Таяуда облыс орталығында «Текті сөздің төресі – терме» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы өтті.
Көптен бері көрініс бермеген қызықты шараны облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Байқаудың шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова ашып, термешілерге сәттілік тіледі.
– Қаны қазақ, жаны қазақ адамның терме тыңдамауы мүмкін емес, сондықтан қазақстандықтардың тілдік мәдениетін жетілдіруге бағытталған осындай шаралар арқылы тағылымға толы тәрбие беретін терме жанрын өңірімізде дамытып, жас термешілерді насихаттамақпыз, – деді Айна Мысырәлімова.
Облыстық байқауға 15 пен 35 жас аралығындағы 14 өнерпаз қатысты. Үміткерлер 2019 жыл Жастар жылы деп жариялануына және Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдық мерейтойына орай тақырыптық бағыттағы шығармаларды орындады.
Астрахан ауданынан келген Ханат Заманай 13-14 жасынан терме мен дәстүрлі ән өнеріне жақын болып өскен екен. Өнерінің өрісін айқын байқатты.
– Жылдан-жылға біздің осы ұлттық өнерге деген құлшынысымыз артып келеді. Қазір іс-шаралар көп ұйымдастырылуда. Терме өнерінің де жанданатынына бек сенімдіміз,– дейді Ханат Заманай.
Байқау соңында қатысушылар Алғыс хатпен және ескерткіш сыйлықтармен марапатталды. Көкшетау қаласының намысын қорғаған Таңнұр Әлбосын бірінші орынды иеленіп, Қызылорда қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды. Екінші орын Целиноград ауданының өкілі Дәурен Ысқаққа бұйырса, үшінші орынды Азамат Қайыров есімді Ақкөл ауданының тумасы қанағат тұтты.
КӨКШЕТАУ