– Менің отбасым 82-дегі қарт әжеммен, 6 баламен елге оралдық. Үлкен балам мектеп бітіріп келді. Ағылшын тілін жақсы меңгерген. Кішкентай балам енді 3-сыныпқа барады, – дейді Кенжехан Төлеу. Кенжехан Төлеумен бірге, Кәмелхан Амандық, Дәлелхан Қуаныш, Хасым Жанаргүл, Қуанбай Аманбол, Жұпархан Аманбек сияқты отбасыларының әрқайсысы 5-6-дан ұл-қыздарын жетелеп елге жетті. Бізді ауыл мектептерінің балаға толатыны қуантады.
– Бұл көш Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қоры коммерциялық емес АҚ-тың іс-шара жоспарларын жүзеге асыру мақсатында Моңғолияның Қобда, Баян-Өлгий аймақтарынан атамекендеріне келіп жетті. Әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларына байланысты өздігінен көшіп келе алмайтын көп балалы отбасылар қауымдастыққа елге көшіріп алу туралы өтініш білдірген еді. Бар ойлары – алғашқы лекпен көшіп кеткен атамекендегі туыстарына қосылу, ұрпақтарын ата-баба жерінде өсіріп жеткізу, – дейді жергілікті филиал басшысы Болат Зауыт.
Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайындағы Елбасы тапсырмасына сәйкес «Шетелдегі этностық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітіліп, елімізде «Отандастар» қоры КЕАҚ құрылғаны белгілі.
Өңірімізге ағайындар «Отандастар» қоры КЕАҚ демеушілерінің тікелей қаржысы арқылы Болат Зауыт басқаратын облыстық филиалдың ұйымдастыруымен көшіп келді.
Моңғолиядағы ағайындардың елге көшіп келе алмауларының тағы бір себебі, отбасы мүшелерін және отбасының тұрмысқа қажетті қолданыстағы дүние-мүлік, жеке үй жүктерін Алтай өлкесі Ташанта кеден бекеті арқылы шекарадан алып өтуде кедергілер кездесіп, тосқауыл қойылып келген-ді.
– Енді мұндай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін «Отандастар» қоры КЕАҚ басшылары, Омбыдағы еліміздің Консулдығы қызметкерлерінің қолдауымен ағайындарды жүктерімен бірге аман-есен елге жеткіздік, – дейді Болат Зауыт.
Болат Зауыттың айтуынша, 80 адамы бар 13 отбасын өңірге көшіріп әкелген. Көшіп келген әр отбасы тұрмысқа қажетті қолданыстағы дүние мүлік, 800 кило жеке үй жүктерімен жолға шыққан.
Көштің қатарында жасөспірім оқу жасындағы 46 бала, 4 студент, 29 еңбек жасындағы мұғалім, механизатор, ветеринар, дәрігер, басқа да мамандық иелері бар.
Ал Қобда және Баян-Өлгий аймағынан қоныс аударған ағайынды облыс әкімдігі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылығы қарсы алды. Елге оралған қандастарымыздың құрметіне арнап дастарқан жайылды.
Бұған дейін де өңірімізге «Нұрлы көш» бағдарламасы аясында облыс әкімдігі мен «Отандастар» қорының жұмыс барысында 330 адам көшіп келген-ді. Көш жалғасуда. Бос жатқан ауылдарға көш келсе, орта толады.
Енді көшіп келген отбасылар облыс орталығындағы «Оралмандарды уақытша бейімдеу орталығында» бір апта демалады. Осы жерде құқықтық кеңестер алып, құжаттарын ресімдеп, дәрігерлік тексеруден өтеді.
Қауымдастықтың филиалына алдын ала ұсыныстарын білдірген өңірдегі ауылдарға барып шаруа кожалықтарының жұмысымен танысады.
– Ағайындарымыз барып, орнығып тұрғылары келсе Екібастұзға қарайтын Әлкей Марғұлан атындағы ауылға 48 адамы бар 9 отбасы, Павлодар ауданына 2 отбасы, Ақсу қаласының Достық, Ақжол ауылдарына 2 отбасы, қалғандары Тереңкөл, Май аудандарына қоныстанатын болады, дейді Болат Зауыт.
Сөйтіп, елге көшіп келген отбасылары түгелдей биылғы оралмандардың өңірлік квотасына кіріп, мемлекет тарапынан әр адамға 88375 теңге, бір жыл бойы үй жалдап тұратын қаражат беріледі, балалары оқумен толық қамтамасыз етіліп, еңбек жасындағылар жұмысқа орналасады.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтің айтуынша, барлық бейімдеу жұмыстары біткен соң, Тереңкөл, Май аудандары, Екібастұз, Ақсу ауылдық аумағының жергілікті әкімдік өкілдері келіп, қандастарды ауылдарына алып кетеді.
– Ағайындарға ауылдарда үй беріледі. Үйді жалдап тұруына біз 1 жыл бойы жалдау құнын төлейміз. Егер ол үйді сатып аламыз десе, алғашқы жарнасы ретінде сол 1 жылдық жалдау құнын береміз, – дейді басқарма басшысы.
Елге ел қосылса – құт.
Жыл соңына дейін өңірімізге Қытай, Моңғолия, Қарақалпақстан, Ресейден тағы 300 адам келеді деп жоспарланған. Мемлекет тарапынан көшіп келгендердің жол шығыны өтеледі. Бұл жолғы қоныс аударғандардың әрқайсына 88500 теңгеден қаржы бөлінген.
– Ол жақта еш жамандық көрмедік. Бірақ өз еліміздің ортасында болайық, бала-шаға атамекенде өссін деп келдік, – дейді Кенжехан Төлеу.
Павлодар облысы