Өрт – тілсіз жау, апат айтып келмейді. Кешіксең – кешірмейді. Сәл тосылсаң, тажал әп-сәтте-ақ айналасын жалмайды. Сондықтан тілсіз жаумен күресетін азаматтың да ерік-жігері мықты, жаужүрек болғаны жөн. Күні кеше Түркістан қаласындағы «Royal Grand» қонақүйінде орын алған оқиғада өрт сөндірушілер осы талаптан табылып, кәсіби шеберліктерінің жоғары екендігін көрсетті.
Бүгінде олардың ерен еңбегі мен ерлігі жоғары бағаланып отыр. Президент Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақшасында «Түркістандағы қонақүйде болған өрттен зардап шеккен ІІМ қызметкерлерінің тез сауығып кетуін тілеймін. Олардың ерен еңбектері мемлекеттік наградаларға лайық», деп жазды.
Алдын ала берілген мәліметтерге сүйенсек, Түркістан қаласында орналасқан «Royal Grand» қонақүйінде орын алған өрт газ цистернасын толтыру кезінде шыққан. Газ таситын көлік жүргізушісі әрі оператор Талғат Зұлфайдаровтың айтуынша, қонақүйдің цистернасы айына бір рет газбен толтырылады. Кінәрат өзі мен көлігінде емес, қонақүй қызметкерінен болғанын айтқан көлік жүргізушісінің пайымдауынша, газ жиналып қалып, асханаға жеткен. Жарылыс салдарынан қонақүй маңындағы үйлердің терезесі қирап, шатырлары ұшқан. Бүлінген нысандардың нақты саны анықталуда. Әсіресе мейманхана іргесінде орналасқан 150 орындық балабақша қызметкерлері қатты шошыған. Жарылыс балалардың барлығы үйлеріне қайтып кеткен соң орын алған.
Шамамен 1400 шаршы метрді шарпыған өрт салдарынан барлығы 11 адам зардап шеккен, 6 өрт сөндіру қызметкері медициналық көмекке жүгінген. Сондай-ақ 3 полиция қызметкері және 2 қала тұрғынына медициналық жәрдем көрсетілген. Орталық қалалық ауруханаға бес зардап шегуші жеткізілген. Оқиға орнында өз міндеттерін мінсіз атқарған төтенше жағдай департаменті қызметкерлері мен полицейлер жедел әрекеттері арқылы қайғылы жағдайға жеткізбеді. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрғали Жүнісов тілсіз жаудың орын алуына газ цистернасының жарылуы себеп болғанын мәлімдеді. Өртті сөндіруге Түркістан облысы ТЖД жеке құрамынан 70 адам және 14 өрт сөндіру техникасы жұмылдырылған.
Өрт кезінде патрульдік полиция батальон командирінің орынбасары, полиция майоры Қанат Рақышев пен Түркістан қалалық төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық қорғау майоры Болат Түйменов адам шығынын болдырмау үшін барлық бөлмелерді тексеріп, өрт шарпыған ғимараттан 4 жасар қызды және Түркияның екі азаматын құтқарған. Өртті ауыздықтау барысында Түркістан облысы ТЖҚ-нің 4 қызметкері жарақаттанып, түрлі дәрежедегі күйіктерімен орталық ауруханаға жатқызылған. Олардың арасында жансақтау бөлімінде жатқан Түркістан облысы ТЖҚ ҚБ бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Бақытжан Абдуғаппаров бар. Осы арада айта кетелік, Б.Абдуғаппаров Арыс қаласындағы жарылыс кезінде де мінсіз қызметімен тұрғындардың алғысына бөленген болатын. Сол кездегі ерлігі мен еңбегі жоғары бағаланған азаматтық қорғау подполковнигі «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Кешегі тілсіз жаумен күресте де Б.Абдуғаппаров алдыңғы шептен табылды.
Өзгелердің қауіпсіздігін бірінші кезекке қойған азаматтардың жағдайын білуге Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Түркістан қалалық ауруханасына барды. Министрлер ауруханада күйік шалып жатқан төтенше жағдай қызметкерлерінің халін сұрап, барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты. Қалалық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Әмірхан Сандыбаевтың айтуынша, Бақытжан Абдуғаппаровтың қазіргі жағдайы орташа дәрежеде. «Оны травматология бөліміне ауыстыру жоспарлануда. Қалған үш өрт сөндіруші де травматология бөлімінде жатыр. Олардың екеуін күйік шалған, ал біреуінің бұғанасы сынған. Қазір олар қажетті ем шараларын алуда. Жағдайлары орташа дәрежеде. Өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ», дейді дәрігер.
«Royal Grand» қонақүйіне қоныстанғандар арасында Түркістан қаласына ғылыми конференцияға келген шетелдік азаматтар да бар. Бүгінде олар өрт кезінде өмірлерін аман алып қалған полиция қызметкерлеріне алғыс айтуда. Түркия азаматтары профессор Хашим Өзудоғру мен оның әріптесі профессор Нұритдин Парылтының айтуынша, өрт шыққанда олар үшінші қабатта болған. Содан кейін отқа оранып жатқан төменгі қабатқа қарай түсуге жүрексініп тұрған сәтте қонақүйде қалған адамдарды іздеген полиция қызметкері байқап қалады. Сөйтіп Түркістан облысы ПД ЖПҚ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция майоры Қанат Рақышев Түркия азаматтарын қауіпсіз жерге дін аман алып шығады.
Қазіргі уақытта осы оқиғаға қатысты Түркістан қалалық полиция басқармасының тергеушілері Қылмыстық кодекстің 292-бабы «Өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалған.
Түркістан облысы