• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Қыркүйек, 2019

Тұтыну несиесінің дәурені жүріп тұр

441 рет
көрсетілді

Жақында ranking.kz Қазақстандағы ең ірі банктердің жұмысына шолу жасаған-ды. Сонда айтылған деректерге көз жүгіртсек, несие нарығында тұтыну несиесінің дәурені жүріп тұрғаны байқалады.

Тамыз айында банк сек­­торының экономикаға салған қаражатының жалпы көлемі 13,05 триллион теңгеге жетіпті. Бұл был­тырғы тамыз айындағы көр­сеткіштен бар болғаны 0,8 пайызға артық. Есесіне бөлшек несиелеудегі өсім айтарлықтай жоғары. Же­ке тұлғаларға бе­рілген қарыз­дың көлемі 1 жылда 21,7 пайызға жоғарылап, 6,01 тең­гені құрады. Ал бөл­шек несиелеуде әдеттегідей тұ­тыну­шылардың үлесі мол еке­ні белгілі.

Бұл көрсеткіш 29,1 па­йызға жоғарылап, 3,8 триллион теңгеге жеткен. Еліміздегі ең ірі банк­тердің экономикаға ақша салу­ға емес, тұтынушыларға арқасүйеуі қан­шалықты дұрыс? Бұл туралы эко­номист Жанкелді Шым­шықов:

– Банктердің негізгі жұмысы – ақшаны эконо­микаға салуы керек. Эко­номикаға серпін беру үшін несиенің көп бөлігі бизнеске бағытталуы керек. Биз­нес өркендесе – өнім ұл­ғаяды, экономика дамиды, өсім артады. Онсыз елдің экономикасы көтерілмейді. Банктер қолжетімді несие беру арқылы шағын жә­не орта бизнесті кө­теруге міндетті. Өкінішке қа­рай, біздегі банктер осы мін­детін орындаудың орнына, тұтынушыларға жоғары пайызбен несие берумен айналысады. Қазір бөлшек несиенің үлесі жалпы не­сиенің 45 пайызынан асып түседі. Осы бөлшек несиенің 65 пайыздан астамы қара­пайым тұтынушыларға бе­рілген ақша. Бұл көрсеткіш жыл санап ұлғайып бара жатқанын да назарға алыңыз. Қарапайым тұтынушылар бүгін алған несиесін ер­тең «жеп қояды», одан эконо­ми­каға түк пайда жоқ, – дейді.

Сарапшы атап өткен­дей, ал­дыңғы қатарлы дамыған ел­дер­дегі ұлттық банктердің не­гізгі мақсаты – экономикалық өсім­ді қамтамасыз ету. Ал Қа­зақ­стан­ның Ұлттық бан­кі негізінен инфляцияны ауыздықтап 4-5 пайыздық дәлізде ұстап тұрумен және өзінің қорын ұлғайтумен айналысады.

– Өзінің резервін ұлғайту үшін Ұлттық банк базалық мөл­шерлемені таяуда ғана 9,25 па­йызға көтеру туралы шешім қа­былдағанын білесіз. Екінші деңгейлі банк­тер қаржыны осы мөл­шерлемемен алуға мәж­бүр. Қаржы институттары оған ин­фля­цияның кем дегенде 5 пайы­зы­н, өзі­нің нәпақасы ретінде тағы бірнеше пайыздық үстеме қосса, ақыр соңында мөлшер­леме шарықтап шыға ке­леді. Мұндай пайыздық мөл­шерлемемен несие алған шағын және орта бизнес нысандары өркендемейді, дами алмайды. Ұлттық банк жыл сайы­н резерві ұлғайғанын алға тартады. Ол резервті шетелдік құнды қағазға салса, Ұлттық банкіміз шет­елдің экономикасына ақша салғанмен бірдей болады, – дейді Ж.Шымшықов.

Экономист АҚШ-тың Феде­ралдық резерв жүйесінің базалық мөлшерлемесі 2 пайыздан сәл-ақ асатынын, соның нәтижесінде бұл елдегі қаржы институтта­ры экономикаға өте төмен бағамен ұсынатынын мысалға келтірді. Федералдық резерв жүйесі соңғы 10 жыл ішін­де бұл көрсеткішті біршама тө­мендетіпті.

Жалпы, Қазақстанда өнер­кәсіп пен ауыл шаруашылығын қаржыландыру, оларға төмен пайызбен несие беру деңгейі өте төмен екені бұған дейін де жиі сынға ұшыраған. Қар­жы­­­лық зерттеулердің нәти­же­сіне сүйенсек, отандық екін­ші дең­гейлі банктер бірінші кезекте тұ­тынушылық несие беруге, одан кейін түрлі делдалдық жұмыс­тармен табыс тапқанды артық санайды. Делдалдық жұмыстар дегенде коммуналдық төлемдер, бас­қа да төлем түрлерін айтып отырмыз. Активін ұлғай­туды көздеген банктердің қа­рыз­ды төлем қабілеті төмен аза­мат­тарға біле тұра беруі де жиі кез­десетін құ­былыс. Бұл туралы Ж.Шым­шы­қов:

– Банктердің активтерін се­німсіз жолдармен ұлғайта бе­руге тырысуы да осы тұты­ну­шылық несиенің көбеюіне ық­пал ететін факторлардың бірі. Алайда проблемалық несие көбейген сайын, қаржы институттарының жағдайы нашарлай береді. Үкімет оларға көмектеспесе, «сауықтыру шараларын» жүргізбесе, басына қара бұлт үйіріледі – дейді.

Бұған дейін банктерді са­уықтыру мақсатында Үкі­мет тарапынан қыруар қаржы ауда­рылғаны белгілі. Соның салдарынан банктер «Үкімет далаға тастамайды» деген масылдық психологияға бой алдырды. Эко­номикаға ақша салмай-ақ, тұтыну несиесі ар­қылы да табысқа кенелуге болады деп ойлайтын болды. Сырт көзге жақсы жұмыс істеп жатқан бірнеше банктің соңғы бір-екі жылда жабылып қалғанына осындай жағдайлар да әсер еткен. Тұтынушылық несие алушылардың 30 пайызы төлем қабілетінен айырылған кезде банкке де оңай соқпайды.

Бүгінгі таңда Қазақстан на­рығында кепілсіз тұтыну не­сиесін беретін 19 екінші дең­гейлі банк бар. ranking.kz-тің хабарлауынша, олардың 9-ы несиені жеке тұлғалардан еңбекақысының көлемі және бас­қа да анық­тамаларды талап етпейді. Қаржы инсти­туттарының арасында жыл­дық пайыздық мөлшерлемесі ең төмені – АТФБанк – 17,2 па­йыз. BankRBK екінші орын алса (18,77 пайыз), ForteBank үшінші сатыда тұр (24,6 пайыз). Бұлардың ішіндегі ең көп несие ұсынатыны да АТФБанк – 7 миллион теңгеге дейінгі қаржыны 84 айға береді. Проблемалық несие портфелін жақ­сарту, яғни өтеу мерзімі 90 күн­нен асып кеткен несиелерді азайту қарқыны бойынша да қаржы институттарының көшін АТФБанк бастап тұр.

Бір айта кетерлігі, екінші деңгейлі банктердің табыс көлемі былтырғымен салыстырғанда біршама төмендегені байқалады. ranking.kz-тің хабарлауынша, бұл көрсеткіш 277,5 миллиард теңгені құрап, 24,8 пайызға құлдырап кеткен. Ең ірі 10 банк­тің ішінде табыс көлемін бір жарым есеге арттырған, сөйтіп 16,7 миллиард теңге табыс тапқан ForteBank көш бастап тұр. Бұл банктің жетістігі бірінші к­е­зек­те ForteBank картасын ұс­таушылардың көбеюімен байланысты деуге болады. Он­лайн қызмет көрсету мен мо­бильді қосымша сегментін дамыту, картаны клиенттерге тегін жеткізіп беру қызметі оның табыс сыры деуге негіз бар.

Табыс көлемі бойынша АТФБанк пен Kaspi Bank үздік үш­­тікке енді. Былтыр 17,4 миллиард теңге шығынға ұшыраған, ал биыл 167,7 миллиард теңге қаржыдан айырылған Jýsan Bank тізімнің ең төменгі сатысына жайғасты.