• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Қыркүйек, 2019

Ауыл әйелі іс бастауға құлшынса...

425 рет
көрсетілді

Биыл еліміздің өңірлерінде ауыл әйелдерінің екінші форумы өтіп жатыр. Форумды ұйымдастырушылар – Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Қостанай облыстық әкімдігі, «G-Global» халықаралық хатшылығы, «Жасыл экономика» және «G-Global-ды» дамыту коалициясы», «Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағы» заңды тұлғалар бірлестіктері өкілдері бүгінгі ауыл әйелдері шағын кәсіпкерлікпен айналысуы үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау-көмек, бағдарламалар туралы ақпараттарды түсінікті тілмен жеткізуді, өз ісін ашудың нақты жолдарын түсіндіруді мақсат тұтыпты.

Бұл істі уақыт талап етіп отыр. Ауыл туралы мәліметтер бүгінде еш­кімнің көңілін көтеріп тастай алмайды. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз!» деген Би-ағаның ұлтқа ұран болған сөзінің мәні бұрынғыдан да өзекті бола түскендей. Бірақ әзірге гүлденіп кете қойған ауыл жоқ. Хал­қымыз өсіп-өнген ауылда тұру қазір қа­заққа жұртта қалғанмен бірдей болды, қалаға көтеріле көшу тоқтаған жоқ. Мұндайда ауыл әйелінің иығына түсер жүк жеңілдемесі анық.

– Жыл сайын облыс картасынан бір­неше ауыл сызылып қалады, соңғы бес жылдың өзінде өңірдегі болашағы жоқ деген 50 ауылдың жұрты ғана қалды. Ауыл ұлттық құндылықтардың бесігі, ұлттық сананың уызын емген ұр­пақтың ұясындай еді. Ауыл балалары ана тілін жақсы білуімен, ұлттық тәрбие мен салт-дәстүрлерді бойына сіңіруімен ерекшеленіп тұратын. Жыл басынан бері облыста тіркелген 14 суицид оқиғасының тең жартысы ауылда болған. Елді мекендердің суы тартылған көлдей қусырылуы тек экономикалық, әлеуметтік жағынан ғана емес, ұлттық құндылықтардың, хал­қымыздың салт-дәстүрінің жұтаң­да­нуына да апарады. Солай бола тұ­ра, Қостанай облысында халықтың демографиялық өсімі әлі де ауылда жо­ғары. Ауылды көркейтудің маңызы үлкен әрі онда ауыл әйелдерінің ролі де орасан, – деді облыстағы саясаткер әйелдер клубының төрайымы Римма Бектұрғанова.

Форум мақсаты ауыл әйелдерінің мемлекет тарапынан ай сайын берген аз-мұз көмегіне телмірмей, өз ісі ар­қылы отбасының тұрмысын тү­зеуіне көмек қолын беру болатын. Бұл тек әйелдерді жинап алып, айта бер­генмен жүзеге аспайды, анық жол­дарын көрсету керек. Бұл орайда «Жасыл экономика» және «G-Global-ды» дамыту коалициясы» заңды тұлғалар басқармасы, Президент жанындағы жасыл экономикаға көшу жөніндегі кеңес атқарып отырған жұмыстардың нәтижесі бар. Coca-Cola халықаралық қорынан бүгінге дейін 61 әйелге қайтарымсыз 250 мың дол­лар қаржы берілген. Қарағанды облысында есігінің алдына кішкентай көкөніс егіп бастаған әйел осындай көмекті қайталап алу арқылы жылыжайын екі есе кеңейтіп, қазір еккен өнімін де тонналап ала бастады.

Расында, қазір ауыл әйелі қолынан түк келмей, алақан жайып қана отыра­ды ма? Жоқ. Әйел ышқынса, тау қо­парады. Оның бүгінгі ауылдарда жар­қын мысалы да жоқ емес. Форумда КАС Консалтинг директоры Ирина Сули­менко, Бейімбет Майлин ауданы «Сарыбай» АҚ негізін қалаушы және құрылтайшысы Светлана Ми­хай­личенко, Әулиекөл ауыл шаруа­шылығы колледжінің директоры Аль­мира Жансүгірова, Меңдіғара ауданы Алешин ауылдық округінің әкімі Жанат Байболатова, Сарыкөл ауданындағы «Веселый Подол» қо­ғам­дық қорының төрайымы Айсұлу Күзенбаева, Жітіқара аудандық жас­­тар ресурстық орталығының басшысы Ділдә Хайрат, Қостанай ауданы «Besta» ЖШС директоры Галина Шнайдер өзінің табысты жұ­мысы мен оның тарихы туралы әңгімеледі. Бірақ олардың та­бы­сы ауыл әйелдері тұрмысының жал­пы сипатын бере алмайды. Сон­дықтан «ЖітіқараАстықТрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінің директоры, былтырғы «Ме­нің табысымның тарихы» ат­ты­ бай­қаудың жеңімпазы Гүл­сара Жа­манқұлованың форумда тұсау­ке­се­рін өткізген «Мүкарама ана» ауыл әйелдерін дамыту және қолдау қоры ендігі жерде жұмысты басқаша жүр­гізуге бел байлады. Ол бәз-бая­ғы толып жатқан қорлар секілді қайырым­дылық акциясын өткізіп, ұн-шәй та­ратпайды, ауыл әйелдерін бизнес­ке бағыттауды, оларға түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуді, Гүлсара Мырза­бек­қызының өз сөзімен айтқанда, оятуды ойластырып отыр.

– Ауыл әйелдеріне енді балық бе­ру­ге болмайды, олардың қолына қар­­мақ ұстату керек. Әйелдер іс бас­та­майын демейді, оны білмейді, ақ­параттардан тым шеткері қал­ған. Осы қорды құрар алдында об­лыстың 4 ауданын араладық, ауыл­дағы әйелдермен әңгімелестік. Мем­лекеттік бағдарламалардан, беріліп жатқан түрлі көмектерден хабарсыз. Бизнесті қалай бастау керектігін, ең бастысы затын қалай өткізуді біл­меген соң олардың салы суға кете береді. Мысалы, Бейімбет Майлин ауда­нында сөмке тігетін бір әйелге бұйымдарын әлеуметтік желіге шы­ғаруды сол жерде түсіндіріп едік, кейін өнімі тез өтіп кеткенін хабарлады. Біз оларға осы тұрғыдан көмек қолын созып, оқытамыз, заңдық ке­ңес­тер береміз, мемлекеттік немесе қорлар ұсынып жататын түрлі жобаларды ауыл әйелдеріне жеткіземіз, көрмелер ұйымдастырамыз, – дейді Гүлсара Мырзабекқызы.

«Жасыл экономика» және «G-Global­-ды» дамыту коалициясы»­ заң­ды тұлғалар басқармасының тө­райымы, Президент жанындағы жасыл экономикаға көшу жөніндегі ке­ңес мүшесі Салтанат Рахымбекова биз­неске ұмтылған ауыл әйелдері цифр­ландырудың, «жасыл эконо­миканың» жаңалықтарын қолдана білуге, өркениет ұсынған барлық мүм­кіндіктерді пайдалануға ұмты­лу, ол үшін ең бастысы оларды ақ­парат­тандыру, түсіндіру жұмыстары барынша жүргізілуі қажеттігін айтты.

Облыстағы саясаткер әйелдер клу­бы­ның төрайымы Римма Бектұр­ғанова ауыл әйелдерін кәсіпкерлікке тартуда бұрынғыша таптаурын жолмен жүруді қойып, олардың мүмкіндігімен санасу, зерттеу керектігіне маңыз берді.

– Ауыл әйелдеріне қомақты қаржы ұсы­нып, несие беру ешқандай да нәти­же бермейді. Ал грант ұтып алу олар­ға оңай емес. Грантты ал­ған­ соң, облыс орталығына келіп, оның әл­денеше рет есебін береді, тұсауке­се­рін жасайды. Мұның барлығына бала-шағаға, қорасындағы малына қа­рап отырған әйелдердің қайдан уақыты бола береді? Олар есеп беруге де жүрексінеді. Ауыл әйелдері кәсіп­керлігін шағын жұмыстардан бас­таған дұрыс. Ол үшін шағын әрі қайтарымсыз гранттардың санын көбейту керек. Мысалы, 200 мың теңгеге тігін машинасын алып, онымен ауылдастарының сұранысын орын­­дасын. 500 мың теңгеге бірнеше қап ұн, пеш алсын да, нан жауып сатсын. Осының барлығы қайтарымсыз болуы және оны алу жолдары жеңіл­детілуі тиіс, – дейді Римма Шыңғыс­қызы.

Мұнымен қоса, ауыл әйелдерінің кәсіпкер­лігін дамыту кешенді шеші­мін табуды талап етеді. Мысалы, Қос­танай облысы жағдайында үйдің ірге­сінен басталған егін кәсіпкерлік түгіл, сүтін сауып ішетін бір-екі қара мал ұстауды қиындатып жібергелі қашан? Жайылым мен шөп шауып алатын шабындық алыста, тиімді пайдаланылмайды. Соның салдарынан ауылда мал ұстайтындар, сиыр сауатын әйелдер азайды. Ал ауыл әйелдерінің барлығы бірдей тігінші немесе нау­байшы бола алмасы тағы анық. Ал малдың еті мен сүтіне базарда қашан да сұраныс бар. Бұл ауыл әйелдері көріп отырған қиындықтың бір жағы ғана. Оның сыртында көгілдір отын, ауыз су күткен ауылдар қаншама? Мұндай мәселелердің шешімі табылса, ауыл әйелі де іске құлшынар еді.

 

ҚОСТАНАЙ