Жаңғырудың жаңа кезеңінде әлеуметтік саланы жаңғыртудың маңыздылығын ескерген Президент осы саладағы басым бағыттарға мән беру қажеттігін өте орынды айтып өтті. Білім беру сапасы жастар арасында жұмыссыздықтан айқын көрінеді. Соның ішінде білікті педагог кадрлардың тапшылығын жою мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігін Қасым-Жомарт Тоқаев баса айтты.
Жастарды жұмыспен қамтып, оларға әлеуметтік қолдау көрсететін бұл бағдарлама Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оң нәтиже беріп келеді. 2015 жылдан бері 560-тан аса түлегіміз осы бағдарлама бойынша жұмысқа орналасты. Түлектерді жұмыспен қамту үшін жергілікті аудан әкімдіктерімен екі жақты меморандумдар жасап, мәселені болашақта да баса назарда ұстайтын боламыз.
Ел Президенті өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі ЖОО-лардың жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отырғанын айтты. Иә, бұл өте маңызды мәселе. Білім және ғылым министрлігі білім сапасын қамтамасыз ету мақсатында талапкерлер мен студенттердің мүдделерін қорғау үшін бұған дейін де ЖОО-ның қызметіне жоспардан тыс тексерулер жүргізе бастаған еді.
Өткен оқу жылында университетімізді 1348 түлек бітірді. Бүгінгі таңда осы түлектердің 65%-ы жұмыспен қамтылып отыр. Әрине педагогикалық мамандықтар бойынша бітірген түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші техникалық мамандықтармен салыстыруға келмейді. Дегенмен жас педагог мамандарды жұмысқа орналасу көрсеткішін жоғары деңгейге жеткізу мақсатында жұмыла еңбек етуіміз қажет. Бұған 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға өсетіндігі туралы бүгінгі қуанышты хабар да сеп болары анық. Енді «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасы да мақұлданып, бекітілуін күтудеміз.
Нұрлан СЕРҒАЛИЕВ,Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ ректоры