• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Қыркүйек, 2019

Тарихпен тілдескен түн

457 рет
көрсетілді

Тарихпен тілдескің келсе – музейге бар. Өйткені тағылымды мекен төрінен орын алған шежіре тұнған жәдігерлер галереясы тарих тарамдарын көне заманнан бүгінге дейін шебер тарқатады. Осы дәстүрден жаңылмай жұманың кешінде біз де елордадағы Ұлттық музейге қарай бағыт бұрдық.

Мәдениет және спорт министрлігінің жалпыреспубликалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында ұйымдастырылған музей түні жобасы Конституция күнімен орайласа кетті. Мейрамды желеу етіп, Ұлттық музей төріндегі тарихпен тілдесу мүйісіне асықтық. Есіктен кіргеннен сыпайы қарсы алған қызметкерлер қолымызға «Ұлы дала мұрасы» аталатын кеш бағдарламасын ұстатып, шараның ресми ашылу салтанаты өтетін алаңға қарай бастап жүрді. Мерекелік акцияны музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып берді.

– Биыл Ұлттық музейдің ашылғанына 5 жыл толып отыр. Осыған орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Музейлер шеруі» жобасын қолға алып, тарихын танығысы келген құрметті қонақ­та­рымызға арнап естен кетпес мерей­той­лық кеш ұйымдастырып отырмыз. Өйткені кемел елдің келешегі  төл тарихын танудан басталады. Оны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында да айрық­ша атап өткен болатын, – деді А.Мұхамедиұлы.

Келу­ші­лер, Қазақстанның ежелгі дәуірінен қазіргі заманға дейінгі тарихы мен мәдениетін, шетел мәдениеті, нақ­ты­рақ атап айтсақ, классикадан авангардқа дейін­гі бірегей мұражай коллекцияларын, экс­позициялар мен арнайы тақырыптық көр­мелерді тамашалады. Түркістан, Ұлытау сынды еліміздің қасиетті жер­лері мен жалпы музей тарихы турасын­да 3D форматта ақпараттық-танымдық бейнесюжеттер көрсетілді. Қолөнершілер әше­кей жасау, басқұр тоқу, киіз басу, қыш ыдыстар жасау бо­йынша шеберлік сыныптарын өткізді. Суретші, гипперреалист-мүсінші, «100 жаңа есім» жобасының жеңім­пазы Айдос Есмағамбетовтің жұ­мыс­­тары да көрме төрінен орын алып, ке­лу­­шілерді тәнті етті.

– Силиконнан мүсін жасау өнері елімізде кең таныла қойған жоқ. Осыдан он шақты жыл бұрын Мадам Тюссо музейінен Барак Обаманың балауыздан жасалған мүсінін көріп, қатты қызықтым. Санамда бірден хал­қымыздың тарихи тұлғаларының мү­сін­­дерін жасау идеясы жарқ ете қалды. Ерекше өнер түрін Қазақстанда да кеңі­нен насихаттағым келді, деді мүсінші.

Айдос жұмыстарының жанына келіп, адам бойымен қатарлас мүсіндерге та­­ңырқай назар салып, фотосуретке тү­су­шілердің қарасы көп. Шетелдік қо­нақ­­тардың да қызығушылығы зор. «Мү­сін­ді айнытпай жасапты» деген таңыр­қа­ныс­та­рын да естіртіп айтып қалып жатыр. Жас мүсінші жұмысының осын­шалық ілтипатқа ие болғанын сырттай тамашалап тұрып-ақ көз сүйсінеді. «Келе­шекте АҚШ, Еуропа елдерінде әлде­қашан дамып, шырқауына жеткен осы бір өнер түрін Қазақстанда да дамытып, тарихи тұлғаларымыздың тұтастай галереясын жасап, жеке музей ашсақ та жарасар еді» деген ой қылаң берді санада. Оған Айдостай талантты замандастардың қажыр-қарымы да, қабілеті де әбден жетеді.

Музей түнінің тағы бір естен кетпес тосын сыйы – «Заманауи өнер» залына қойылған америкалық поп-арттың негізі қалаушы, ХХ ғасырдың көзқарасы да, қолтаңбасы да ерекше суретшісі Энди Уорхолдың туындысы болды. Бейнелеу өнеріндегі дәстүрлі бағытты бұзған айрықша стильді суретшінің туындылары осы бір қалыпқа сыймайтындығымен-ақ өткен ғасырдың жаңалығына айналған болатын. Энди Уорхол есімін жаһанға мәшһүр еткен негізгі еңбектерінің көшін Coca-Cola мен Campbell компанияларына арнап салған сериялы жұмыстары бастайды. Осы арқылы әлемдік атақ пен абырой жиған суретшінің картиналары дүние жүзіндегі ең қымбат жұмыстар санатында.  

Бұдан бөлек, келушілердің көңілін қуантқан тағы бір сәт – музейдің «Асыл мұра» залына қойылған Әміре Қашаубаев, Қаныш Сәтбаев, Кемел Ақышев, Шәмші Қалдаяқов, Роза Бағланова бастаған ғылым мен өнер майталмандарының, қоғам қайраткерлерінің тұтынған жеке заттары мен жұмыс құралдары, музыкалық аспаптарынан құралған жәдігерлер қоры болды.

«Музейлер шеруі» – бұл мәдениет ұйымдарының әрбір қазақстандық үшін ұлттық мәдени мұраның қолжетімділігін қам­тамасыз етуге бағытталған замана­уи форматтағы мәдени-әлеуметтік жоба. Акцияға жыл бойы рес­пуб­ликалық және аймақтық музейлер то­лық­тай қатысады деп күтілуде. Бүгінде елімізде жалпы жәдігерлер қоры 2,5 миллионнан асатын түрлі бейіндегі 245 музей жұмыс істейтіндігін ескерсек, арнайы алдын ала құрылған кесте бойынша 30 тамыздан бас­тап жалпыреспубликалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында әр айдың үшінші жұмасы кешкі сағат 21.00-ден түнгі 3.00-ге дейін отандық музейлер өз келушілеріне тарихпен танысуға тегін мүмкіндік жасап қана қоймай, түрлі форматтағы қызықты ойындар мен бағдарламаларын да қоса ұсынатын болады.

 Елордалық Ұлттық музейден басталған акцияға атсалысқан алғашқылардың қатарында Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музей, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, М.Тынышбаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі, Павлодар қаласындағы П.Васильевтің музей үйі, Қостанай облысының тарихи-өлкетану музейі бар. Алдағы уақытта акция бүкіл республика бойынша өткізілетін болады. Бұл күні келушілер үшін музейге кіру тегін.

Рас, музей мәдениеті десек, ойымызға бірден Санкт-Петербургтегі Эрмитаж, Париждегі Лувр, Версаль, Лондондағы Ұлттық галерея, Тауэр, Британ музейі бастаған жәдігерлер ордасы оралады. Аталған елдерге барып тұрып, айтулы мәдени орындарға соқпай кетуді орны толмас олқылық көретін сана қалыптасқан жаһандық түсінікте. Қаншама мыңжылдық тарихты бір шаңырақ астына түйістірген сол мекендер мерейін Ұлттық музей төріне көшірсек, қандай ғаламат болар еді. Оған Қазақстанның бай тарихы да, құнды жәдігерлері де сөзсіз септесер еді. Музей түнінде әр экспонатқа зерделей қарап, таңырқай тіл қатқан шетелдік қонақтардың ықыласы да осы ойымызды бекіттіре түскендей.