1973 жылы өткен Азия мен Африка елдері қаламгерлерінің конференциясы сол уақытта қазақ әдеби ортасында, жалпы қоғамда үлкен дүрбелең туғызды. Бұл дүние жүзі ақын-жазушыларының қазақ еліне тұңғыш рет келуі еді. Және біздің жат құрлықтың қаламгерлерімен танысып, білісуіміздің де алғашқы қадамы болды.
Әдеби кеңістікке қозғалыс алып келген бұл конференцияның Алматыда өтуіне себепші болған – Әнуар Әлімжанов еді. Оның төрағалығы тұсында әдеби-мәдени байланыстар қарқынды дамыған болатын. Әл-Фарабидің 1100 жылдығы Ташкентте тойланғалы тұрғанда Мәскеуге барып, Қонаевты араға салып жүріп, мерейтойды Алматыда атап өткізген де Әлімжанов еді.
Осындай конференция, форум туралы кей адамдар «Оның бәрі неге керек? Берері не?» деген сарында сұрақтар қойып жатады. Бұл рухани тайыздық. Мұндай шаралар әдебиетті тұтастырады һәм жақындатады. Шабытына шабыт қосады. Шынын айтсам, сол жиын шығармашылық өмірімізге үлкен резонанс алып келді. Онымен қоса өркениетті елдерге, яғни жан-жағымызға қарауды үйретті. Жалпы әдебиетте әлемдік тақырып деген бар, қазақ тақырыбы деген болады. Сол конференцияда біз әлемге, жаһанға көз тіктік.
Ашылу салтанатында палестиналық ақын Муин Бсисудың мінберге шығып сөйлеген сөзі ерекше есімде қалыпты. Ол өз заманының революциясын жырлаған мінезді ақын еді. Сол тұста Мәскеуден кітабы шығып жатқан. Қысқасы, ұлы дүрмектің қазақ қаламгерлеріне әсері көп болды. Қалихан Ысқақ жазушылардың анда-мұнда қатынауына көліктерді реттеді. Ал Шерхан Мұртазадан асханаға кіретін талон алатынбыз. Кейін той тарқаған соң Рамазан Тоқтаров: «Шерхан – таусылған талон, Қалихан – желі шыққан балон», деп анекдот шығарған-ды.
Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты