Жаңа саяси маусымдағы көпшілік асыға күткен оқиға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы болды.
Құжатта назар салар бірқатар маңызды бағытқа тоқталсақ, біріншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік курсының стратегиялық жолын жалғап, елімізді жаңғыртудағы басым бағыттар бойынша сабақтастықты сақтайды. Бұл – қоғамдық күштерді нығайту, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтардың әлеуметтік ахуалын көтеру, агроөнеркәсіп саласын дамытуды ынталандыру және т.б.
Екіншіден, Жолдауда халықтың нақты сауалдарына жауап іздеу мен ұзақмерзімді сипаттағы жүйелі шаралар арасында теңгерім көрініс тапқан. Мәселен, бұл ретте бір жағынан темір жолдағы жолаушылар тасымалындағы билет тапшылығы мәселесін, екінші жағынан салық және зейнетақы жүйесін оңтайландыру мәселесін айтуға болады.
Үшіншіден, экономикалық өсімді ынталандыруда мейлінше тиімді тетік ретінде шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беру тағы да назарға алынып отыр. Отандық экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін дамыған елдердегі деңгейге, яғни 50-60%-ға жеткізу туралы біз бұрыннан айтып келеміз. Экономикалық өрлеуге келгенде шағын және орта бизнес жаңа қозғаушы күшке айналуы тиіс. Жолдауда шағын және орта бизнесті қолдау бойынша ең өзекті қадамдар жария болды. Шағын және орта бизнес субъектілерін 3 жылға салықтан босату, мемлекеттік тексерістерге үшжылдық мораторий енгізу, «Бизнестің жол картасы» аясында 250 млрд теңге бөлу туралы шаралар қарастырылмақ. Тұтастай алғанда, аталған қадамдар жекеменшік кәсіпкерлікті дамытуға оң әсер етіп, сапалы жағдай жасалуына сеп болмақ.
Төртіншіден, менің ойымша, қоғам мен билік арасындағы тікелей диалогты күшейтуге бағытталған әрекеттер назар аударуды қажет етеді. Мемлекет басшылығы азаматтық сектормен берік байланыс орнатуға даяр екендіктерін аңғартумен қатар, өз ниетін нақты шаралар арқылы бекіте түспек. Мысал ретінде, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен бөлек, митинг туралы заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі кешенді шараларды келтіруге болады. Ел басшылығы халықтың азаматтық және саяси белсенділігін оң қабыл алып, тек заң шеберінен шығып кетпеуге шақырды.
Екінші жағынан, жергілікті органдар мен халық арасындағы байланыстың тиімділігін арттыруға барынша көңіл бөлінген. Бұл ретте, меніңше, жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесі оң әсерін беруі тиіс.
Жалпы алғанда, бұған дейінгі жылдары оң нәтижесін берген ел дамуының негізгі үлгісі сақталып отыр. Біз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының жолға қойған стратегиялық өрлеу бағытындағы эволюциялық даму жолын әрі қарай жалғай түсеміз.
Ержан САЛТЫБАЕВ,
Әлемдік экономика және саясат институтының директоры