Сайын даланың төсінде көне құпияны, өткен өмірдің елестерін бауырына бұғып жатқан қаншама қазына бар. Соның бірі сонадайдан көзге түсетін Қызыл там кесенесі. Ағаш атаулыдан ада, көсенің иегіндей жанар тоқтататын қарасын көріне қоймайтын жалпақ даланың жонындағы кесене қозыкөш жерден менмұндалап көрінеді. Есіл өзенінің оң жағалауында, Державинск қаласынан шамамен 25 шақырым жерде.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, Ахмет көпес осы даладағы ақшамен сауда жасаған аз ғана адамның бірі болса керек. Мыңды айдаған бай, оның үстіне ат тұяғы жететін жермен алыс-беріс жасап, пешенесіне жазылған байлықты жинаған екен. Күндердің бір күнінде Ахмет бай ұйқысынан тұрмай қалады. Халін біле келген ет жақын ағайын-туыс тамыры соқпай жатқан соң дәм-тұзы таусылды деп шешеді. Ендігісі не тұрыс, қара жердің қойнауына, жер бесікке тапсыру керек. Шарапатын көрген талай жақсы мен жайсаң «ойбауырымдап», ат қойып келіп, жаназасын шығарып, жерлеген. Арада бір-екі күн өткен соң қабір басынан естіген жанның жон арқасын шымырлататын азалы үн шығады. Жүрек жұтқан жігіттер қабірді ашып қараса, бай тірі екен. Бірақ кейінгі жұрт шайтан тірілтіп тұр деп шешеді. Қалай болғанда да ақ ажалдың келгені анық.
Сөйтіп, Торғай даласындағы ең ықпалды, беделді адамның екі тіріліп, бір өлгені анық. Байдың бәсіне сай мазар салынады. Мазардың қабырғалары иленген балшық кірпіштермен көтеріліп, күмбезделеді. Көлемі әжептәуір, ұзындығы жеті метрге жуық, ал биіктігі де сол шамада. Ұзақ уақыт өткендіктен бе, қабірінің үсті мен еденнің астындағы кірпіштері тозған. Мазардың алдыңғы бетінде арабша жазылған жазу бертінге дейін сақталған.
Ахмет байдың ұрпақтары Жарқайың ауданында тіршілік етіп жатыр. 2003 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы арнайы зерттеп, Қызыл там кесенесі XVIII ғасырда салынғандығын анықтаған болатын. Әрі олар бұл кесенені өңірдегі ең көне құрылыстың бірі деп пайымдап отыр.
Жалпақ даладағы көз жанары жетер жерден көңіл арбайтын көне бейіт бұл жерде кімдердің өмір сүргендігін, мекен еткендігін меңзейтіндей.
Ақмола облысы, Жарқайың ауданы