін норма енгізілді, темір жол көлігімен жолаушыларды тасымалдау жүйесін жетілдіру жоспары жасалды», — деді Ж. Қасымбек. 

«Ауыл – Ел бесігі» жобасының шеңберінде халықаралық сарапшылармен және өңірлермен бірлесіп ауылдардың әлеуетін анықтаудың жаңа әдістемесі әзірленді. Соның нәтижесінде даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл іріктелді. Бұл ауылдарда 6,6 млн адам немесе еліміздің ауыл халқының 85%-ы тұрады. Ағымдағы жылы 30 млр теңге бөлінді, олар 700 мыңға жуық адам тұратын 53 ауылдың бірінші кезектегі инфрақұрылымдық мәселелерін шешуге бағытталған.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының айтуынша, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға 2020-2022 жылдарға қосымша 90 млрд теңге бөлінетін болады.

Сонымен бірге, жыл соңына дейін Индустрияландырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданады. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде еңбек өнімділігінің 1,7 есе нақты өсуі, өңдеу өнеркәсібі экспорты көлемінің 2,3 есе өсуі, негізгі капиталға инвестициялардың 2,3 есе нақты өсуі болады.