Кеңес Одағы заманында Африка-Азия жазушыларының ынтымақтастық комитеті болған еді. Сонда біз жиналып, сөз бостандығы, тәуелсіздік, халықтардың сана-сезімі жайында жиі айтып, жеңіске жеттік.
Көптеген мемлекет тәуелсіздігін алды. Бұл бүкіл әлемдегі ұлы қозғалыс болатын. Бірақ КСРО күйрегеннен кейін басымызды біріктіретін орган болмады. Осы орайда қазақ бауырларымыз бұл бағытта ілгері жылжып, қуантып отыр. Жаһандану жағдайында бұл өте маңызды.
Азия қаламгерлеріне ортақ журнал шығарылса деймін. Онда шығармаларымызды бәрімізге қолжетімді тілде жариялап отырған жөн. Мәселен, ағылшын, орыс және араб тілдерін таңдауға болады. Бұл біздің жас авторларымыздың танымалдылығын арттыруға септігін тигізер еді. Біріктіруші қозғалыс бүгінгі сын-тегеуріндер мен проблемаларды, оның ішінде әлемде орын алып жатқан зұлымдықтар мен қантөгістерді шешу үшін де қажет. Өйткені мұндай терең әрі өткір проблемаларды шешуге рухани даму ғана өз септігін тигізе алады.
Гүлназар КЕЛДИЕВ,ақын (Тәжікстан)