Орал қаласында белгілі қаламгер, журналистика саласының ардагері, осыдан бір жыл бұрын дүниеден өткен Амантай Боранқұл ағамызды еске алу кеші өтті. Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық кітапханасында болған шара өлкетанушының әріптестері, туыстары жиналды. Осы кеште «Азаттық жолындағы азапты өмір» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Ұзақ жыл жергілікті басылымдарда қызмет етіп, Жымпиты аудандық архивін де басқарған Амантай Әбузарұлы Алаш қозғалысы тақырыбына алдымен қалам тербеген өлкетанушылардың бірі еді. Әсіресе өзі жақсы білетін Күнбатыс Алашорда туралы тыңнан түрен салған қаламгер 1997 жылы «Жазықсыз жазаланған боздақтар», 1998 жылы «Алашорда – тәуелсіздік бастауы» кітаптарын жарыққа шығарды. Алаш қозғалысының 90 жылдығына орай «Тәуелсіздік тірегі – Алашорда» атты кітабы жарық көрді. 2012 жылы Жаһанша Досмұхамедұлының 125 жылдығына орай «Асыл тұлға» кітабы баспадан шықты. Енді, міне, Амантай ағаның соңында қалған еңбектерін жары Күләш пен ұрпақтары жинақтап, «Азаттық жолындағы азапты өмір» атты ғылыми-публицистикалық жинақ етіп шығарыпты.
– Амантай Боранқұл ағамыздың көзі тірісінде жинақтаған соңғы еңбегі Жаһанша Досмұхамедұлының қоғамдық-саяси қызметіне және саяси қудалау кезіндегі азапты өміріне арналған еді. Қаламгердің ұрпақтарының ыждағаттылығымен жарияланып отырған «Азаттық жолындағы азапты өмір» атты жаңа туындысы да көпшілік оқырман көңілінен шығып, тұлғалар тарихын зерттеуші мамандардың қажетіне жарайды деп есептейміз. Бұл кітапта ХХ ғасырдың басындағы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайларға байланысты Ж.Досмұхамедұлының дүниетанымының пайда болуы мен тұлғалық қалыптасуына ықпал еткен негізгі факторлар кеңінен қарастырылған. 1917 жылғы қос революция және азамат соғысы кезеңінде Жаһаншаның қазақ съездерін өткізудегі, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құрудағы қажырлы еңбегі, Алашорданың Күнбатыс бөлімшесін басқарудағы тарихи рөлі жан-жақты зерделенген. Сонымен бірге Ж.Досмұхамедовтің Кеңес өкіметі тұсындағы Ташкенттегі, Мәскеудегі қызметтері де қамтылып, саяси қуғын-сүргін жылдарындағы өмірінің соңғы кезеңі өте әсерлі баяндалған, дейді осы жинаққа рецензия жазған тарих ғылымдарының кандидаты Есқайрат Хайдаров.
Кітаптың тұсаукесер жиынына қатысқан белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков, Алматыдан келген профессор, экономика ғылымдарының докторы Меңдеш Исқалиев, Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин және басқа көптеген әріптесі Амантай Боранқұлдың асыл бейнесін, қарапайымдылығын, еңбекқорлығын сағына еске алды. Әке мұрасына адалдық танытып, өлкетанушының еңбегін қайта тірілткен, сапалы жинақ етіп, оқырман қолына ұстатқан қыздарына алғыс айтты.
Батыс Қазақстан облысы