• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2010

МӘЖІЛІСТЕГІ НАУРЫЗ

591 рет
көрсетілді

Кеше Мәжілісте “Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі” атты ғылыми-практикалық конференцияға келген қонақтардың қатысуымен Наурыз мейрамына орай салтанатты шара ұйымдастырылды. Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Армысыздар, ардақты ағайын, құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар! Міне, әз-Наурыз да келіп қалды. Бүкіл табиғат жаңарып, Жер-Ана ұзақ ұйқысынан оянып, бусанып, көктем тынысы сезілуде. Наурыз елімізге үлкен қуаныш әкелуде. Наурыз – жыл басы. Өт­кен жыл еліміз үшін табыссыз болған жоқ. Әлемдік қаржы дағ­дарысының кейбір әсерін сезінсек те, Қазақстанның экономикасы, әлеуметтік саласы ел Президенті­нің көрегендік саясатымен, жедел қолға алған шешімдерінің арқасында қиналмай өтіп келеді, деді Төраға. Мәжіліс Төрағасы сөзінің со­ңында былай деді: Наурыз құтты болсын! Әр шаңырақта ырыздық, береке болсын. Ең бастысы, елі­мізді ынтымағынан айырмасын!  Наурызда айтылар ізгі тілектер қа­был болсын! Еліміз өрлей берсін!” Халықаралық “Қазақ тілі” қо­ғамының президенті Өмірзақ Айтбаев жиналғандарды Наурыз мейрамымен құттықтап: “Елімізден береке, халқымыздың маңдайынан бақ кетпесін! Мемлекеттік тіл деп, ел деп жүрген керемет жандарсыз­дар. Бәріңіз де бақытты болы­ңыз­дар! Жандарыңызды ешқашан мұң баспасын!” деп тілегін жеткізе келіп, халықтың “Екі жирен” әнін орындап берді. Мерекеге жиналған қауымға Президенттік Мәдениет орталығы ұлттық дәстүрлер театрының ан­сам­блі күйден шашу шашты. Осы ұжымның әншілері Гүлмира Сари­на, Перизат Тұрарова және Гүлзира Бөкейханқызы әуелете ән шыр­қады. Наурыз мейрамына орай қонақтарға наурыз көже беріліп, ұлттық тағамдардан дәм ұсынылды.