Арқада шертпе күй өнерінің өзіндік мектебін қалыптастырған Қыздарбек күйшінің шәкірті Бегімсал Орынбекұлының қалақ домбырасы Киікті ауылында тұратын Мұратжан Қоңқышевтің қолында сақтаулы.
Жазушы, өлкетанушы Кәмел Жүністегі Арқа күй өнерінің соңғы могикандарының бірі Бегімсал Орынбекұлын өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ішінде алғаш көргенін, сол бір отырыста күйшінің жүз шақты күй тартқанын айтады. «Амал нешік, ол кезде таспаға жазып алатын мүмкіндік болмап еді», деп сан соғады өткенді есіне алып жазушы.
Кейін мөлшермен 10 жылдай уақыттан кейін Бегімсал күйшіні қайта іздеп барған Кәмел Жүністегі шертпе күй шеберінің орындауындағы шамамен 10-ға тарта күйді магнитофон таспасына жазып алғанын және ол мұраның қазір өзінің жеке қорында сақтаулы тұрғанын айтады.
Атақты күйші Әбікен Хасенов Бегімсалдың өнерін айрықша бағалаған екен. Күйшіні өзімен бірге Алматыға алып та кетпек болған көрінеді. Алайда күйбең тірлік етектен тартып, асқан дарын иесі ауылда қалып қойған. Айта кету керек, Қыздарбек, Әбікен Хасенов, Бегімсал, қазақтың классик композиторы Сыдық Мұхамеджанов бәрі бір атаның балалары.
– Күйші әкеміздің балалары Қарағандыға көшіп кетті де, домбыра менің қолымда қалды. Аспапты шебер қолдардың жасағанына дау жоқ, әлі күнге дейін сынын бұзбаған. Ұсақ малдың ішегінен жасалған шектері болатын, қазір ол жоқ, шіріп түсіп қалған, – дейді Мұратжан.
Күйшінің киелі домбырасын көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан Мұратжан Әбдікенұлы ұзақ жылдардан бері темір жол саласында жұмыс істейді. Оның үлкен әкесі Қоңқыш деген кісі Бегімсал күйшімен бір туысады.
Қарағанды облысы,Шет ауданы,Киікті ауылы